Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті алдына қойылған «мұнай тербелмесінің» салтанатты ашылуына қатысты, деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.
Мұнай өндірудің символы «мұнай тербелмесі» ұзақ жылдар бойы отандық мұнай-газ саласындағы іргелі кендердің бірі «Ембімұнайгаз» АҚ-да пайдаланылып келген. Енді, міне, салалық университет алдына символ ретінде орнатылды.
Жиында сөз алған аймақ басшысы аталған оқу орынның атқарып жатқан жұмыстарына оң баға беріп, қазіргі уақытта оқу орнына жаңаша талап қойылып отырғанын атап өтті.
- 60 жылдық тарихы бар Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті қазірге дейін өнеркәсіптік салаға қажетті мыңдаған маман даярлады. Бүгінде еліміздегі мұнай-газ саласына қажетті кадрлар әзірлейтін мамандандырылған жоғары оқу орнына жаңаша талап қойылып отыр. Нақтырақ айтқанда, мұнай-газ саласына келіп жатқан жаңа технологиялардың тілін білетін, жаңаша ойлайтын, сондай-ақ, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау міндеті тұр, - деген аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов Мемлекет басшысының халыққа жасаған биылғы жолдауында өңірдегі өнеркәсіптерді заманға сай дамытуға қатысты нақты міндеттерді жүктегеніне де тоқталды.
Бұл ретте облыс әкімі Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Қазақстанның батыс өңірлері мұнай-химия кешендерін салып, жоғары деңгейдегі қайта өңдеу ісінің жаңа өндірістік циклдарын құру үшін инвестиция тартатын орталыққа айналуға тиіс. Бізде осы күнге дейін мұнай химиясы мен газды қайта өңдеу жүйесінің жоқтығы – ақылға қонбайтын қисынсыз нәрсе» деген сөзін мысалға келтірді. Сондай-ақ оқу орны алдынан ашылған символдың мағынасы терең екенін айтты.
- Бұл мұнай тербелмесі арқылы 1992 жылдан бастап шамамен 60 859,5 тонна мұнай өндірілген. Университеттің символы ретінде мұнай тербелмесін таңдау университеттің мұнайлы астана - Атырауда орналасқанын көрсетеді. Қазіргі кезде Атырау - Қазақстанның ірі өнеркәсіптік орталықтарының бірі» деді Махамбет Досмұхамбетов.
Сонымен қатар, Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің негізін қалаған алғашқы ректоры Төлеуіш Серіковтің «Заңғар» атты кітабының тұсаукесер рәсімі де өтті. Кітапқа Төлеуіш Серіковтің өмірінде сыйлас болған, жол сілтеген аға буын өкілдері, қатарлас замандастары, шәкірттерінің естелігі мен фотосуреттері енген. Өз кезегінде, облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов Төлеуіш Серіковтің өнегелі өмір жолы бүгінгі жастарға үлгі екенін атап өтті.