Кеше Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен палатаның жалпы отырысы өтіп, жиында депутаттар бірқатар заң жобаларын жұмысқа қабылдады.
Тақтатас мұнайын өндіруді ынталандырады
Отырыста қаралған алғашқы үш заң жобасы өзара байланысты болғандықтан, ортақ баяндама жасалды. Олар Мүмкіндігі шектеулі балаларды кешенді қолдау туралы заң жобасы мен оған ілеспе түзетулер. Құжат депутаттардың бастамасымен әзірленген.
Баяндамашы Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, заң жобалары ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдау нормаларын қамтиды.
Одан кейін Парламент Мәжілісінің қарауына «Қазақстан Үкіметі мен Түркия Үкіметі арасындағы екі ел әуе кеңістігі арқылы әскери мүлік пен персоналды транзиттеу туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Қазақстан мен Халықаралық Валюта Қоры арасындағы Кавказ, Орталық Азия және Моңғолия үшін әлеуетті дамытудың өңірлік орталығына қатысты өзара түсіністік жөніндегі меморандумды ратификациялау туралы» заң жобалары келіп түсті.
Жоғарыда аталған құжаттарды депутаттар бірауыздан қолдап, Мәжіліс комитеттері жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдады. Артынша, жиында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексіне көмірсутектер мен уран саласындағы жер қойнауын пайдалануды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы екінші оқылымда қаралды.
– Негізгі мақсат – аз зерттелген провинцияларда көмірсутектерді барлауға инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін барлау мен өндіруге басым құқық беру, сондай-ақ уран саласында мемлекеттің мүддесін қорғау. Заңның бір жаңалығы – ауыр және тақтатас мұнайы сияқты өндіруі қиын көмірсутектерді игеруді ынталандыру. Мұндай кендерді игеру қымбат технологиялар мен арнайы экономикалық жағдайларды талап етеді. Депутаттар осындай жобалар үшін жетілдірілген үлгілік келісімшарттың критерийлерін кеңейтуді ұсынды. Өйткені тиісті қолдау шараларынсыз бұл жобаларды іске асыру экономикалық жағынан тиімсіз болады. Үкімет бұл бастаманы қолдады. Бұл орта мерзімді перспективада Шығыс Қазақстан облысындағы Сарыбұлақ (ауыр мұнай) және Қызылорда облысындағы Қарағансай (тақтатас мұнайы) кен орындарын игеруге мүмкіндік береді. Олардың жиынтық алынатын мұнай қоры А,В,С1 + С2 санаты бойынша – 18,7 млн тонна, – деді заң жобасы жөнінен баяндама жасаған депутат Еділ Жаңбыршин.
Қаржы омбудсменінің бірыңғай офисі құрылады
Мәжіліс банктер және банк қызметі туралы заң жобасын және оған қаржы нарығын реттеу мен дамытуға қатысты ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Президент жолдауларын орындау мақсатымен әзірленген құжаттар банк қызметін мемлекеттік реттеудің негізгі мақсаттарын, міндеттері мен қағидаттарын анықтайды.
– Заң жобасы 9 бөлімнен, 23 тараудан және 135 баптан тұрады. Ілеспе заң жобасында 7 кодекске және 35 заңға түзетулер енгізіледі. Жаңа заңда банк жүйесінің жұмыс істеуі үшін құқықтық негіздерді белгілеу, банк қызметіне қатысты реттеу, бақылау және қадағалау, депозиторлардың, өзге де кредиторлар мен клиенттердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, банктік қызметтер нарығында адал бәсекелестікті қамтамасыз ету, қаржылық сауаттылық деңгейін және халық үшін банк қызметтерінің қолжетімділігін арттыру міндеті көзделді, – деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова.
Агенттік төрағасының айтуынша, заң жобасының негізгі жаңалығы – активтердің жаңа класы ретінде цифрлық қаржы активтерін реттеуді енгізу және олардың ел аумағындағы айналымына рұқсат беру. Яғни цифрлық қаржы активтерінің үш түрі енгізіледі: ақша талап ету құқығын куәландыратын цифрлы активтер (стейблкоиндар); негізгі активпен қамтамасыз етілген цифрлы қаржы активтері; цифрлы түрде шығарылған қаржы құралдары.
Сондай-ақ заң жобасы инновацияны қолдауға және қаржылық технологияны дамытуға жол ашады. Атап айтқанда, ол банктерге цифрлық технологиялар, электрондық коммерция, киберқауіпсіздік, биометрия, жасанды интеллект және телекоммуникация салаларында жұмыс істейтін жаңа қаржылық технология компанияларына инвестиция салуға мүмкіндік береді.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасында банк өнімдерін тұтынушылардың құқықтарын тиімді қорғау үшін дауларды сотқа дейін реттеудің үш деңгейлі жүйесі енгізіледі. Шағымдарды бастапқыда қаржы ұйымдары қарайды. Одан кейін қаржы омбудсменіне және агенттікке жүгінеді.
– Тұтынушылардың мүдделеріне зиян келтіруі мүмкін өнімдерді сатуды тоқтату бойынша агенттікке өкілеттіктер беріледі. Сонымен қатар заң жобасында банк, сақтандыру және микроқаржылық қызметтер бойынша қаржы омбудсменінің бірыңғай офисін құру көзделеді. Омбудсменнің шешімдерін қаржы ұйымдары орындауға міндетті. Бұл азаматтардың жолданымдарын қараудың біркелкілігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді М.Әбілқасымова.
Төлем қабілеттілігі жоқ банктердің мәселелерін шешу жүйесін реформалау туралы ережелер де қарастырылған. Құжатта қандай банктер жүйелік маңызды екені анықталып, тізім көпшілікке қолжетімді болады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының сөзіне қарағанда, жүйелік маңызы бар банкті реттеу кезінде бірінші кезекте акционерлік капитал есептен шығарылады. Яғни банк акционері банкке иелік етуді толығымен жоғалтады. Одан кейін аталған тетік аясында басқа кредиторлардың барлық міндеттемесі есептен шығарылады. Бұл шаралар қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру үшін әлі де жеткіліксіз болса, мемлекеттің капиталға кіру мәселесі қаралуы мүмкін.
Тұтынушылар құқы қорғалады
Талқылау барысында Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев қазір банктер несие алдырту үшін халыққа қайта-қайта телефон шалып, мазасын алып жатқанын айтты.
– Заң жобасының мақсат-міндеті банктерді тезге салу деп білемін. Өйткені біздегі банктер бизнес пен жаңа жобаларды қолдауды ысырып қойып, қарапайым халыққа еселеп жоғары пайызбен несие беруді және соны еселеп қайтарып алуды ғана біледі. Бұл ретте ресми деректерге тоқталсақ, биыл 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 8,5 млн азаматтың кредит берешегі бар. Оның жалпы сомасы – 23 трлн теңге, яғни республикалық жылдық бюджетке жетіп қалатын қаражат. Оның ішінде 14 трлн теңге кепілсіз тұтыну несиесіне тиесілі. Өздеріңіз білесіздер, банктер мұнымен тоқтамады. Олар кредит беру кезінде қосымша сақтандыру енгізеді, осымен халықтың қарызы одан сайын көбейеді. Өз еркімен несие алудан бас тартқан адамдарға қоңырау шалу мен SMS-хабарлама жіберу арқылы тағы да кредит алуды ұсына береді. Осы заңсыздықтарды тоқтату үшін заң жобасында қадағалау қағидаттарының жаңа деңгейлері енгізіліп жатыр. Осы қадағалаудың жаңа қағидаттары банктердің заңсыз әрекеттерін тоқтатуға мүмкіндік бере ме? – деп сұрады Н.Сәрсенғалиев.
Өз кезегінде М.Әбілқасымова бұл заң жобасында жаңа қадағалау тетігі енгізіліп жатқанын растады.
– Бірнеше жылдан бері заңнамаға қаражат алатындардың құқықтарын қорғау мақсатында жаңа өзгерістер енгізілді. Бұл ретте тұтыну несиелері, алаяқтыққа қарсы түзетулер бар. Енді басқа да жаңа өзгерістер енгізу мүмкіндігін пысықтап, заң жобасында түпкілікті жүйені қарастырдық. Осы жүйеде тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың кешенді моделі қамтылады. Бұл тұрғыда банктерде халыққа қызмет көрсету кезінде тәуекелдерді басқару жүйесі құрылады. Атап айтқанда, банктерде халықтың құқығын қорғау бойынша ерекше бөлімдер ашылады, – деді агенттік басшысы.
Ал Асхат Рақымжанов халықты алаяқтардан қорғау мәселесін көтерді. Оның айтуынша, жұртшылық қарапайым телефон арқылы алаяқтарының құрбанына айналып жатыр.
– Жақында өткен Үкімет сағатында Ішкі істер министрлігі биылғы 9 айда 67 млн осындай телефон қоңырауы бұғатталғанын хабарлады. Бұл ретте бір адамға орта есеппен үш-төрт рет қоңырау шалынады екен. Осы жазда ұялы байланыс операторларына белгілі бір жауапкершілік жүктейтін бірқатар түзету қабылданды, оның ішінде SIM-картаны тіркеу кезінде биометриялық растау бар. Біріншіден, қазір рұқсат етілмеген трафикті бұғаттау және SIM картаны тіркеу үшін биометриялық тексеруді енгізу бойынша қандай жұмыс атқарылып жатыр? Неліктен қазақстандық нөмірлерден алаяқтар қоңырау шалуды жалғастырып жатыр? Антифрод орталығы аясында алаяқтық операцияларды анықтау және азайту бойынша қандай жұмыс атқарылып отыр? – деп сұрады депутат.
Бұл сұрақтарға жауап беру кезінде Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ростислав Коняшкин алаяқтық әрекеттер аясында жеке адамдарға бағытталған қоңыраулар негізінен әлеуметтік желілер мен WhatsApp және Telegram сияқты жедел хабар алмасу қосымшалары арқылы жасалатынын айтты.
– Бұл тұрғыда SIM-картасыз есептік жазбаны тіркеуге болады. Ал трафикті бұғаттау мен биометриялық сәйкестендіруді жүзеге асыруға қатысты ұялы байланыс операторларының биометриканы енгізу ережелері қабылданды. Бұл құралдар қазір іске асырылып жатыр. Телефон нөмірі кімге тиесілі екенін растай отырып, нақты адамдарға тіркелген SIM-карталар саны азаяды деп ойлаймыз. Сонымен қатар Мәжілістегі жұмыс тобы аясында заң жобасы бойынша қажет ұсыныстарды қарастыруға дайынбыз, – деді вице-министр.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов шілдеде қабылданған түзетулер аясында ұялы байланыс операторлары 2026 жылдың 2 қаңтарынан бастап Антифрод орталығы аясында қызмет көрсететінін, олар автоматты режімде алаяқтық әрекеттер туралы ақпарат алмасуды орнататынын айтты. Сондай-ақ ол жауапкершілікті арттырудың негізгі мәселесі аясында жаңа ұсыныстарды қарастыруға дайын екенін жеткізді.
Қонақүйлер рейтингін анықтайтын аудиторлар институты енгізіледі
Мәжіліс бірінші оқылымда депутаттардың бастамасымен әзірленген туристік саланы қолдау мәселелері туралы заң жобасын мақұлдады. Құжатта ішкі туризмді дамыту, туризм индустриясын мемлекеттік қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру көзделген.
Құжат негізінде қонақүйлерді бағалау және оларға «жұлдыз» бойынша рейтингтер беру үшін сарапшы-аудиторлар институты енгізіледі. Сондай-ақ жобада келу туризмі саласындағы туристік операторлардың шығындарына субсидия мөлшерін, туристік орналастыру орындары мен келушілер орталықтарын салу, қайта құру кезінде кәсіпкерлер шығынының бір бөлігін өтеуді нақтылауға бағытталған түзетулер ұсынылған.
Түйінді құжат – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әкімшілік әділет саласын жетілдіру және кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы. Құжат бойынша негізгі баяндама жасаған депутат Марат Бәшімов 2021 жылғы 1 шілдеден бастап елімізде әкімшілік әділет институты жұмыс істейтінін айтты. Ол бір тарабы мемлекеттік орган болатын жария-құқықтық дауларда азаматтардың құқықтарын соттық қорғаудың жаңа форматы саналады. Әкімшілік әділеттің енгізілуі Мемлекет басшысы бастамашылық еткен сот-құқықтық реформаның басты қадамына айналды және мемлекеттік орган мен азаматтың сот үдерісінде тең құқықты қатысушылар болуына негізделген жаңа модельге көшуді білдірді.
– Бұған дейін мұндай даулар жалпы юрисдикция соттарында Азаматтық іс жүргізу кодексінің нормалары бойынша қаралып келді. Бұл көбіне тараптардың теңсіздігіне әкелді. Әкімшілік әділет осы теңсіздікті жойып, дәлелдеу міндетін мемлекеттік органға жүктеді және соттың белсенді рөлін қамтамасыз етті. Енді сот өз бастамасымен қажетті дәлелдемелерді сұратуға құқылы, – деді депутат.
Оның айтуынша, заң жобасын қарау барысында нормашығармашылық қызметті ғылыми сүйемелдеуге қатысты нормалар енгізілді. Бұл заң шығару үдерісінде ғылымның рөлін күшейтіп, құқықтық актілердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Мәжіліс депутаттары аталған заңды Сенат қарауына жіберді.

