Мақат үшауысымдық және апатты мектептерден арылды

Өңірде білім беру саласында соңғы кезде іргелі істер мен оң өзгерістердің орын алып жатқаны қуантады. Осы ретте, Мақат ауданында да жарқын жобалар жүзеге асып, батыл бастамалар қолға алынуда, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Жалпы, ауданның бүгінгі білім беру базасы жаңа заман талаптарын орындауға толықтай сай келеді деуге болады. Бүгінде мұнда жиырмадан астам білім беру мекемесі қызмет көрсетеді. Оның ішінде сегіз мемлекеттік және бір жекеменшік балабақша, бір бөбекжай кешені, бір басатуыш және жеті жалпы орта білім беретін мектеп бар. «Индиго» порталында балабақша кезегіне тұрушылар қатары күн санап артуда. Сондықтан Береке мен Ынтымақ ықшамаудандарына тағы екі балабақша салу жоспарда бар көрінеді...

«Үш ауысымнан арылдық»

Мемлекет басшысы биылғы халыққа Жолдауында 1,5 млн баланы ыстық тамақпен қамту жоспарланғанын атап өткен болатын. Бұл ретте, аудан мектептерінде бастауыш сынып оқушылары толықтай және жоғары сыныптың әлеуметтік осал тобы ыстық тағаммен тегін қамтылған. Білім ұяларында 6 мыңнан астам шәкірт тәлім алуда. Сондай-ақ, Доссор кентінде Рысбай Ғабдиев атындағы және Мақат балалар өнер мектептері тағы бар.

 «Төрт мектепке күрделі жөндеу жүргізуге жобалық-сметалық құжаттама жасақталды. Олар – Доссор кентіндегі Ораз Сарғұнанов, Абай Құнанбаев, Бержан Қанатбаев және Мақат кентіндегі Мұса Баймұханов атындағы білім ұялары. Одан басқа, 2021 жылы Доссорда Сабыр Шарипов мектебі, Бәйгетөбеде мектеп-бөбекжай кешені, Латиф Шахатов, Хамза Санбаев атындағы мектептер қайта жаңғыртудан өтті. Атап айтқанда, ережеге сай дәліз, асхана, кітапхана және арнайы кабинеттер қайта жасақталды. Осындай жұмыстар 2022 жылы Б.Қанатбаев, О.Сарғұнанов, 2023 жылы М.Баймұханов, А.Құнанбаев және биыл №2 бастауыш пен №9 мектепте жүргізілуде» дейді аудандық білім бөліміндегі мамандар.

Айрықша атап өтер жайт, ауданда үш ауысымдық және апатты мектептер жоқ. Сәйкесінше, білім беру сапасы да 56,4 пайызды көрсетіп, былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 4,2 пайызға өсіп отыр. Сондай-ақ, бір немесе екі сабақтан қорытынды үштік баға алған оқушылармен арнайы жұмыс жасалады. Әдістемелік кабинет әдіскерлерімен де тығыз байланыс орнатылған. Шәкірттерге шынайы білім беріліп, оның қорытындысы академиялық адалдық жүйесімен бағаланады. Биыл алғаш рет ауыл олимпиадасы өткізіліп, 20 оқушының бесеуі жүлделі орын алған. Сонымен қатар, «Зерде» ғылыми жобалар байқауында да бес жоба облыстық кезеңге жолдама алып, жеті оқушы жүлдегер атанған. Ал, телевизиялық «Дарын» білімділер додасына 9-сыныптан 71 оқушы қатысып, тоғыз пәннен тест тапсырды. Оның 32-сі іріктеуден өтіп, жоғары нәтиже көрсетті.

Өнерлі өрендер ұясы

Бұдан бөлек, балалар-жасөспірімдер дене тәрбиесі даярлық клубы және педагогикалық-психологиялық түзету кабинеті жұмыс жасайды. Ауданда қосымша біліммен қамту 23,6 пайызды, яғни, 4318 оқушыны құрайды. Әсіресе, қайта қалпына келтірілген Мақат балалар өнер мектебінде бірнеше аспап түрінен жаңа бағдарламалар енгізіліп, дарынды жастарға даңғыл жол ашуылуда.

 «Бұл мектеп 2008 жылы аудан әкімінің қаулысымен қайта ашылған болатын. Кейін 2014 жылы мәртебесі жаңарды. Қазір мұнда сегіз мамандық бойынша 407 шәкірт білім алуда. Олар алдымен нота үйреніп, артынша жеке бағдарлама бойынша білімдерін шыңдайды. Сонымен бірге, әр тоқсан сайын техникалық сынақ тапсырып, емтиханнан өтіп тұрады. Осылайша, белгілі бір шығарманы толыққанды меңгеріп шығады» дейді аталған мекеме басшысы Дәулеткерей Мәулекенов.

