Жолдар салу, жөндеу, қайта жаңғырту жұмыстарының барлығы ең бірінші кезекте жол инфрақұрылымын жақсартуға, яғни ел азаматтарының өмір сүру деңгейін көтеруге бағытталған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Автокөлік жолдарының жай-күйі – өзекті мәселе. Мен бұл туралы осыған дейін де айттым. Биыл елімізде 12 мың шақырымға жуық жол салынып, жөнделіп жатыр. Қазақстанда мұндай ауқымды жұмыс бұрын-соңды болмаған. «Астана-Алматы», «Ақтөбе-Атырау-Астрахань», «Талдықорған-Өскемен» бағытындағы күре жолдарды қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып қалды. 2,5 мың шақырымға созылатын облысаралық және ауданаралық жолдарды орта деңгейде жөндеуге арналған бағдарламаның мән-маңызы зор. Дәл осы жолдармен жұрт өте жиі жүреді. Сондықтан бағдарламаның ауқымын кеңейтіп, оған кемінде 10 мың шақырым жолды қамтуды тапсырамын» деген болатын. Бұл ретте ауданда жол сапасын жақсарту мақсатында жол құрылысы қарқынды жүргізілуде. Соның бір айғағындай, Мұқыр ауылынан Құлсары қаласына дейінгі автокөлік жолын орташа жөндеу жұмыстары басталды.
Құрылыс жұмыстарына тапсырыс беруші «ҚазАвтоЖол” Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Атырау облыстық филиалы. Тасжолдың жалпы ұзындығы 136 шақырымды құрайды. Аталған республикалық маңызы бар тасжолдың 42 шақырымын «Атырауинжестрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Бүгінде орташа жөндеу жұмыстары басталған. Жыл соңына дейін 42 шақырымы қауіпсіз жол қозғалысын ұйымдастыру үшін жүргізіліп, ауа-райы жылынған соң келесі жылы жалғасын таппақ.
Ал, тасжолдың 43-тен 136 шақырымға дейін Құлсары қаласының маңындағы «Атырау-Доссор-Құлсары» автомобиль жолдарының құрылысын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу порталында мердігер анықтау жұмыстары жүргізілуде. Жоспарға сәйкес, аталмыш жолдың құрылысы 2025-2026 жылдары жүргізіледі.
Гүлмира МАҚСОТ
Қызылқоға ауданы