МЕН БҮГІН ӘКЕМДІ ОЙЛАП ТОЛҒАНАМЫН

 

Әкем Ұлы Отан соғысының ардагері Әміров Шора Әмірұлы 1921 жылы 23 ақпанда өмірге келген. Оның ата-анасы Әмір-Батиха екеуі Гурьевке көшіп келген. Ол кісінің Шора, Жәңгір, Хансұлтан есімді ұлдары Гурьевтегі Жамбыл мектебінде оқыған.

Шаңырақтың үлкені Шора мектепте жақсы оқып, пионер, комсомол жұмыстарына белсене араласқан. Жасынан өлең жазып, үйірмелерге қатысып, ән-музыка кештерін ұйымдастырған екен. Өзі скрипкада, домбырада шебер ойнап, кластас достарын да аспаптарда ойнауға үйреткен екен. Мектепті жақсы аяқтаған Шораны білім ордасы өзіне мұғалімдік жұмысқа алып қалған дейді.

Шора 1941 жылдың сәуірінде кеңес армиясы қатарына шақырылады. Сөйтіп, ол Украинаның Житомир қаласынан бір-ақ шыққан. Алайда әкеміз екі айдан соң соғыс басталатынын білмеген де еді. Әкеміздің майдан жолы міне, осылай басталған болатын.

Жауынгер Шора Әміров Житомир, Киев, Харьков, Курск, Смоленск, Калинин, Ленинград түбіндегі шайқастарға қатысып, Белоруссия, Прибалтика жерінде де болып, қанды шайқастарды көзімен көрді. Ол тоғыз жолдың торабы болған, стратегиялық маңызы зор Рославль, Смоленск түбінде болған сұрапыл шайқастарды да бастан кешті.

«1941 жылдың ақпаны. Аспан түссіз, бұлыңғыр. Айнала қалың қар. Немістер шабуыл бастады» деп еске алатын. Осы майдандағы операцияға қатысқаны үшін әкемді «Қызыл жұлдыз» орденіне ұсынған екен.

«1943 жылдың желтоқсан айы. Городок қаласы үшін сұрапыл шайқас. Жау 60 км-ге кері шегінді. 24 желтоқсанда қала жаудан азат етілді...

...1944 жыл. І Прибалтика майданы. Осы жерде операцияға әзірлік кезінде жаудың минасы жарылып, гвардия аға сержанты Шора Әміров ауыр жарақат алады. Әкемізге 12068, 5935 әскери госпитальдарында сол жақ жамбасына бірнеше рет ота жасалған. Сөйтіп, нақ соғыс аяқталар тұста Ұлы Отан соғысының ІІ топтағы мүгедегі болып, Шора Әміров елге оралады.

Әкем ауылға оралған соң мүгедектігіне қарамастан аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі бастығының орынбасары, жерге орналастырушы-инженер болып, жұмыс істеген. Ол кісінің басты арманы –соғыстың кесірінен қол үзген оқуын жалғастыру, мамандық алу еді. Жасы 40-қа таяған шақта әкем Жамбыл гидромелиорация- құрылыс институтының күндізгі бөліміне оқуға түседі. Міне, осылай институтты 42 жасында ойдағыдай аяқтап, елге оралды.

Шора Әміров Төменгі Жайық суландыру жүйесі басқармасында бас инженер, басқарма басшысы болып, табаны күректей 20 жыл абыройлы қызмет етті. Махам¬бет, Балықшы, Новобогат, Индер, Теңіз аудандарының су жүйелерін іске қосу, оны жөндеу, суландыру жүйесін тәртіпке келтіруде білгір де тәжірибелі су маманы ретінде оған сүбелі үлес қосты. Әкем су айдау процесіне техникалық жаңалықтар енгізді. Барлық суландыру жүйесі жүзбелі насос станцияларына көшірілді. Ал станциялар жоғары кернеудегі электр қуатымен жұмыс істейтін болды. Ірі жүзбелі, электрленген қуатты станциялар қызмет істеуге көшті.

Ұлы Отан соғысы ардагері Шора Әміров майданда төрт рет аяқ-қол, жамбастан жарақат алған. Бірақ ол кісі талайдың өмірін жалмаған, қанқасап шайқас алаңынан тірі қалып, елге аман-есен оралды. Әкем бұл соғыстан ағайын-тумасынан, 1944 жылы Смоленск түбінде әкесінен, сүйікті кенже інісі Хансұлтаннан 1945 жылдың 19 наурызында Венгрия-Будапешт түбінде айырылды. Ұлы Отан соғысының ардагері Шора Әміров сұм соғыстың бірінші күнінен бастап Отан үшін кеудесін оққа тосқан жандардың бірі. Әкем бейбіт өмірде сый-құрметке, ел абыройына бөленген адам. Ауылдастары оны қамқор, білімді, саналы азамат, беделді басшы ретінде жақсы таниды. Шора Әміров жан жары Рапиха екеуі 3 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсірді. Бар баласын оқытып, білімді, саналы азамат етіп, қатарға қосты. Олардан 13 немере сүйді.

Әкем майдандағы ерлігі үшін І, ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз» ордендерін кеудесіне тақты. Сонымен қатар 16 медаль, 20-дан астам Алғыс, Құрмет грамоталарымен марапатталған. Абзал азаматтың бейнесі махамбеттіктер жадында мәңгі сақталады. Әкем Шора Әміров үнемі жастармен кездесіп, оларға ерлік, елжандылық, ұлтжандылық, патриоттық тәрбие беруде сүбелі үлес қосты. Қашанда жаны жайсаң, ел-жұрттың қамын ғана ойлайтын абзал жан еді. Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласатын.

Ол сол кезде аудандағы 930 адамды қамтитын мүгедектер қоғамының төрағасы болды. Әр мүгедектің мұң-мұқтажын, тұрмыс-тіршілігін, қайғы-қасіретін жақсы білетін, оны жан жүрегімен сезінетін. Қолдан келген көмегін аямай, оларды барынша қамқорлайтын. Елге қамқор, үлгілі еңбегі бағаланып, облыстық мүгедектер қоғамының Құрмет грамотасымен марапатталған. Сонымен қатар әкеміз интернационалист те еді. Өзімен бірге қызмет еткен венгр жігіт Лазак, татар Хусниденов, корей Ли, Юн, неміс Розенов, орыс азаматтары М.Тарабрин, П.Болдыров, т.б. «Шәкеңнің шәкіртіміз» деп мақтанышпен еске алады. Әкеміз туралы газет-журналдарда мақалалар жарық көрді, кітаптар шықты. Махамбет ауылының Құрметті азаматы Дүйсенғали Төленов ағамыз да әкем туралы естелік кітап жазып қалдырды.

Биыл әкеміз аңсай күткен Жеңіске-80 жыл. Осы бейбіт заман үшін майдангерлер қанқасап шайқастарда бастарын қауіп-қатерге тігіп, бейбіт өмір үшін қаншама адам жандарын қиды. Аталарымыздың ерлік істері ешқашан ұмытылмайды. Ерлік көрсету тек барша әкелерге тән қасиет деп ойлаймыз. Енді сол ата-әкелеріміз сыйлап кет¬кен тыныштықтың, бейбітшіліктің, Жеңістің 80-ші жазын қарсы алмақпыз.

 

Жанна АМИРОВА,

майдангердің қызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT