Мемлекеттік қызмет – қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді байланысты қамтамасыз ететін маңызды институт. Сондықтан бұл саладағы кадрлық саясат кәсібилікке, әділдікке және ашықтыққа негізделуі тиіс.
Мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігі ең алдымен адами капиталдың сапасына тікелей байланысты. Аталған қағидаттарды іске асырудың тиімді тетігі – бәсекелестік ортадағы конкурстық іріктеу екені сөзсіз. Алайда қолданыстағы заңнамада мемлекеттік қызметке конкурстан тыс тағайындау мүмкіндігі де көзделген. Бұл норма мемлекеттік органдардың үздіксіз жұмысын, сондай-ақ кадрлық ұтқырлықты қамтамасыз ету мақсатында енгізілген және оның қолданылу тәртібі мен шектері Заңмен регламенттелген.
Бүгінгі таңда Республика бойынша 91 мыңға жуық мемлекеттік қызметшінің штат бірлігі қарастырылса, соның ішінде Атырау облысында үш мыңға жуық мемлекеттік қызметші қызмет атқарады. Бұл көрсеткіш өңірлік деңгейде кадрлық тұрақтылықты сақтау мен басқарушылық шешімдердің уақтылы қабылдануының маңыздылығын айқындайды. Қазіргі уақытта Атырау облысында 253 мемлекеттік орган қызмет етеді.
Инфографика 01.01.2026 ж. жағдайы бойынша:
Мемлекеттік қызметшілердің жалпы штат саны – 3002 бірлік,
жергілікті атқарушы органдарда – 1506 бірлік,
аумақтық мемлекеттік органдарда – 1496 бірлік,
Нақты жұмыс істеп жүрген мемлекеттік қызметшілер саны – 2777 адам.
Өткен 2025 жылдың қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдарда 7,5 пайыз бос орын тіркелген. Бұл жағдай кадрлық процестерді жедел әрі тиімді басқарудың, сондай-ақ баламалы заңды тетіктерді қолданудың өзектілігін көрсетеді.
Конкурстан тыс тағайындау: заңды әрі қажетті тетік
Қолданыстағы Заңға сәйкес, Президенттік жастар кадр резерві, Өңірлік кадр резерві мүшелерін мемлекеттік лауазымдарға тікелей тағайындау мүмкіндігі қарастырылған. Сондай-ақ, мемлекеттік органдардың басшысы лауазымдарына, аудандық деңгейдегі және ауылдық округтердің төменгі лауазымдарына азаматтарды конкурстан тыс тағайындау мүмкіндіктері де бар.
Бұл тетіктің негізгі мақсаты – басқа сектордан таланатты азаматтарды тарту, кадрлық шешімдерді уақытылы қабылдау және мемлекеттік орган қызметінің икемділігін қамтамасыз ету. Әсіресе аудандық және ауылдық деңгейдегі мемлекеттік органдар үшін мұндай механизмнің маңызы зор.
Айта кету керек, конкурстан тыс тағайындау кезінде де кандидаттарға қойылатын біліктілік талаптары толық көлемде сақталады. Қызметке тағайындалатын тұлғаның білімі, еңбек өтілі, кәсіби құзыреті мен іскерлік қасиеттері шешуші рөл атқарады.
Конкурстан тыс тағайындау меритократия қағидатына қайшы келмейді. Керісінше, бұл тетік өз ісінде жоғары нәтижелерге қол жеткізген, жауапкершілігі мен кәсіби әлеуеті дәлелденген тұлғалардың мансаптық өсуіне мүмкіндік береді.
Атап айтқанда, мемлекеттік қызметші осы мемлекеттік органда кемінде соңғы екі жыл төмен тұрған санаттағы лауазымды атқарған жағдайда, сондай-ақ қызметін бағалау қорытындыларымен қатарынан төрт тоқсан бойы «функционалдық міндеттерді тиімді орындайды» нәтижелері болған кезде сол мемлекеттік органда жоғары санаттағы лауазымға тағайындалуы мүмкін.
Аталған тетік арқылы 2025 жылы жергілікті атқарушы органдарда қызмет ететін 30 мемлекеттік қызметші жоғары лауазымдарға көтерілді.
Конкурстан тыс тағайындау тетігі білікті жастарды мемлекеттік қызметке тартуға да оң ықпал етуде. Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жоғары оқу орындарын үздік көрсеткішпен аяқтаған түлектер бір жыл ішінде аудандық және ауылдық округтердегі төменгі бос лауазымдарға тікелей тағайындала алады.
Жаңашылдық енгізілген 2023 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін өңірімізде 24 жас түлек аудандық әкімдіктерге және ауылдық округтерге тағайындалды. Олардың қатарында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің және басқа да жетекші жоғары оқу орындарының түлектері бар.
Бұл – өңірдегі кадр тапшылығын азайтуға, мемлекеттік басқару жүйесіне жаңа көзқарас пен тың серпін енгізуге бағытталған нақты әрі нәтижелі қадам.
Барлық конкурстан тыс тағайындаулар уәкілетті органның келісімі негізінде жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі және оның аумақтық департаменттері Заң талаптарының сақталуына тұрақты мониторинг жүргізеді. Заңнаманы бұза отырып қабылданған кадрлық шешімдерге жол берілмейді және мұндай жағдайлар тиісті жауапкершілікке әкеп соғады.
Мемлекеттік қызметке іріктеудің ашықтығы мен әділдігі – қоғам сенімінің басты кепілі. Осы орайда конкурстан тыс тағайындау тетігі тек Заңда белгіленген шеңберде, нақты негіздер болған жағдайда және жариялылық қағидатын сақтай отырып қолданылуы тиіс.
Нұрлан Еркебаев
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша
департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы
Нұрлан Еркебаев
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша
департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы


