Мәжіліс 30 жыл бұрын қабылданған заңды алмастыратын құжатты талқылайды

 

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Президент тапсырмасымен әзірленген банк қызметіне және туристік саланы қолдау мәселелеріне бағытталған заң жобаларын қарап, көмірсутектер мен уран саласындағы жер қойнауын пайдалануды жетілдіруді көздейтін құжатты 2-оқылымда талқыға салады.

Айта кетейік, 3 қарашада Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен бюро отырысында бүгінгі жалпы отырыстың күн тәртібінің жобасы нақтыланған еді. Соған сәйкес, бірінші оқылымда палатаға Мәжіліс депутаттары бастамашы болған туристік саланы қолдау мәселелері бойынша түзетулерді қарау ұсынылады.

Заң жобасы туризм саласына мемлекеттік қолдау көрсетуге және ішкі туризмді дамыту процестерін реттеуді одан әрі жетілдіруге бағытталған.

«Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы» заңға енгізілген түзетулермен туристік өнімге қойылатын талаптарды айқындау, шетелден турист тарту саласындағы операторлардың шығынын субсидиялау мөлшерін белгілеу, сондай-ақ туристер мен визит-орталықтарды орналастыру объектілерін салу және реконструкциялау кезінде кәсіпкерлердің шығындарының бір бөлігін өтеу тәртібі бөлігінде уәкілетті органның құзыреті нақтыланады.

Сондай-ақ депутаттардың қарауына «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заң жобасы және қаржы нарығын реттеу және дамыту мәселелері бойынша түзетулер ұсынылады.

Құжаттар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 2 қыркүйектегі және 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауларын жүзеге асыру аясында Үкімет тарапынан әзірленген. Өткен жылғы Жолдауда Президент цифрлық активтердің айналымын қамтамасыз ету және банк саласына инновацияларды қауіпсіздік талабына сәйкес енгізу үшін оны реттейтін тетіктердің тұрақты болуы маңызды екенін айтқан болатын. 

    - Бізге Банктер туралы жаңа заң қажет. Бұл құжатта экономикалық белсенділікті қолдау және финтех саласын қарқынды дамыту сияқты өзекті мәселелер шешімін табуы керек. Қазір қолданып жүрген заң шамамен 30 жыл бұрын қабылданған. Ол кезде заман да мүлде басқа болды, - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ал Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында Ұлттық банк пен Үкімет банктердің ақшасын экономикаға барынша тартудың тиімді тәсілдерін табуы қажеттігіне назар аудартты. 

    - Енді бұл мәселені созуға болмайды, шұғыл шешу қажет. Банктер туралы заң қабылдау осы бағыттағы маңызды қадам болмақ. Бұл заңда экономиканың сұранысы мен технологиялық өзгерістер ескерілуі қажет. Құжатта бәсекені күшейту, нарыққа жаңа қатысушыларды тарту, қаржы жүйесіндегі технологияларды ілгерілету және цифрлық активтер айналымын ырықтандыру мәселелері қамтылуы керек. Үкімет Қаржы нарығын реттеу агенттігімен бірлесіп, заң жобасын жан-жақты пысықтауы қажет. Депутаттардан осы заңды жыл соңына дейін қабылдауды сұраймын, - деді Президент.

Үкімет негізгі заң жобасын және қаржы нарығын реттеу мен дамыту мәселелері бойынша ілеспе түзетулерді Президент Жолдауларын жүзеге асыру мақсатымен әзірледі. Ол банк жүйесінің тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге және ұлттық цифрлық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.

Жалпы отырыстың күн тәртібінің жобасына «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекске көмірсутектер мен уран саласындағы жер қойнауын пайдалануды жетілдіру мәселелері бойынша депутаттық түзетулер енгізілді. Бұл заң жобасын өткен айда Мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдаған еді. 

