Қыркүйек айының алғашқы жексенбісі – Мұнай-газ кешені қызметкерлері күні. Биыл қазақ мұнайының 125 жылдық белесімен тұстас келіп, кең көлемде аталып өтіп жатқан кәсіби мерекені ауданымыздағы бірден-бір іргелі кәсіпорын - «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы ұжымы да лайықты атап өтуде.
Осы орайда, әр аптаның бейсенбілік кешінде аудан орталығын ән мен күйге бөлеп келе жатқан «Өнерім саған, туған ел!» атты сазды бағдарламаның осы жолғы тізгінін ұстаған мұнайшылар оны кәсіби мерекелеріне тарту етті.
Еліміздің экономикасының дамуына зор үлесін қосып келе жатқан «Ембімұнайгаз» АҚ-ның өндірістік құрылымдық бөлімшесі болып табылатын «Жайықмұнайгаз» МГӨБ-ның мұрындық болуымен ұйымдастырылған бұл мерекелік шараның бір ерекшелігі – онда аймаққа белгілі «Ғажап БЭНД» вокалды аспапты тобының өнер көрсетуі болды.
Шарада алғашқы сөзді алған басқарма бастығының әлеуметтік мәселелер жөнінде орынбасары Әділбек Зайдуллин жиналғандарға жылы лебізін жеткізіп, керемет кештің куәсі болуға шақырды.
-Құрметті аудан тұрғындары, сіздерді қос айтулы мерейтоймен және мұнайшылар күнімен «Жайықмұнайгаз» басқармасының мұнайшылары атынан құттықтауға рұқсат етіңіздер!
Биыл басқарма үшін ерекше жыл. Жыл сайын атап өтетін Мұнай және газ өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі күні Қазақстан мұнайының 125 жылдығымен, « Жаңаталап» кең орнының 50 жылдық мерей тойымен тұспа-тұс келіп отыр. Бүгінгі сіздердің құрметтеріңізге арналған мерекелік концертке арнайы «Ғажап БЭНД» тобын шақыртып, көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлауды мақсат еттік. «Өнер бар жерде - өмір бар» деген, өнер мен мәдениеті бар елдің келешегі кемел болары сөзсіз. Сондықтан, арнайы келген барша өнерпаздарға ризашылығымызды білдіреміз! Жаңа Қазақстанның іргетасы берік болып, шынайы отансүйгіш жастардың қатары көбейе берсін! Еліміздің экономикасы одан әрі дамып, болашағы жарқын болғай! Мереке құтты болсын,-деді ол.
Кештің арнайы қонағы болған «Ғажап БЭНД» вокалды аспапты тобы алғашқы сәттен көптің көзайымына айналып үлгерді. Оның репертуарындағы «Ақ ерке - ақ Жайық», «Дүнген қыз», «Есіңе ал», «Лейлә», «Гүл сезім», «Гүл қалам» сынды әуезді әндерін тыңдарман қауым сүйсіне тыңдады.
Одан бөлек, басқарма ұжымында жұмыс жасай жүріп, жоғары еңбек көрсеткіштеріне қол жеткізген мұнайшылар да өнерден кенде еместігін көрсетіп бақты. Мұнайшылықпен бірге өнерді де өзіне серік еткен өнерлі жайықмұнайлықтар сахнаны сазбен тербеп, әуелете ән салды. Атап айтсақ, №4 мұнай-газ өндіру цехының геологы Ира Гилманова халық әнін тарту етті. Ал әлеуметтік қамтамасыз ету бөлімінің бастығы Дархан Гумаров «Найзағай» әнімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Тамаша кешке куә болған аудан әкімі Нұрым Мусин ел ырыздығын еселеген еңбеккер мұнайшылар мен барша ардагер мұнайшыларды төл мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін арнады.
-Құрметті ауылдастар, ардақты мұнайшылар! Сіздерді атаулы күнмен шын жүректен құттықтаймын! Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, өсіп-өркендеуіне үлкен үлесін қосып келе жатқан осы қызметкерлердің күні-түні еткен тынымсыз еңбектерінің арқасында кәсіпорын қажырлы да нәтижелі жұмыс атқаруда. Сол себепті, аудан аумағында бірнеше жыл тарихы бар ірі кәсіпорынның орналасуы біз үшін және барша аудан тұрғындары үшін зор мақтаныш. Өңіріміздің дамуына жан-жақты үлесін қосып келе жатқан «Жайықмұнайгаз» басқармасы ұжымының жұмысына толағай табыстар тілеймін. Жер байлығын халықтың ырзық-несібесіне айналдыру жолындағы еңбектеріңіз жана берсін,-деген аудан әкімі риясыз ризашылығын білдірумен бірге «Жайықмұнайгаз» МГӨБ-на Алғыс хатын да табыс етті. Сондай-ақ, екі мұнайшы өнерпаз бен «Ғажап БЭНД» тобына да аудан әкімінің арнайы Алғыс хаттары табысталды. Жиылған жұрт та рухани демалып, әдемі көңіл-күйде тарқасты.
Сағыныш ҚАЙЫР