Мақтаарал ауданына Атырау облысынан 20 тонна балық пен гуманитарлық көмек келіп жетті.
«Nur Otan» партиясы Атырау қалалық филиалында балықшылар су тасқыны болған өңірге балық жіберу жөнінде шешім қабылдаған болатын. Бүгін құрылтайшысы Мұрат Әмірғалиев болып табылатын «Амангелді» өндірістік кооперативінің балықшылары жіберген қайырымдылық жүгі діттеген жерге жеткізілді. Балық тиелген жүк көліктері орталық қоймаға кіріп, атыраулықтардың аманатын тапсырды.
Сонымен бірге, аталған қоймаға «Транссервис Ақжол» компаниясы атынан азық-түлік пен киім-кешек жеткізілді. Жүк керуенін бастап келген осы компанияның директоры Өтеген Айнабеков атыраулық азаматтар арасында көмектесуге ниеттілер өте көп болғанын айтты.
«Атыраулықтар Мақтааралдағы апатты ауыр қабылдады. Көмектесемін дейтін азаматтар көп. Біз Мақтааралмен біргеміз! Ауылдар қалпына келіп, бұдан былай осы киелі Түркістан өңірінің қуаныштары мол болғай» деді Өтеген Айнабеков.