«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» дейтін болсақ, осынау ұлттық аспапта шеберлікпен шығарма орындау оңай емес. Ал, соны үйрету – қиынның қиыны. Мұны аталған мектепте 35 жыл шәкірт тәрбиелеген сазгер, әрі музыка зерттеушісі Сағидолла Қайрошовтың өзі де жасырмайды.  

– Осы мектепке 1986 жылы жұмысқа қабылдандым. Ал, қазір жеке шығармашылықпен айналысамын. Осы уақыт ішінде «Сарбаздар толғауы», «Қуаныш», «Сағыныш», «Немерем» және басқа да жеке күйлерім дүниеге келді. Жақында жаңадан «Өттің дәурен», «Шаттық мерекесі» деген күй шығардым. Өзімнен тәлім алған шәкірттерімнің алды бүгінде қырықты алқымдаған. Солардың ең жасы саналатын Ерасыл Руслан менің жолымды қуып, ұстаздыққа бет бұрды. «Ұстаздан шәкірт озар» демекші, мен үшін бұдан асқан бақыт жоқ шығар, сірә, - дейді С.Шәмілұлы.

Дипломмен – ауылға!

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында: «Елімізде көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, білімді жастар көп. Біз олардың бойына асыл қасиеттерді сіңіруіміз қажет» деген болатын. Осы ретте, ауданда тоғыз мектеп кітапханамен қамтылған. Олар соңғы екі жылда көркем әдебиетпен және үлкен сұранысқа ие әдеби кітаптармен толыққан. Ал, 2020-2023 жылдар аралығында бес білім беру ұйымына STEM-кабинеттер алынған. Төрт мектеп арнайы даярлық клубы және ІТ-бөлмелермен қамтылған. Жасанды интеллект жоғары деңгейде дамып жатыр. Бұл бағытта виртуалды зертхана жасақталған. Үздік жұмыстар түрлі көрмелерге қойылып, байрақты жүлделерге ие болуда.

Ауданда барлығы мыңнан астам педагог өздеріне тиесілі міндетті абыроймен атқаруда. Білікті мамандарға сұраныс біртіндеп азайып келеді. «Дипломмен ауылға» бағдарламасының қатысушыларына көтерме ақы мен баспана беріледі. Жыл сайын 250-дей ұстаз «Өрлеу» орталығынан біліктілігін арттырады. Айтпақшы, жалған дипломмен 10 педагог анықталған болатын. Олармен тиісті түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, қызметтерінен босатылған. Ал, пара алу дерегі тіркелмеген. Осы орайда, атап өтерлігі, әр мектеп директоры электронды санды қолтаңбаны қатаң құпияда сақатуы керек. Сол кезде порталға бөтен ешкім кіре алмайды.

Түлектерден – тосынсый

Тағы бір атап өтерлігі, ауданда әр жылдары мектеп бітірген түлектер арасында ұрпаққа ұлағат, жастарға үлгі болар игі үрдіс, жақсы дәстүр қалыптасып келеді. Мәселен, жуырда ғана Доссор кентінің бұрынғы В.Белинский, қазіргі Б.Қанатбаев атындағы орта мектептің 2000 жылғы түлектері аудандық жедел жәрдем қызметкерлерін ұлығылап, ұмытылмас шара өткізген болатын. Мақсат – түлектер қозғалысын жандандырып, қатарда жүрген қарапайым еңбек иелерін ынталандыру. Түлектер атынан оларға алғыс хат пен бағалы сыйлықтар тарту етілді. Шара қонағы болған облыстық жедел жәрдем стансасы басшысының орынбасары Дәулетияр Сәрсенғалиев өз мамандарын түлектер атынан марапаттап, ыстық ықыласын жеткізді. Өз кезегінде түлектер Ә.Идиятов, Д.Бисенов, А.Сейтова ұстаздар мен жедел жәрдем қызметкерлеріне алғыс айтып, құшақтарын гүлге толтырды.

– Былтыр дәл осы түлектер сынып жетекшілерінің атында математика пәнінен аудандық олимпиада өткізіп, 9-11 сынып аралығындағы оқушыларға бағалы сыйлықтар (велосипед, смарт-сағат және тағы басқа) табыстаған болатын. Бұдан бөлек, олар қазір мектеп тарихынан сыр шертетін үлкен мұражай жасақтап жатыр. Жақын арада ол да есігін айқара ашады деп күтіп отырмыз, - дейді аталған білім ұясының басшысы Азамат Дәулетқалиев.

...Міне, аудандағы білім беру саласының бүгінгі ахуалы осындай. Қалай десек те, өскелең ұрпақ сапалы білім алуы үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып отыр. Енді тек сабақ үлгерімін жақсартып, жоғары нәтижелерге қол жеткізу керек. Сонда ұстаздардың ұлы мұраты да, Үкіметтің үкілі үміті де ақталады деген сенім бар.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT