Атырауда “ATYRAU JASTAR FEST-2025” жастар онкүндігі аясында өткен “Tungi Run” жүгіру марафоны мәресіне жетті. Шараға 250-ге жуық қала тұрғыны мен қонақтары қатысып, салауатты өмір салтын насихаттады.
Жарыс Жайық жағалауы бойымен өтіп, қатысушылар 3 және 5 шақырымдық қашықтықта бақ сынады. Марафонға кәсіби спортшылармен бірге әуесқой атлеттер де қатысты.
Үш шақырымдық қашықтықта ерекше көзге түсіп, мәре сызығын бірінші болып қаққан – Ұлттық ұлан офицері, капитан Мерхат Садыков. Әскери қызметін спортпен ұштастырып жүрген офицер жарыс барысында жоғары дайындық пен табандылық танытты.
– “Қызмет пен спортты қатар алып жүру – әрбір әскери үшін маңызды. Мұндай марафондар халықпен жақындасуға, жастарға үлгі болуға мүмкіндік береді. Бұл жеңісімді әскери бөлімім мен Ұлттық ұлан сарбаздарына арнаймын”, – деді марафон жеңімпазы Мерхат Садыков.
Айта кетейік, жарыстың жалпы жүлде қоры 600 мың теңгені құрады. Жеңімпаздар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
ҚР Ұлттық ұланы “Батыс” өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі