Мұнайға тәуелділіктен біртіндеп арылып келеміз...

 

Атырау облысының ішкі сауда көлемінің өсуі – бұл, әрине, жағымды көрсеткіш. Бұл халықтың сатып алу қабілетінің біршама артқанын, кәсіпкерліктің де жанданып келе жатқанын көрсетеді. Дегенмен, сыртқы саудадағы құлдырау – аса назар аударатын мәселе. Экспорттың 96%-ының мұнайға тиесілі екенін ескерсек, шикізат нарығындағы кез келген құбылыс біздің экономиканы шайқалтып жіберуі мүмкін.

Облысымыз жылдар бойы мұнайға тәуелділіктен арыла алмай келеді. Бұл – стратегиялық тұрғыдан өте әлсіз позиция. Егер біз осы бағытта жүре берсек, болашақта да осындай тәуекелдерге жиі тап боламыз. Қазірдің өзінде мұнай экспортының азаюы өңірлік экономиканы тежей бастады.

Сондықтан өңір билігі мен бизнесі экономиканы әртараптандыруға нақты бет бұруы керек. Мәселен, мұнай-химия өндірісін, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ісін, машина жасау мен құрылыс материалдарын шығару секторларын дамыту – бізге жаңа мүмкіндіктер береді. Сондай-ақ логистика саласына да мән беру керек. Каспий теңізі арқылы өтетін жаңа экспорттық бағыттар – соның бірі.

Экономиканы әртараптандыру – бір күнде шешілетін мәселе емес. Бірақ бүгін бастамасақ, ертең кеш болады. Сондықтан қазірден бастап нақты қадамдар керек: инвестиция тарту, жергілікті кадрларды даярлау, инфрақұрылымды жақсарту – бәрі қатар жүруі тиіс.

Атырау – әлеуеті зор өңір. Бірақ ол әлеует толық пайдаланылып жатқан жоқ. Біз шикізатты емес, дайын өнімді сыртқа сататын күнге ұмтылуымыз керек. Сол кезде ғана өңір экономикасы тұрақты әрі бәсекеге қабілетті болады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында сауда саласын дамыту мен шикізаттық емес экспортты арттырудың стратегиялық басым бағыт ретінде айқындалуы – уақытылы әрі өте орынды шешім. Өйткені қазіргі геоэкономикалық жағдайлар елдің ішкі нарығын қорғауды және халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілетті болуды талап етеді.

Аталған Жолдау аясында қолға алынған жүйелі шаралардың алғашқы нәтижелері көріне бастады. Сауда көлемінің өсімі, инвестицияның артуы, шағын және орта бизнестің белсенділігі – бұл Үкіметтің нақты жұмысының көрсеткіші. Әсіресе, отандық өндірушілерді қолдауға, сөрелердегі қазақстандық өнім үлесін арттыруға бағытталған бастамалар өте маңызды. Бұл халықтың тұтынушылық мәдениетін қалыптастырумен қатар, жергілікті өндірісті ынталандырады.

Президенттің тапсырмасымен құрылған Экспорттық-кредиттік агенттіктің жұмысы да – сыртқы нарыққа шығуға талпынып жүрген шағын және орта кәсіп иелері үшін үлкен мүмкіндік. Бұрын мұндай қолжетімді, кешенді қаржылай құралдар болмаған еді. Қазір бизнеске нақты жағдай жасалуда – бұл өндірістің, жұмыспен қамтудың, табыстың өсуіне жол ашады.

Біз, әсіресе Атырау секілді шикізаттық секторға тәуелді өңірлер, осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалануымыз қажет. Өңір экономикасын әртараптандыру тек индустрияландырумен емес, сауда, логистика, қайта өңдеу, ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау арқылы да жүзеге асады. Бұл бағытта Үкімет тарапынан ұсынылып отырған инфрақұрылымдық және құқықтық қолдаулар – бұрын-соңды болмаған мүмкіндік.

Сонымен қатар, әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға бағытталған «Цифрлық азық-түлік ваучері» сияқты жаңа құралдар – нарықтық экономиканың принциптері мен әлеуметтік әділеттілік ұғымын қатар үйлестіре білудің мысалы. Тікелей баға реттеуінен бас тартып, нақты адамдарға нақты көмек беру – заман талабына сай шешім.

Қорытындылай келе, Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тапсырмаларды іске асыру – еліміздің тұрақты экономикалық дамуына берік негіз қалайды. Бұл тек Үкіметтің емес, бүкіл қоғам мен кәсіпкерлердің ортақ міндеті. Әділетті әрі қуатты Қазақстан құру жолында мұндай нақты және дәйекті саясатқа ел болып қолдау көрсетуіміз қажет.

 

 

Өмірзақ Хайруллин, 

ардагер экономист 

Фото pixabay

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT