Мемлекет қызметшісі мінсіз болуы керек

Атырау облысындағы барлық мемлекеттік органдар мемлекеттік қызметшілерге қолданылған тәртіптік жазалар туралы есепті тоқсан сайын Департаментке ұсынуға міндетті.

Мәліметтерге сүйенсек, осы жылдың 9 айында Атырау облысындағы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге 449 тәртіптік жаза қолданылған (оның ішінде орталық мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелері – 209, жергілікті атқарушы органдар – 240). Ал, өткен жылдың 9 айында бұл көрсеткіш 500-ді құрады. Нақтырақ тоқталатын болсақ, 2019 жылдың 9 айында мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жазалардың келесідей түрлері: ескерту – 309, сөгіс – 106, қатаң сөгіс – 19, қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту – 15 рет қолданылған. Оның ішінде басшы мемлекеттік лауазым атқаратын тұлғалар саны – 144, басшы емес мемлекеттік лауазым атқаратын тұлғалар саны – 305. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік терiс қылық жасағаны, қызметтік әдеп нормаларын және өзге де заң нормаларын бұзғаны үшін тәртіптік жазалар қолданылғандығын атап өткен жөн.

Мемлекеттік органдар қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану барысында Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №152 Жарлығымен бекітілген «Мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларын» басшылыққа алуы тиіс. Алайда, Департаментпен жүргізілген талдау нәтижесінде Атырау облысындағы кейбір мемлекеттік органдармен жоғарыда аталған қағида талаптарының сақталмайтындығы анықталып отыр. Бұндай кемшіліктер мемлекеттік орган басшыларының тарапынан ведомстволық бақылаудың әлсіздігінен, тәртіптік комиссия мүшелері және мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің өз міндеттері мен құқықтарын жетік білмеуінен орын алған деп пайымдауға болады. Бұл құқық бұзушылықтар өз кезегінде мемлекеттік әкімшілік қызметшінің құқықтарына нұқсан келтіріп, тәртіптік жаза қолдану туралы уәкілетті тұлға актісінің, яғни тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықтың күшін жоюға әкеліп соғады.

Қорыта айтар болсақ, қазіргі таңда мемлекеттік қызметшілерге қоғам тарапынан үлкен сенім білдірілуде және оларға қойылатын талап күннен күнге артып келеді. Себебі, мемлекеттік қызметшінің мінсіз болуы мемлекеттік қызметтің, еліміздің дамуының бір көрсеткіші. Сондықтан, мемлекеттік қызметшілеріне мейлінше ұқыпты болған дұрысырақ.

Гүлшат НАУБАЕВА,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің бас маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521