Сол кезде негізгі баяндама жасаған Еділ Жаңбыршин көмірсутектер мен уран саласындағы жер қойнауын пайдалануды жетілдіру мәселелері көзделген заң жобасының мынадай басты жаңалықтарын атады:

- біріншіден, шегінде шектеулі өңірлік геологиялық зерттеулер жүргізілмеген немесе жүргізілген, олардың нәтижелері бойынша перспективалы шөгінді бассейндер анықталмаған аумақтар аз зерттелген аумақтар деп танылатын норма енгізілді;

- екіншіден, инвестордың сенімін қамтамасыз ету үшін, енді өз қаражаты есебінен аз зерттелген аумақта геологиялық зерттеу жүргізген инвестор барлау және өндіру кезеңіне басым және кепілді құқықпен өте алады;

- үшіншіден, резервтегі учаскелердің тиімді айналымы қамтамасыз етіледі;

- төртіншіден, уран саласындағы ұлттық компанияға басымдық беріледі.

Сондай-ақ ол бүгінде геологиялық барлауға тартылатын инвестиция көлемі жеткіліксіз екенін айтты.

    - Салыстырмалы мысал келтірейін. Қазақстанда 1 шаршы шақырым аумаққа барлау жұмыстарына 8 доллар жұмсалса, АҚШ-та – 87 доллар, Австралияда – 167 доллар, Канадада 203 доллар бөлінеді. Бұл айырмашылық – біздің инвестициялық климаттағы ең әлсіз буынның бірі екенін көрсетеді. Өйткені геологиялық барлау – жоғары тәуекел мен ұзақмерзімді капитал салымын қажет ететін сала. Егер мемлекет пен заңнамалық жүйе инвестордың құқығын кепілдендірмесе, ол жаңа аймаққа қаржы салмайды. Сондықтан Парламент депутаттарының бастамашылығымен әзірленген бұл заң жобасы осы жүйені түбегейлі өзгертеді, - деген еді Еділ Жаңбыршин.

Заң жобасын екінші оқылымға дайындау барысында депутаттар жер қойнауы учаскесінің төменгі кеңістік шекарасын тұйық контурларды өзгертпестен бес мың метрге дейін тереңдету мүмкіндігін көздейтін нормаларды ұсынды. Сонымен қатар түзетулер арқылы тұтқырлығы жоғары, битуминозды және тақтатас мұнайы бар технологиялық тұрғыда күрделі кен орындарын игеру үшін арнайы құқықтық режим орнату ұсынылады. Көмірсутек қорларын есептеу жөніндегі функцияны беру мерзімін 2030 жылға дейін ұзарту және қолданыстағы өндіруші газ кен орындарына күрделі жоба бойынша жетілдірілген модельдік келісімшартқа көшуге мүмкіндік беру көзделген. Түзетулерге мұнай өндіруді ұлғайтудың арнайы әдістерін қолданатын жер қойнауын пайдаланушыларды қолдау шаралары да кіреді.

Мұнан бөлек, Мәжіліс жұмысына Мүмкіндігі шектеулі балаларды кешенді қолдау туралы, сондай-ақ Қазақстан мен Түркия арасындағы екі елдің әуе кеңістігі арқылы әскери мүлік пен персоналды транзиттеу туралы келісімді ратификациялау, Қазақстан мен Халықаралық Валюта Қоры арасындағы Кавказ, Орталық Азия және Моңғолия үшін Әлеуетті дамыту өңірлік орталығына ратификациялау туралы заң жобаларын қабылдау ұсынылады.

Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

- Бұл заң жобасы жай ғана техникалық түзетулер емес. Бұл – археологияны жаңа деңгейге шығаратын, тарихи мұрамызды қорғаудың жүйелі реформасы, - деген еді заң жобасын таныстырған Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов.

Заң жобасына сәйкес, енді археология мен реставрацияға лицензия бөлек-бөлек беріледі.

Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының базасында Ұлттық археологиялық қызмет құрылады.

Металл іздегіштер мен осындай құрылғыларды лицензиясыз пайдалануға тікелей тыйым салынады.

Мәжілісмендер ұсынған тағы бір норма археологиялық жұмыстарды заңсыз жүргізгендерге жазаны күшейту болатын. Алайда, оған Үкімет қарсы болып отыр. Оның себебін Әділет вице-министрі Лаура Мерсалимова түсіндірген еді.

    — Археологиялық жұмыстарды заңсыз жүргізгені үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейу бойынша депутаттардың ұсынысы Үкімет қорытындысымен қолдау таппады. Себебі, статистикалық деректерге сәйкес, Қылмыстық кодекстің тиісті бабы бойынша 2022 жылы ғана 2 құқық бұзушылық болған. Сондықтан, қолданыстағы қылмыстық санкцияларды күшейту қаншалықты орынды деген сұрақ туындады. Сонымен бірге ең алдымен құқық бұзушылықтарды ашу және алдын алу шараларын қабылдау қажет санаймыз. Екінші оқылымға дейін осы мәселені тиісті органдармен жан-жақты қарастырып, құқық қолдау тәжірибесін назарға алып, тағы талқылауға дайынбыз, - деді вице-министр.

Мұнан бөлек, Мәжіліс «Жасанды интеллект туралы» Заңы мен оған іліспе құжаттарға Сенат енгізген түзетулермен келісті.

Бұл заңдар цифрландыру процестерін реттеу, жасанды интеллектіні қауіпсіз енгізу және қолданыстағы заңнаманы жетілдіру үшін заманауи құқықтық базаны қалыптастыруға бағытталған. Негізгі заң Қазақстанда алғаш рет жасанды интеллект технологияларын реттеу үшін құқықтық негіз құрайды. Ол жасанды интеллектіні қауіпсіз және этикалық енгізуді қамтамасыз етуге, жеке тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сондай-ақ инновациялық дамуды ынталандыруға бағытталған.

    - Парламент Сенаты үш заң бойынша 16 түзету енгізді. Бұл түзетулер тек редакциялық және нақтылау сипатында. Осылайша, аталған түзетулер құқық қолдану практикасына ешқандандай әсер етпейді. Сондықтан Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті Сенат енгізген өзгерістермен келісуге болады деп санайды, - деді Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева.

Жалпы отырыс соңында мәжілісмендер мемлекеттік органдарға өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша 15 депутаттық сауал жолдады.

Мәселен, Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев пранк барысында қоғамдық тәртіпті бұзғандардың бірыңғай тізімін жасап, оны жариялау қажет деп есептейді. Осы орайда ол Ішкі істер министрі Ерлан Саденов пен Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға мынадай ұсыныстар берді:

- пранк барысында қоғамдық тәртіпті бұзған, жеке адамның өміріне қол сұққандарды анықтап, олардың бірыңғай тізімін жасап жариялау қажет;

- қауіпті пранк арқылы адамның ар-намысы мен абыройына қол сұққандардың әлеуметтік желідегі парақшаларын дереу бұғаттау керек;

- әлеуметтік желі әкімшілерінен қауіпті пранктер мен бейнежазба жарияланған парақшаларды анықтап, уәкілетті органға жедел хабарлауды талап ету қажет;

- мұндай теріс құбылыстың алдын алу мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде, нәтиже беретін контент ретінде жүргізу керек.

Ал Болатбек Нажметдинұлы квазимемлекеттік сатып алу процесінің талаптарын жасандылықтан арылтуды ұсынды.

    - Қазақстанда жыл сайын мемлекеттік органдармен бірге квазимемлекеттік компаниялар, жер қойнауын пайдаланушылар реттелетін сатып алу шараларын ұйымдастырады. Олардың жиынтық көлемі 30 трлн теңгеге дейін жетеді. Алайда шынайы көрініс салмақты сұрақтар туғызады. Мысалы, ресми түрде 31 қызметкері ғана бар бір компания тұрғын үй сатып алу бағдарламасы бойынша 495 пәтерді қолданысқа берген. Бұл тоғыз қабатты тоғыз үй деген сөз. Ал ондай құрылысты кемінде 700 адам салуы мүмкін. Компанияның штаттағы жұмысшыларының саны бұдан 20 есе аз, - дейді депутат.

Депутат Әбутәліп Мутәлі азаматтардың дербес деректерінің жария болғаны үшін жауапкершілікті күшейту қажет деп есептесе, Қазыбек Иса елімізде Әдебиет институтын ашылса, қаламгерлер алаңсыз шығармашылықпен айналысуы үшін еңбегіне лайықты қаламақы төленсе деген ұсынысын білдірді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT