Мұнай-газ өндірісінің мүмкіндігі мол

Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
 
Атырауда мұнай-газ саласына арналған жабдықтар шығаратын «Beruseal Caspian» зауытының ресми ашылуы өтті. Бұл – отандық өндірісті дамыту және ірі мұнай-газ жобаларындағы отандық тауарлардың үлесін арттыру жолындағы маңызды қадам.
 
Бұған дейін Мемлекет басшысы отандық өндірісті дамыту, жаңа технологияларды тарту және жұмыс орындарын құру міндетін айтқан еді. Бұл зауытты іске қосу импортқа тәуелділікті төмендетуге және жергі­лікті кәсіпорындарды дамытуға серпін бермек. Жаңа кәсіпорында құбырлар­ға арналған жылдам ажыратылатын қысқыштар мен оларды жөндеуге арналған композициялық материалдар өндіріледі. Бұрын бұл жабдық шетелден сатып алынатын, енді ол өзімізде шығарылады.

2021 жылдан бастап еліміз мұнай-газ саласындағы отандық өндіріс үлесін ұлғайту бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Бүгінде халықаралық инвесторлар және жабдық өндірушілермен 24 келісім жасалып, 27 локализация жобасы әзірленді, олардың ішінде 7 зауыт іске қосылды.

Мұндай зауыт жақында Орал­да да ашылған. Құны 1 млрд теңге болатын жоба Желаева елді­ мекеніндегі өнеркәсіптік аймақ аумағында орналасқан. Компа­нияға 2,5 гектар жер телімі мем­лекеттік қолдау аясында беріл­ген. Қазір кәсіпорын 120 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

 

в

 

Энергетика министрлігінің хабар­лауынша, АҚШ, Герма­ния, Италия, Оңтүстік Африка және Оңтүстік Корея елдерінің компаниялары біздің елде мұнай-газ саласына арналған тауарлар өндіретін кәсіпорындарын ашу­ға мүдделі. Әлеуетті серіктестер қатарында германиялық «Leser», оңтүстікафрикалық «Beruseal», америкалық «John Crane» компаниялары бар.

Сонымен қатар алдағы үш жыл­да желдету жүйесін өндіру­мен айналысатын оңтүстік­корея­лық «Hi Air Korea», амери­калық мұ­най сервистік ком­пания «Slb» және «Baker Hughes», мұнай-газ сала­сына арналған бөлшек­тер өндіретін италиялық «Breda Energia», эко­логиялық және өнер­­кә­сіптік құрылғыларды жет­кізу­мен айналысатын америка­лық «Flowserve», сұйық және газ жүйе­лері үшін тауар өндіретін америкалық «Swagelok» компаниялары елімізде өндірістік нүктелерін ашуы әбден мүмкін. Егер мәмілелер сәтті жүзеге асса 100-ден аса жаңа жұмыс орыны құрылып, 17,5 млн доллар кө­ле­мінде инвестиция тартылады.

Бір айта кетерлігі, жоғарыда айтылған компаниялар отандық нарықта қазірдің өзінде жұмыс істейді. «Swagelok» өкілдігі 2012 жылдан бастап жұмыс істесе, «Flowserve», «Leser» және «Breda Energia» компанияларының рес­ми өкілі болып жергілікті «Баум» компаниясы есептеледі. «Baker Hughes» компаниясының серіктесі – «Атырауэнергоре­монт». Компания мұнай-газ өнер­­кәсібіндегі механикалық жетек­терге, компрессорларға және энергия өндіруші жабдықтарға қатысты қызметтерді жеткізу саласында табысты жұмыс істейді. «Baker Hughes»-тің басым акциясы америкалық «General Electric» корпорациясына тиесілі.

2024 жылы мұнай-газ компа­ниялары жергілікті тауар өнді­ру­шілермен және жеткізушілер­мен жалпы сомасы 240 млн дол­лар болатын 20 келісімшартқа ­қол қойған. Сонымен бірге әлем­дік өндірушілермен бірлесіп 5 жаңа өндіріс іске қосылды.

Отандық компаниялардың серік­тесіне айналған ірі өндіру­шілер қатарында германиялық WIKA (манометрлер, диафраг­малық тығыздағыштар, электрлік кедергі термометрлері және тер­мопаралар шығарады), амери­калық «Honeywell» («Borkit Safety»-мен бірге газ детектор­ларын, «Orbis Group»-пен бірге жарылысқа қарсы басқару жүйе­сінің шкафтарын шығарады) компаниялары бар. Италиялық компаниялар өшіру арматурасын («PetrolValves») және жарылыс­тан қорғалған электр тарату қорап­тарын («Sigma Solutions») өндіруде ынтымақтастық орнатқан. 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT