Мәжіліс жасанды интеллекті пайдалану ережелерін бекітетін заң жобасын талқылайды

 

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысы өтіп, онда депутаттар жасанды интеллект технологияларын қолдануға құқықтық негіз құратын құжатты талқылап, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру тәуекелдерін бағалау халықаралық орталығын құру туралы келісімді қарастырады.

Естеріңізге сала кетсек, 19 қыркүйекте палата спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен Мәжілістің бюро отырысында бүгінгі жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланған еді. Соған орай депутаттарға «Жасанды интеллект туралы» заң жобасын ілеспе түзетулерімен екінші оқылымда қарау ұсынылады. Жасанды интеллект технологияларын қолдануға бірыңғай құқықтық негіз құруға бағытталған бұл құжатты Мәжіліс каникулға кетпей тұрып бірінші оқылымда мақұлдаған болатын.

Сол кезде құжатты таныстырған депутат Екатерина Смышляева заң жобасы жасанды интеллект жүйелері мен түрлерінің жұмысына қандай жағдайда тыйым салатынын айтты.

    - Заң жобасында қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылады. Енді жасанды интеллект жүйелері тәуекел деңгейіне қарай, ең төменгіден бастап ең жоғарыға дейін жіктеледі. Жоғары тәуекел жүйелері аса маңызды ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектісіне жатқызылатын болады. Сонымен қатар, заң жобасы жасанды интеллект жүйелерін көмекшілерге, жартылай автономды жүйелерге және толық автономды алгоритмдерге бөледі. Соның нәтижесінде Қазақстан Республикасының аумағында кейбір жүйелерді қолдануға тыйым салынады, - деді ол.

Мұнан бөлек, құжат жасанды интеллектіні пайдаланудың мына түрлеріне де тыйым салуды көздейді:

    Адамдардың саналы келісімінсіз мінез-құлқына әсер ететін жасанды интеллектіні қолдануға;

    Адамдардың осалдығын (жасы, мүгедектігі, әлеуметтік жағдайы) әдейі пайдаланатын жасанды интеллектіні пайдалануға;

    Адамдарды әлеуметтік мінез-құлқы немесе сипаттамалары бойынша бағалауға немесе жіктеуге (әлеуметтік скоринг);

    Адамдардың эмоцияларын олардың келісімінсіз талдау үшін жасанды интеллектіні пайдалануға;

    Заңмен рұқсат етілген жағдайлардан басқа кезде нақты уақыт режимінде қоғамдық орындарда бет-әлпетті тану үшін жасанды интеллектіні қолдануға;

    Заңнамада тыйым салынған жасанды интеллект қызметінің нәтижелерін жасауға және таратуға.

Осы жылдың тамызында жасанды интеллектіні дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект туралы тиісті заңды қабылдау шұғыл міндет екенін баса атап өткен болатын.

    - Оны орындауға Үкімет баса мән беруі керек. Құжатта инновация, жауапкершілік, қауіпсіздік мәселелері тең дәрежеде ескерілуі керек. Сондай-ақ азаматтардың құқығын, кәсіпкерлердің мүддесін қорғау ісіне мән берілуі қажет. Заң жасанды интеллектіні дамытуға бөгет болмауға тиіс. Ереженің бәрі айқын әрі түсінікті болғаны жөн, яғни инвестиция тартуға және технологияларды енгізуге барынша қолайлы заң әзірлеу қажет, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар депутаттардың талқылауына Қазақстан мен Марокко арасындағы ұстап беру, сотталған адамдарды беру және қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы 3 келісім енгізілді. Келісімдер екі мемлекеттің құзырлы органдарының экстрадиция, сот үкімдерін орындау және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету саласындағы ынтымақтастығын дамытуға бағытталған.

Жалпы отырыста қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін бағалау халықаралық орталығын құру туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы қаралады. Орталық халықаралық ақпараттық жүйе ретінде жұмыс істейді, ол ТМД елдерінің қаржылық барлау бөлімшелерін анықталған қауіп-қатерлерге уақтылы әрекет ету үшін біріктіреді. Сондай-ақ елдерге трансшекаралық тәуекелдерді талдауға, статистикалық деректермен алмасуға, оларды төмендету бойынша ұсынымдар әзірлеуге және ФАТФ халықаралық стандарттарына сәйкес тәсілдерді үйлестіруге мүмкіндік береді. Орталық құру туралы келісімге ТМД мемлекеттерінің басшылары 2023 жылғы 13 қазанда Бішкекте өткен саммитте қол қойған еді.

Сондай-ақ жалпы отырыс барысында Мәжіліс комитеттері жаңа заң жобаларын жұмысқа алады. Олар: Конституциялық Сот шешімдерін орындау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы, Қылмыстық-процестік кодекс пен Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне толықтырулар енгізу, сондай-ақ Қазақстан мен Моңғолия үкіметтері арасындағы зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы келісім.

Айта кетейік, өткен аптадағы Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар архив ісі мәселелеріне қатысты түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл құжат қабылданғаннан кейін Біртұтас электронды архив құрылады, архив мамандарының жалақысы көбейеді, жеке деректер қорғалады, мемлекет қаржысына жасалған туындыларды архивке тапсыру міндеттеледі.

Жалпы отырыс қорытындысында Мәжіліс депутаттары өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға 9 депутаттық сауал жолдады. Мәселен, Нартай Сәрсенғалиев футбол клубтарын жедел жекешелендіріп, оларға жергілікті бюджеттер тарапынан бөлініп келген қаражатты жаттықтырушылар жалақысын ұлғайтуға бағыттау керек деп есептейді.

    – Мемлекет басшысы Жолдауында: «Футбол клубтарын жекешелендіруге қатысты жұмысты тездету керек. Мұндай қадамсыз Қазақстанда футбол дамымайтынын әлемдік тәжірибеден көріп отырмыз», - деді. Расында қазақстандық футбол клубтары қақпаға гол салудан гөрі, қазынаға қол салуды жақсы меңгерген. Ал біз олардың бюджетке таласқандай жасыл алаңда допқа таласқанын қалаймыз. Себебі қазіргі нәтижелері қарын ашырады. Әлемдегі белді доп додасына жолдама алған жалғыз клуб қалғандарына қорған бола алмайды, – деді депутат.

Сергей Пономарев 2026 жылдың шілде-тамыз айларына жоспарланған әрі 62 млрд теңге қаржы шығындау көзделіп отырған халықаралық «Болашақ ойындарын» кейінге шегеру қажет деп санайды.

    – Әрбір болашақ қазіргі берік іргетастың үстінен салынады. Қазіргі экономикалық ахуалда 2026 жылы мұндай ауқымды шығындардың орындылығы күмән тудырады, – деді деді С. Пономарев.

Жасөспірімдер арасындағы қатыгездік мәселесін көтерген Елнұр Бейсенбаев барлық мектепте антибуллингтік бағдарлама енгізіп, психологиялық көмекті күшейтуді, агрессияның алдын алуды үйретуді ұсынды.

    – Бала кәмелет жасына толғанша оның әрбір іс-әрекетіне тікелей ата-анасы жауапты деген міндетті заңмен бекітуді тиісті мемлекеттік органмен ойластыруымыз қажет. Бұл ретте, ата-аналардың мектепішілік, мектепаралық іс-шараларға қатысуын күшейткен жөн. Өйткені адамдықтың негізі – отбасындағы тәрбие. Төртіншіден, әлемдегі әлеуметтік зерттеулер бүгінгі балалардың смартфондардың салдарынан психологиялық тұрақтылығы мен әлеуметтік ахуалы қалыпты емес екенін дәлелдеп отыр. Сондықтан әлемнің дамыған елдерінде мектеп қабырғасында смартфонға шектеу қою трендке айналған. Өйткені бұл процесс балалардың үлгерімінің өсуіне, достық қарым-қатынасының нығаюына әсер етеді, – деді ол.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT