Өмір болғасын дау-жанжал болмай тұрады

Мына заманда адамдар бір-бірімен дау-ласпаса, жаулас-паса, соттаспаса, бір-бірінен құн дауламаса жүре алмайтын болғандай.

Өйткені, қай жағыңа қарасаң да, арызын жазып, адвокат жалдап жатқан жұртты көреміз. Қазір алимент өндіре алмай жүрген аналар, берген қарызын қайтара алмай, еңбекақысын ала алмай жүрген адам көп. Елімізде соңғы кездері осындай даулы мәселелерді ымыраластырумен айналысатын жаңа институт дамып жатыр. Ол – медиация. Жақында аудандық әкімдікте медиация күніне орай өткізілген басқосу көптеген келелі мәселелерге анықтама берді. Аудандық соттың судьясы Е.Абдраманов, ауданымыздағы кәсіби емес медиаторлар А.Мұханбетов, Г.Қабылова, А.Ахметжанова және аудандық ішкі саясат бөлімі, әділет басқармасының мамандары шараға арнайы шақырылған бұқаралық ақпарат құралдары мен жастар өкілдеріне медиацияның маңызын, мәнін, мақсатын тереңірек түсіндірді.

Мәселен, мемлекеттік қызмет ардагері А.Мұханбетов адамдардың өмір болғасын бір-бірінен қарызға ақша алып, оны қайтара алмау кезіндегі және ұрлық, алаяқтық деген сияқты сипаты ауыр емес қылмыстар кезіндегі екі тараптың өзара дауын медиатордың көмегімен ың-шыңсыз, істі насырға шаптырмай шешуге болатынын айтты. – Еліміздегі сот жүйесінің қазіргі кезде көздеп отырғаны да сол, адамдарды бір-бірімен медиаторлардың көмегімен ымыраластыра отырып, екі жақ үшін де тиімді жол табу, - деді. Ал, Г.Қабылова болса ұрыс-керіс, жанжалдар, тіпті жастардың бір-бірімен ажырасуы кезінде медиаторлардың көптеген көмек бере алатынын айтты. - Өйткені, отбасы қызығы бәрінен де қымбат. Бір сәттік шиеленіс кезінде ашуға бой алдырып, бет көріспей кетіп жатқандар көп. Бұдан зардап шегетін, бірінші кезекте балалар. "Жаман айтпай, жақсы жоқ, егер осындай жағдайға ұшыраған адамдар болатын болса, медиация көмекке әзір. Оның құрылу идеясы да сол. Бұл институт батыс елдерінде жақсы дамыған. Адамдар көп жағдайда медиаторлар арқылы ортақ ымыраға келудің ыңғайлы тетігін тапқан, - деді қатысушы жастарға. Қазақ халқы үшін бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесі. Қорыта келгенде, Қазақстан Республикасында «Медиация туралы» Заңның қабылдануы өркениет көшіне батыл бет түзеген біздің қоғамымызда оң өзгерістердің жүзеге асырылып жатқандығының айқын көрінісі екендігін айғақтайды. Негізінен айтқанда, бұл заң –қазақ халқының дәстүрлі билер мен ата-бабалар тағылымын, әдет-ғұрып тәжірибесін қалпына келтіруге жасалған игі қадамның бірі, оның тиімділігі мол деп есептесек қателеспейміз.

Аслан Мұратұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521