Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нұрлыбек Ожаев іс сапармен Исатай ауданында болды.
Ол өз сөзінде референдум жайында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге және халықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдау мақсатымен Нарын ауылының тұрғындарымен, сондай-ақ, аудан орталығында ардагерлермен кездесті. Жиынға облыстық мәслихаттың депутаты Махсот Абуов пен «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Әліби Хайдаров қатысты.
- Ең бірінші, әрбір қазақ азаматы бұл референдумға өз үлесін қосып жатқанын сезінуі керек. Биліктің қайнар көзі- халық. Қазір билік пен бұқараның арасы алшақтап кетті. Қазіргі биліктегі жүйе халықты қанағаттандырмайтыны жасырын емес. Сондықтан бәріміз үшін өзгерістің болғаны қажет деп ойлаймын. Конституциялық реформаның ең басты қақпасы осы референдум. Себебі, осының барлығын өзгерту үшін, әділетті Қазақстанды құру үшін жаңа көзқарастағы қоғам қалыптастыруымыз керек. Референдумның мақсаты қоғамда әділетті Жаңа Қазақстан қалыптастыру. Өйткені, мемлекет басшысы:«Жаңа Қазақстан - Әділетті Қазақстан» деді.
Референдумда 33 бап жаңарып, 56 түзету енгізіледі. 33 баптың 31-і қолданыстағы баптар, екеуі жаңадан қосылады. Конституцияның 30 %-ы өзгеріп, қазіргі қоғамдағы жүйе өзгереді.
Өзгерістердің ішінде сайлау жүйесі де бар. Бұрын депутаттық мандатты алу үшін міндетті түрде бір саяси партияда болу керек болатын. Қарапайым адамдар мүлдем қатыса алмайтын еді. Енді мажоритарлық сайлау жүйесі қайтадан орнына келеді,- деді Нұрлыбек Ожаев.
Сонымен қатар ол тұрғындардың да ұсыныс-тілектері мен пікірлерін тыңдады.
Берікбол ҚОНАРОВ