АҚТАУ. KAZINFORM – «Best Fest Nauryz» фестиваліне 6 мыңға жуық адам қатысуға ниет білдірген. Бүгін олар теңіз жағалауына жиналып, «Қазақ ұлттық киімімен ең көп адам жиналысы» аталымы бойынша Гиннесс рекордын орнатты.
Қазақ халқының мәдени мұрасын әлемдік деңгейде насихаттауға облыс бойынша түрлі сала мамандары, этнос өкілдері, жастар мен қариялар да үлес қосты. Сондай-ақ, өзге өңірлердің тұрғындары да арнайы келіп, атсалысты.
— Мен осы шараға қатысу үшін Атырау қаласынан келдім. Егде жастағы қазақ әйелінің ұлттық киімін киіп, жаулығын тартып тұрмын. Өз басым тарихи сәтке куә болып, осы шараға атсалысып жатқаныма өте қуаныштымын, — дейді Атырау қаласының тұрғыны Жақсыгүл Қажбанова.
Шараға қатысушылардың басты мақсаты — қазақ ұлтын әлемге таныту. Ұлттық салт-дәстүрдің қаймағы бұзылмаған аймақ тұрғындары бұл жолы бірлік пен татулықты паш етті.
Рекорд орнату рәсімі Каспий жағалауында өтті. Тіркеуден өткен қатысушылар арнайы жасақталған алаңға жиналып, Ұлыбританиядан келген Гиннесс рекордтар кітабының ресми өкілдері есеп жүргізді. Бірнеше сағатқа созылған санау нәтижесінде, қойылған талаптардың толық орындалғаны расталып, Қазақстанның жаңа әлемдік рекорд иесі атанғанын дәлелдейтін арнайы сертификат табысталды.
— Бүгін қазақ халқы өзінің ұлттық киімін, салтын көрсету үшін Гиннесс кітабына ену мақсатында осы алаңға жиналдық. Мен өте бақыттымын! Қазақ ұлтын әлем танысын! Мен қазақ болғаныма мақтанамын! Қазақстан мәңгі жасасын, — дейді Ақтау қаласының тұрғыны Баян Тілепова.
Наурыз мерекесіне орай Ақтауда теңіз жағалауында 30 киіз үй тігіліп, қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі
Шара барысында ұлттық тағамдар ұсынылып, қазақша күрес, тоғызқұмалақ, асық ату секілді спорттық жарыстар өтті.
Амфитеатр алаңында өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашып, театрландырылған вокалды-хореографиялық қойылым қойды.
Мерекелік бағдарлама елімізге танымал эстрада жұлдыздарының гала-концертімен жалғасты.
Айта кетелік Петропавлда Гиннесс рекордтар кітабына енген әлемдегі ең ұзын көше жаңғыртылмақ.