Әлемдік деңгейдегі мәселе

0 votes

Мемлекет басшысы Қасым-Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан 1 жыл бұрын Жолдауында жаңа экономикалық саясат туралы айтқан болатын. Биылғы Жолдауда да сол саясат екінші рет айқындалуда. Бұдан бөлек аталған құжатта АЭС салу мәселесі қамтылды.

Президент 2021 жылғы Жолдауында 2030 жылға қарай елімізде электр энергиясына тапшылық туындайтынын атап айтты. Ал, биыл, 2024 жылы электр энергиясын тұтыну рекордтық көрсеткішке жеткен.

 

Сондай-ақ бүгінгі күні көрші мемлекеттерден сатып алынып отырған электр қуаты сапасының сын көтермейтіні де баршамызға мәлім.

Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің мәліметінше, әлемде атом энергетикасын дамыту қарастырылуда. АЭС салу бойынша 17 мемлекет қатарында Қазақстан шешім қабылдау сатысында тұрса, тағы 10 мемлекет құрылысын бастамақшы.

«АЭС салудың пайдасы неде?» деген сауалға жауап іздер болсақ, біріншіден, жыл сайын СО2 қалдықтарын шығару алдын алынады. Екіншіден, қоршаған ортаны қорғауға қосатын үлесі айтарлықтай. Мәселен, 1 кг уран (АЭС уранмен қызмет етеді) 100 тонна көмір 60 тонна мұнайға тең энергия шығарады. Осыдан соң ойлап көріңіз, 100 тонна көмір жаққанда қаншама түтін шығып, қоршаған орта ластанады. Соның ішінде мұның зиянын атыраулықтар жақсы біледі деп ойлаймын. Үшіншіден, әлеуметтік жағдай жақсарып, елдің экономикасы дамиды. Төртіншіден, тұрмыстық жағдай, әсіресе, кәсіпорындардың, шағын және орта кәсіптің дамуы электр қуатына байланысты болғандықтан бизнестің дамуына да түрткі болары сөзсіз. Бесіншіден, мамандардың айтуынша, күннің жарығы мен жылуы адам баласына қандай қажет болса, АЭС те еліміздің өркениетті елдер қатарына қосылып, электр жарығына тәуелсіз өмір сүруі үшін аса қажет. Болашақта электр жарығына тапшылық қаупі туындап тұрған жағдайда, АЭС салудан бас тартпауымыз керек. Алтыншыдан, АЭС-тің арқасында ең алдымен тасымалданатын жарықтан құтылып, өзіміздің өнімге қол жеткіземз. Жетіншіден, АЭС құрылысы Қазақстанның атом потенциалын, соның ішінде уранның қорын пайдалануға көмектеседі, ал уран өз елімізде өндіріледі. Сондай-ақ, атом энергиясын экспорттауға, сатуға болады. Атом энергиясын тиімді пайдалану тақырыбында инновациялық жобалар көбейіп, еліміздің халықаралық аренадағы позициясы нығаяды. Тағы бір артықшылығы атом энергиясының қуаттылығы көмір мен газден әлдеқайда жоғары және аз қалдық шығарады. Алынатын энергия да экологиялық ең таза әрі қауіпсіз.

 

Бүгінде АЭС бар елдер дамыған мемлекеттер қатарына жатады. Олар: Франция, АҚШ, Жапония. Ал, аталған станса құрылысы қазіргі кезде Беларусь, Біріккен Араб Әмірліктері, Бангладеш, Түркия елдерінде жүргізілуде. АЭС жұмыс істейтін елдерде ешқашан халық тарапынан шағым болмаған және энергиямен қамтамасыз ету сапалы жолға қойылған.

 

Гүлнар СҮЛЕЙМЕНОВА,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті экономика кафедрасының профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT