Марғау бейқамдықтан сан соғумен келеміз. Арыстықтарға Алла жәрдем берсін

Дамыдық, жетілдік, өркендедік деп бөркімізді аспанға атып жүрсек те, «әттеген-ай» жақтарымыздың бар екенін уақыт сыншы көрсетіп бағуда.

Тәуелсіз ел болып, өз қолымыз өз аузымызға жеткеніне ширек ғасырдан асса да, етек-жеңімізді жинақтай алмай жатқанымыз қынжылтады. «Алланың бұйрығынсыз» қурай да сынбайды» десек те, «Сақтансаң, сақтармын» деген сөзді де Алла айтты деген бар.

Арнайы әскери бөлімдегі оқ-дәрі қоймасын қаладан, елді мекеннен алыс, осындай оқыс оқиға болған жағдайда зияны тимейтін қашықтыққа орналастыруға қазақтың ұлан-ғайыр даласы жететін еді ғой....әттең...

Алайда «жігітті көпке мақтама, өткен күнін жоқтаса» деп Нарынның найзағай ақыны Насихат Сүгірұлы айтқандай, өткенге салауат, қалғанының қайыры болсын.

Мен Арыстың барлық тұрғындарын қиын кезде шыдамды, сабырлы, төзімді болуға шақырамын.

Қазақ деген қарқара халық болып жылағанды жұбатуға, қиналғанды қуантуға Алладан тілек етейік, жоғалған дүние мүліктің орны толар-ау, өмірден өткен жандарға бақидың рахатын берсін дегім келеді.

«От пен су – тілсіз жау» екенін бабаларымыз ескертіп кетсе де, марғау бейқамдықтан сан соғумен келе жатқанымыз қынжылтады.

Іс басындағы азаматтар сенген елдің сенімін ақтап, бейбіт өміріміздің шырқы бұзылмағай!

Адайбек Есекеш,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Жанбай ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521