Өмірлік маңызы бар бес бастама

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осы жылғы 5 наурызда «Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуін жолдағаны баршамызға мәлім.

Аталмыш Үндеудегі қай бастама болмасын ел дамуына, халықтың тұрмыс жағдайының жақсаруына жетелейтін даңғыл жолдар деуге әбден болады. Елбасы Үндеуін жолдағаннан бергі уақытта бұл бастамалар көптеген ортада талқыға түсіп, тың зерттеулер мен мазмұнды мақалалардың дүниеге келуіне сеп болды. Алдағы уақытта халық жағдайының жақсарып, болашақтың жарқын болуына қосар үлесі зор болады деген сенімдеміз. Ендігі кезекте осы бес бастаманың ауданымыздың тұрмыс-тіршілігіне жақын, тұрғындар үшін маңыздыларына тоқталсақ.

Бұл орайда алдымен екінші бастама: жалақысы төмен әлеуметтік топтың табыс салығын айтарлықтай көлемде азайту арқылы мемлекетіміз өзінің ел алдындағы жоғары деңгейдегі әлеуметтік жауапкершілігін іс жүзінде айқын көрсетуде деп білемін. Елбасы бұл қадамға баруда аз қамтылған азаматтарға жеңілдік жасау арқылы отандық экономиканың, шағын және орта бизнестің өркендеуіне де едәуір үлес қосуға болатынын ескергені байқалады. Себебі, бастаманың мақсаты – жұмысы бар, алайда айлығы аз қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту. Президенттің мәлімдемесінде ол қатардағы халық саны 2 миллионға жуық екені айтылған болатын. Бұл топтағылар қазіргі таңда ай сайын есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы алатын қызметкерлер. Олардың табыс салығының мөлшерін 10 есеге дейін кеміту келер жылдан бастап жолға қойылмақ.

Нәтижесінде, жоғарыда айтылған 2 миллион адамның қосымша пайда болған табысы, олардың тұрмыс жағдайын арттыруға бағытталатын болады. Айтылған әлеуметтік топтың табысын көбейтудің бұл әдісі жұмыс берушінің шығынын көбейтпейді, демек, өнім мен қызмет көрсетудің өзіндік құны бұрынғы мөлшерде сақталады. Керісінше, бюджетке түсетін салық мөлшері азаяды деген сөз. Бұл сома республика бойынша бірнеше миллиард теңгені құрайды. Бұл орайда жергілікті атқарушы биліктің міндеті түсетін салық мөлшерінің жалпы көлемін азайтпай, салық салынатын базаларды кеңейту, яғни еңбек өнімділігін арттыру, жаңа кәсіпкерлік объектілерін ашу, негізгі қорларды іске қосу, тағы басқа жұмыстарды атқару болып табылады. Үшінші бастама: «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» деп аталады. Бастаманың орындалуына тұрғындардың барлық топтарының ерекше көңіл аударып отырғандарына сөз жоқ. Бұл – мектеп бітіруші жастардың білім алуын жалғастырып, белгілі бір мамандықты игеру мәселесі.

Елбасы биылғы 9 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында зор маңызға ие болған экономиканың өркендеуінің жаңа сатысында үлкен сұранысқа ие мыңдаған мамандарды даярлау қажеттілігін атап көрсетіп, осы бағытта білім алушыларға мемлекет қолдауды күшейту қажеттілігі атап көрсетілсе, бастамада осы мәселелерді жүзеге асырудың механизмдері көрсетілген деп есептейміз. Бұл, біріншіден, мемлекеттік грантпен оқушы студенттер санын 20 мың адамға арттыру болса, екіншіден, студенттік жатақханалар салуды көбейту. Сондықтан әрбір ата-ананың алдағы уақыттағы міндеті мектеп ұжымдарының қолдауымен балаларына сапалы білім алуына, баланың өзі бейім мамандыққа оқуына жағдай жасау болып саналады. Осы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында биыл 25 сәуірде аудан әкімі Марат Мурзиев мектеп бітіруші жастар мен аудандағы барлық мектеп ұжымдары басшылары мен өкілдері қатысқан мәжіліс өткізіп, мектеп түлектерімен түсінік жұмыстарын жүргізіп, мектеп ұстаздары алдына білім сапасын арттыру жөнінде жаңа міндеттер жүктеді. Қазіргі заманда елдің жан-жақты дамуы білімде десек, ел болашағы жастар екені анық. Үшінші бастама ел болашағы жолындағы осы қос мүддені біріктірген бастаушы күш болып отыр. Ел игілігі үшін көптеген бастамалар мен жобалар қолға алынуда, бейбіт заманда осы бастамалардың берекесін көру әрбір қазақстандыққа, оның ішінде аудан тұрғындарына бұйырған бақ болғай.

Нұрлан МҰХАНБЕТАЛИЕВ,

аудандық мәслихат хатшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521