Мемлекет басшысы: «Шенеунік» деген сөз жағымсыз ұғымға айналып барады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың І отырысында кадр саясаты туралы айтты.

Ол кадрларды жұмыстан шығару туралы пікір білдірді.

«Қоғамда қызу талқыланып жатқан тағы бір мәселеге тоқталсам. Бұл - кадр саясаты. Әділетті Қазақстанды құру кадрлардың орнын ауыстыра беру деген сөз емес. Өз ісін жетік білетін кәсіби мамандар, отаншыл азаматтар қашан да бағалы. Мемлекеттік қызметшілерге қандай да бір кланның мүшесі ретінде қарауға болмайды. Әрине, олардың құрамын жаңартып отырған дұрыс. Бірақ, мұны терең ойланып, байыппен жасау қажет. Кадрларды жаппай жұмыстан шығару жақсылыққа апармайды. Әлеуметтік желіде «ескі кадрмен Жаңа Қазақстанды қалай құруға болады?» дейтіндер бар. Бұл - орынды сұрақ. Бірақ кадрларды біртіндеп ауыстыру керек», - деді Мемлекет басшысы.

Президенттің сөзінше, мемлекеттік қызметшілерді «халық жаулары» секілді көретіндер бар.

«Жалпы, мемлекеттік қызметшілерді қолынан түк келмейді деп кемсітуді доғару керек. Тіпті, оларды «халық жаулары» сияқты көретіндер де бар. «Шенеунік» деген сөз жағымсыз ұғымға айналып барады. Бұл дұрыс емес. Мемлекеттік қызметте адал әрі білікті кадрлар өте көп. Олар Отанымыздың игілігі жолында тынбай еңбек етіп жүр. Бірақ, өкінішке қарай, «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген де бар. Ондай адамдармен біз бірден қоштасып жатырмыз. Болашақта да солай болады», - деді Президент.

Atpress.kz

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521