Үш күн қалды. Ең алғашқы ҰБТ басқа облыстарда болып жатты. Ол сұрақтардың шет жағасы әлеуметтік желілерде желдей есіп, бірден тарады.
Аса бір ұйымшылдықпен ұйымдасқан оқушылар желілердегі тестті барлық жерге таратты. Ең қызығы, ол сұрақтар тіптен бұрынғы сұраққа ұқсамайды, өте күрделі, өзгеше.
ҰБТ болатын күн. Барлық қалам, қарындаштарымды дайындап, таңғы сағат 3-те жатқаннан 5-те тұрып, мектебімізге бардым. Жанарларында бұрынғыдай алаңсыз бейнелері жоқ құрдастарымның бәрі сырттай күліп тұрғанымен, іштерінен қалай алаңдаулы екенін аңдамау әсте мүмкін емес еді.
Сағат 7-де мектептен жүріп кеттік. Аудан орталығына жетіп, ҰБТ болатын мектептің алдына түскенде, ең алдымен көзіме форма киген полиция қызметкерлері ілікті. Тіпті, өзгеше көңіл-күй, белді бекем буып, жетінші аудиторияға қарай көтерілдім. Аудитория алды анталаған оқушылар, қулығын асырғысы келгендер де баршылық, бірақ олардың айы оңынан туа қоймағаны анық. Аудитория кезекшісі есімімді атап шақырды, бисмиллахиымды айтып, кабинетке қарай құдды соғыс алаңына беттегендей кірдім. Кезекші 20-шы орынды көрсетті. Орныма барсам, бірінші партаның төртінші бойы, жиырмасыншы нөмір. Бұл менің туған жылыммен, айы, күнімен дәлме-дәл келіп тұрғанын қарамайсың ба?! Бұны жақсылыққа жорыдым. Кітапшалар таратылып, парақшаларға белгілеу басталды. Кітапшаны ашып қарадым, бірнеше сұрақты белгілегенімде жарты сағаттың өтіп кеткенін байқамай да қалыппын. Жүрегім аузыма тығылды, не істерімді білмедім. Ішімнен «бұның болмайды, өз-өзіңе кел» дегенді қайталаумен болдым, осылайша сынақты да бітірдім.
Аудиториядан шыққанымда мектеп алдында тұрған ұстаздар мен ата-аналарды көріп күліп жібердім. Олардың барлығы менің атымды айтып қол соғып тұрғанда ерекше қолдау мен ыстық ықыласты байқадым. Ішімнен «болды, енді, қорқыныш пен уайым болмайды» деп, арқамнан ауыр жүк түскенін сезіндім. Қиындықты жеңе білгеніме, төзімділік пен сабырлылық тапқаныма соншалықты қуанышты да едім...
Рысжан БИСЕНОВА,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті журналистика мамандығының 1-курс студенті