Малды да вахталық әдіспен бағуға болмай ма?

Соңғы уақытта ақпарат құралдарында, жарнамалық тақталарда, әлеуметтік желілерде де мал бағатын адам іздеген хабарландырулар жиі көзге шалынатын болды.

Тіпті, аты дардай шаруа қожалықтарының өзіне малшылар тұрақтамайтынды шығарған. Енді олар да отбасылы жандарды, соның ішінде жас отбасыларын іздейтін болды. Алайда, бәріне бірдей ондай малшылар табылып жатқан жоқ. Айналғанда, шаруаның басы-қасында өздері жүруге мәжбүр, болмаса әркімді бір жалдап апарып, қиындықтан шығуға тырысып жүрген жайлары бар. Әркім бір қарағасын малдың да бағымы келісуі қиын, жоғын түгендеу де оңай емес.

Оның үстіне бұрындары мал бағуды үлкен өнер, ерекше кәсіпке санаған бабаларымыз. Оны қазіргі қозыларды күтіп-бағу технологиясын, күтуді, пайдалануды санитариялық-гигиеналық бағалауды, сиырды күтіп-бағу әдістерін, ірі қараны азықтандыру ерекшеліктерімен оларды асылдандыру технологиясын, бордақылау, ешкілерді азықтандыру және күтіп бағу сияқты мал бағу әдістерінен хабарсыз көлденең көкаттының біліп жарымайтыны да бесенеден белгілі. Нәтижесінде, ала құмның ортасында, малдың өрісінде отырып, бие мен түйені айтпағанда, сиыр сауып та жарытпайтын малшы ауылдар пайда болды.

Сонау бір кездері, жетпісінші, сексенінші жылдарда ауылдағы әр үйде болмағанымен көбісінде жандық, яғни қой-ешкі болатын. Сол уақ малды әр үйдің балалары мектептегі сабақтың ыңғайына қарай кезектесіп бағатынбыз. Бұл да, қазіргінің тілімен айтқанда, ауысымдық әдіске келетін. Бүгінде біздің ауылдарда жоқ болғанымен, көршілес Махамбет ауданында, соның ішінде бергі Таңдай ауылы, арғы аудан орталығының өзінде сақталып келе жатқан «қой кезегі» де вахталық әдістің өзі емес пе?.

Өзіміз көре қалған тағы бір жайт, кезінде Чапаев атындағы кеңшардың әйгілі шопаны болған Сақып қарттың қос ұлы Бұқар мен Асқар кейін әкенің ақ таяғын ұстаған малбегілер атанды. Бертін келе үйлі-баранды болды, балалары өсті, орталықтан үйлерін салды. Ол уақытта құм өңірі қазіргідей телефон байланысының, электр энергиясының, спутниктік жүйелердің «қызығын» көре қоймаған. Сол кезде жас отбасылар орталықтағы үйлеріне кезек-кезек келіп, иеліктегі малдарын ауысымдық әдіспен баққанын да көре қалдық. Сөйтіп, шаруаны шашпады, барды үйлестірді олар.

Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде вахталық жұмыс әдісі туралы «Вахталық әдіс жұмыскерлердің тұрақты тұратын жеріне күнделікті қайтып келуі қамтамасыз етіле алмайтын кезде, олардың тұрақты тұрғылықты жерінен тысқары жерде еңбек процесін жүзеге асырудың ерекше нысаны болып табылады» деген анықтама берілген. Ал, жұмыс беруші вахталық әдіспен жұмыс істейтін жұмыскерлерді жұмыс өндірісі объектісінде болған кезеңде тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін тұрғын үймен қамтамасыз етуге және олардың тамақтануын, жұмыс орнына дейін және одан кері жеткізіп салуды ұйымдастыруға, сондай-ақ жұмыстарды орындау және ауысымаралық тынығуы үшін жағдаймен қамтамасыз етуге міндетті делінеді аталған Кодекстің 135-бабында. Вахтаның ұзақтығы күнтiзбелiк он бес күннен аспауға тиістігі, жұмыскердің жазбаша келісімімен вахтаның ұзақтығы ұжымдық, еңбек шарттарына сәйкес күнтiзбелiк отыз күнге дейін ұзартылуы мүмкіндігі, басқа да жағдайлары сол Кодексте көрініс табулы. Әрине, мал ұстаудың ветеринарлық-санитарлық нормаларын сақтау, мал басын бірдейлендіруді қамтамасыз ету, ветеринарлық шараларды өткізуге қажетті жағдай жасау, мал ауырған және қауіп болған жағдайда ветеринарлық инспекторға хабарлау, сондай-ақ, маманның келуіне дейін ауру малды бөлек ұстауды ұйымдастыру, сатып алынған ауыл шаруашылық жануарын сатып алғаннан бастап байқаудан өткізіп, тіркеуін қамтамасыз ету және ветеринарлық-санитарлық шараларды жоспарлау мақсатында сатып алынған малдың саны және түрі туралы ақпаратты беру - мал иесінің міндетіндегі нәрсе.

«Малды бағатын адам оның жайын да білуі керек қой. Ондай жас отбасылары не жекелеген адамдардың табылуы қиын. Бірақ, қазіргі жағдайда оларды бұл мәселеде оқытып-тоқытып алуға да мүмкіндік баршылық сияқты». Бұл біз тілдескен кейбір шаруагерлердің пікірі. Ойлап көрсек, май мен газ жұтып жырақтағы өндірісті орталарда апталап, айлап ауысымдық қызметте жүргеннен, таза ауада, табиғи ет, сүт өнімдерін тұтына жүріп вахталық әдіспен мал бағу тиімді сияқты көрінеді де тұрады. Бұл жерде, жоғарыда айтылғандай жағдайларын жасап, еңбекақыларын да уақытылы беріп тұрса, бұл да бір мүмкін нәрсе. Бұрынғылар да «қалауын тапса, қар жанады» дегенде осындай жағдайларды ескерген болса керек.

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT