Менингококк – балаға үйір

Дүниежүзілік денсаулық сақтау комитетінің мәліметі бойынша әлемде менингококк инфекциясымен аурушылықтың өсушілік деңгейі байқалып отыр.

Күні бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысынан, Алматы қаласынан менингококк инфекциясының 29 жағдайы тіркелген. Осыған байланысты менингококк инфекциясымен аурушылықтың эпидемиологиялық көтерілу деңгейінің өсуі болжануда. Менингит – өте қатерлі ми ауруы. Көп жағдайда балалар ауырады. Аурудың бактериясы жөтел кезінде және ауа арқылы жұғуы мүмкін. Мәселен, мұрынға түскен бактерия жұлынға өтіп, қан айналымына енеді де, қоздырғыш өзге де бактерияларды күшейтеді. Ал оны жұқтырған адамның өзі де ауру таратушы болады.

Ауру қалай пайда болады?

Менингит – адам көп шоғырланатын жерде еркін дамып, ауаға тарайды. Ол ауа-мен тыныстаған адамның міндетті түрде қоздырғыш бактерияны жұқтырып алатыны белгілі. Адам көп жерде жұқпалы ауру ошағы болады. Сондықтан, гигиеналық талап орындалмаған жерде аталған ауру қоздырғышын жұқтырып алу да қиын емес. Мәселен, қоғамдық тамақтану орындары, монша, жүзу бассейндері мен су қоймалары, көлшіктер бұл ауруға «жағымды» орта қалыптастыра алады. Сөйтіп, ауру ошағы пайда болады.

Белгілері қандай?

Ауру басталғанда науқастың дене қызуы көтеріледі, басы ауырады, құсады. Ал бір жасқа дейінгі балалардың іші өтуі де мүмкін. Былай қарағанда, бұл белгілері тұмауға ұқсайды. Сондықтан, көп адам ауруды асқындырып алып жатады. Үйде, өзіндік жолмен емделеді, тәуіпке барады немесе мүлдем басқа дәрілік препараттарды қабылдайды. Тағы бір жайт бар. Ауру балаларға үйір келеді. Себебі олардың иммундық жүйесі толығымен қалыптаспаған. Сондықтан қоздырғыштар бала ағзасына тез жұғады. Жоғарыда айтылғандай, ауруды бірден анықтау мүмкін емес. Жасырын түрде өрбитін ауруды кей ата-аналар баласының тіс жаруымен байланыстырып жатады. Баланың құсуы мен мазасыздануы, үнемі жылай беруі тіс жарған кездегі белгілерге ұқсағанымен, олай болмауы да мүмкін. Көп ата-ана осы уақытты өткізіп алып, бармақ шайнап қалатын кездер аз емес. Ал емделу уақыты өтіп кеткен баланы аурудан айықтыру оңай шаруа емес. Көп жағдайда бала өліп кетеді. Ал кейде ми жасушалары қатты зақымданып, ақыл-есі дұрыс дамымай қалады. Ауру дер кезінде анықталып, тиісті ем жасалса, айығып кету мүмкіндігі 100 пайыз. Осы жағдайға байланысты қазіргі кезеңде облыс, аудан тұрғындарының Алматы қаласымен байланыс жақсы екенін ескеріп, менингококк инфекциясының таралмауы мақсатында алдын алу шараларын жүзеге асыруымыз керек. Адамдардың көп шоғырланатын жерлерде, жабық мекемелерде түрлі спорттық, мәдени шараларды өткізуді шектеу керек. Сондай-ақ, жүзу бассейндеріне шомылу, мешіттерде намаз оқитын уақыттарда бет перде тағу, жеке бас гигиенасын сақтау қажет. Алыс жақын шетелдерге іссапарға шыққан адамдарды менингитке қарсы егілгені туралы анықтауымыз керек. Осыған орай аудандық ҚДС басқармасы мен аудандық орталық аурухананың бірлескен іс-шара жоспары бекітіліп, ұйымдасқан ұжымдарда дәрістер оқылып, медицина қызметкерлері арасында семинарлар өткізілуде. Алғашқы медициналық көмек көрсету, ұйымдасқан балалар мекемелерінде фильтрлердің болуы, қызулағандарды оқшаулау, менингит инфекциясына күдіктілерді ЛОР дәрігеріне көрсету, бактериологиялық зертханаға 3-7 күн аралықта 2 реттен кем емес материал алу, сырқатпен қарым-қатыста болғандарды 10 күн медициналық бақылауға алу, олардың ішінде инфекция таратушылар анықталған жағдайда, ауруды үйде оқшаулап, дереу 103- ке хабарлап, емдеу жұмыстарын жеделдету. Емдеу мекемелерінің медицина қызметкерлері таңертеңгі сағат 8.00-ден бастап, кешкі 20.00-ге дейін жұмыс жасайды. Өзіңіз немесе балаңыз сырқаттана қалса, дереу дәрігерге қаралуды естен шығармаңыз.Өз денсаулықтарыңыз өз қолдарыңызда екенін ұмытпаныздар.

Айба УЛДАНОВА,

аудандық ҚДС басқармасының жетекші маманы

Атырау облысы бойынша call centеr-дің телефон нөмірлері: 8 7122 980-292, whatsapp 8 778 007 20 21

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521