– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Үкіметтің су тасқыны салдарын жою және зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету үшін атқарып жатқан жұмыстары жөнінде мәлімет берілді.
Премьер-Министрдің орынбасары бүгінде 64 мыңнан астам адам үйлеріне оралғанын айтты. Эвакуациялық пункттерде тұрғындарға қажетті көмек көрсетілуде. Табиғат апаты кезінде жалпы 11 998 тұрғын үйді, 5 359 саяжай құрылысын су басқан. Қанат Бозымбаевтың айтуынша, зардап шеккен өңірлерде 16 715 үй тексеруден өткен.
Оның ішінде 15 464 нысанды бағалау жұмыстары аяқталған. Бағалау нәтижесі бойынша 9 903 үйді жөндеуге болады, ал 6875 үй қалпына келтіруге жарамсыз деп танылды. Жарамсыз үйлердің орнына нарықтан 4 525 үй мен пәтер сатып алу, сондай-ақ типтік жобамен 2 350 үй салу жоспарланып отыр.
Бүгінде нарықтан 1 814 пәтер мен үй сатып алу үшін келісімшарттар жасалған. Зардап шеккен аймақтардағы 841 отбасы бұрынғы бұзылған үйлерінің орнына жаңа баспанаға қоныстанды.
Бүлінген дүние-мүлікке жүргізілген бағалау ісі аяқталғаннан кейін зардап шеккен тұрғындарға ең қажетті заттар сатып алу үшін 150 АЕК-ке дейінгі мөлшерде қосымша өтемақы төленеді (5 489 отбасы 4 миллиард теңге көлемінде өтемақы алды).
Зардап шеккен бизнеске келтірілген залалды өтеу жұмыстары басталды.
Қазіргі уақытта өңірлік комиссиялар шағын және орта бизнес субъектілерінің жалпы сомасы шамамен 377 миллион теңге болатын 34 өтінімін қарап, мақұлдады.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы зардап шеккен тұрғын үйлерді бағалау, техникалық тексеру жүргізу ісін жеделдетуді, сондай-ақ оларды салу мерзімі мен құрылыс сапасын бақылауға алуды тапсырды.