Мектептерге «алақан құрылғысы» орнатылады

 

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Атырау облысына жұмыс сапарымен келіп, өңір жастары, оқытушы-профессорлар құрамы және аймақ басшылығымен кездесті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов қатысты. Басқосудың негізгі мақсаты – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына биылғы Жолдауынан туындайтын міндеттерді түсіндіру.

Мәлік Нұржанұлы сөзінде Жолдаудың саяси-идеологиялық маңызына тоқталды.

– Жолдау – мемлекеттік әрі стратегиялық құжат. Оның өзегі – жасанды интеллект пен цифрлық трансформацияны ел дамуының құралына айналдыру. Бірақ технологиямен бірге оның идеологиясы, этикасы, моральдық қырлары да қатар қаралуы тиіс. Біздің басты мақсатымыз – мемлекетіміздің тәуелсіздігін нығайтып, әділетті Қазақстан құру жолынан айнымау, — деді Президент кеңесшісі.

Ол сондай-ақ жаһандық геосаяси жағдайға тоқталып, Мемлекет басшысының Қытай, АҚШ, Ресейге жасаған сапарлары күрделі кезеңде елдің қауіпсіздігін күшейтуге, мемлекетшілдікті бекемдеуге бағытталғанын атап өтті.

– Бүгінгі негізгі сын-қатерлерге жауап ретінде Президент Қазақстанды үш жыл ішінде толыққанды цифрлық державаға айналдыру мақсатын қойды. Ол үшін әр азамат, әсіресе жастар, Жолдауды мұқият оқып, ондағы міндеттерді түсінуі керек, — деді ол.

Кездесуде Атырау облысы Цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Алмас Көпжанов өңірде жүзеге асырылып жатқан цифрлық жобалар жөнінде баяндады. Оның айтуынша, облыстағы геопортал арқылы мемлекеттік қызметтерді көрсету, әлеуметтік жобаларды жүргізу, инвестициялық картаны қалыптастыру, табиғи монополия субъектілерінің қызметін онлайн форматқа көшіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Мектептерге «алақан құрылғысын» орнату, асханалар мен кітапханаға қолжетімділікті цифрландыру, кабинеттерді камералармен жабдықтап, сабақ сапасын жасанды интеллект көмегімен бақылау – осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі.

С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті базасында ашылған AIHub орталығы туралы хаб жетекшісі Ақмарал Әбдіғалиева ақпарат берді. Ол AI-Sana ұлттық бағдарламасы аясында университет аймақтық тірек жоғары оқу орны ретінде бекітіліп, жасанды интеллект экожүйесін дамытуға үлес қосып келе жатқанын айтты. Университеттің мыңдаған студенті Coursera, Huawei, Astana Hub платформаларында оқудан өтіп, тиісті сертификаттар алған. Бірқатар жобалар республикалық және халықаралық алаңдарда таныстырылып, серіктестер мен демеушілердің қолдауына ие болған.

Университеттің ақпараттық технологиялар факультетінің IV курс студенті Әлия Құсманова да сөз алып, жасанды интеллект бойынша студенттік командалардың жетістіктерімен бөлісті. Ол экологиялық бағыттағы жобамен елордадағы экофестивальге қатысып, Президентпен жүздесу мүмкіндігі туғанын, Назарбаев университетінің зертханаларымен ынтымақтастық орнатылғанын, сондай-ақ банктер қауымдастығы ұйымдастырған финтех-байқауларда Атырау студенттері жүлделі орындар иеленгенін атап өтті.

Кездесу соңында Мәлік Отарбаев жастарды үздіксіз білім алуға, цифрлық дағдыларды меңгеруге және кәсіби жолын таңдағанда ел дамуына қызмет ететін биік мұраттарды басты орынға қоюға шақырды.

– Қай салада жүрсек те, артымызда мемлекет, халқымыздың мүддесі тұрғанын ұмытпауымыз керек. Жасанды интеллект – құрал ғана, ал оны қалай, қандай құндылықтармен қолданатынымыз – өз қолымызда, — деді Президент кеңесшісі.

 

Алмас ҚАБДОЛ

Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT