ӘЛЕМ ТАНЫҒАН РЕСПУБЛИКАМ МЕНІҢ

Республикам! Жар сүйер, ана сүйер жүрегіммен сені елжірей, қуана сүйемін, сен менің қан тамырыма, соғар жүрегіме, кең тынысыма ұқсайсың, сен өте қымбатсың! Менің ата-бабам «Республика!» дегенді көрген жоқ. «Республика!» деген сөзді естіген жоқ. Бүгін жарқыраған шам жарығында, республика туы астында отырып сонау өткен бабалар тағдырына көз жіберемін, ойға кетемін. Менің ойым тек қана қиялға негізделген бұдырсыз, дерексіз ойлар емес, ауыр да қатал шындықтан туған өмір қорытындылары.

Республика күні - бұл  күнді сан ғасырлар бойы бабаларымыз аңсап, найзаның ұшымен, білектің күшімен тәуелсіздікке қол жеткізді. Он төрт жылдан кейін қайта оралған мереке  бүгінгі күн барша қазақ елі үшін қуанышты жайт.  
Республика күні – нағыз қазақтың кеудесі қуанышқа толы болатын, халықтың думандатып тойлайтын, мерекелік көңіл-күй орнайтын, сыйлайтын айтулы күн.
…Қызыл бұлттай көрсең қырдың гүлдерін,
Көрсең ашық Алатаудың күндерін,        
Жерінде гүл, көгінде күн бір жүзген
Ұлан-байтақ Республикам бұл менің!
Иә, оқушы кезімізде біз Сырбай Мәуленовтің осы өлеңін жаттап өстік. Мойнымызға Ту түстес галстук тағып, осындай мазмұндағы, патриоттық рухтағы өлеңдерді мәнерлеп жатқа айтушы едік. Сол кезде кеудемізді мақтаныш сезім мен ел мен жерге деген сүйіспеншілік кернеп кететін. Мұрнымызды аспанға көтеріп, «Қазақстан — Республикам менің» деп тақпақтатып тұрушы едік.Ол кезде Республика күніне арнап тәрбие сағаты немесе мерекелік шаралар өткізілетін.    
Әсіресе, сынып жетекшілері мен тарих пәнінің мұғалімдері оқушыларды акт залға жинап, әрқайсымыздың қолымызға өлең жолдары жазылған парақтарды таратып беретін. Біз ұстаздарымыз берген сол парақты жоғалтпай, күні-түні оқып, жаттап жүретінбіз. Бала болған соң кейде өлең оқып тұрып қателесесің немесе бір тармағын ұмытып қаласың. Сондайда бір-бірімізге демеу болып, әлгі өлең оқып тұрған «ұмытшаққа» көмектесіп, қателескен жерін жөндеп жіберетінбіз. Қарап тұрсам, сол кезде қамқорлық, жанашырлық, қайырымдылық деген ұғымдардың шын мәнін түсінбесек те, іштей соған ықылас танытып тұрады екенбіз ғой. Балалық шаққа сағыныш па, сол кезеңде мектептің аурасы ерекше болатын. Ол кезде галстук тағу, сыныпта кезекші болу, кітаптарды түгендеу, сабаққа дайындықсыз келген қатарластарымызға көмектесу біз үшін үлкен міндет, жауапкершілік еді. Меніңше, дәл осындай «дәстүр» қазір мектептерде жоқ сияқты. Бүгінгі күннің оқушылар ерте есейе ме, әлде заман ағысына қарай бәрі өзгерді ме, бір түрлі барлығы өзгеше, бұрынғыдай қамқорлық, жанашырлық жетіспейтін тәрізді… Дегенмен бала кезде сол тәуелсіздіктің аса маңызды құндылық екенін ұғына қойған жоқпыз. Ер жетіп, бой жеткен соң ғана тарих беттерінен тәуелсіздікке ата-бабаларымыздың қанымен, маңдай терімен жеткенімізді, бұл тәтті жеңіс бізге қаншама қиыншылықпен келгенін түсіндік.
Міне, сол ұлы жеңісімізге қол жеткізгенімізге биыл 32 жыл толады. Осы уақыт ішінде талай дамудың жолынан, биік-биік сатыдан өттік. Бүгінде әлем Қазақстан деген мемлекет барын танып үлгерді, болашақта әлі де таныта түсеміз деп сенемін.
 Бұл күн ендігі жерде Ұлттық мереке ретінде тойланады. Бұл күннің осындай дәрежеде елімізде атап өтетіне ерекше қуаныштымын. Еліміздің көркейіп, өркендеуіне Президентіміздің қосқан үлесі орасан зор. Жазық далаға ел жүрегі – Астана қаласын салып, оны әлем жұртына танытты. Тарихымыз шежіреге толы, байлығымыз жер астында, қазақтың байтақ даласын да Менделеев кестесінің 99 элемент орналасқан. Ауыз толтырып айтатындай біздің байлығымызға бүкіл әлем қызығады әрі көз тігеді. Қазір жерімізде ынтымағы жарасқан өзге ұлт өкілдері тұрады. Дүниежүзі елдерімен достығымызды жарасқан, бірлігіміз біте қайнасқан. Құшағымыз қай кезде де айқара ашық,шекара сыртында  шетел асып жүрген өз қандастарымызды да сыртқа теппей, бәрін де жылы қарсы аламыз. Қазақтың кең байтақ  жері қандай кең болса, көңілі де  дархан даланың кеңдігіндей! Өзге елден озық тұсымыз да осы болып тұр.
Қазақстан тәуелсіз мемлекет болып алға шыққаннан кейін өзіміздің Туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымыз бекітілді.Осы қасиетті белгілердің мәнін, Республика мерекесін бүгінгі және болашақ ұрпақ жіті түсініп, бағалай білуі қажет.Бұрынғы тарихты парақтасақ, ұғатынымыз әлі де білетініміз көп-ақ. Әйтсе де, өткен күн тарих болып қалары хақ. Тек соны жас ұрпақ санасына құя біліп, дәріптесек, құба-құп!
Республика күні қайта түлеп, жаңғырып, ұлтымызды ұлықтайтын мерекеге айналғаны көңіл қуантады. Қазір біздің аудан жұртшылығы да өздерінің алға қойған міндет, мақсаттарын абыроймен орындауға қол жеткізіп, биік межені бағындырып отыр. 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT