Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен жаңа жылдағы инфляцияны тұрақтандыру мәселелері жөніндегі алғашқы кеңес өтті.
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының кеңейтілген тізбесі биылғы жылдың 4 қаңтарынан бастап күшіне еніп, алғашқы оң нәтижелерін көрсете бастады. Атап айтқанда, жыл басынан бері азық-түлік тауарлары бағаларының индексі +0,2%-ды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен (+0,7 %) үш есе төмен.
Бұған дейін мемлекеттік баға реттеуі қолданылмаған бірқатар тауар позициялары бойынша да оң баға динамикасы тіркелді.
Жыл басынан бері сүт өнімдерінің бағасы төмендеді: қаймақ 0,2 %-ға, сүт 0,3%-ға, ірімшік 0,6 %-ға арзандады. Жеміс-көкөніс тобы бойынша қызанақтың бағасы 1%-ға, қияр 3,7%-ға, алма 1,5%-ға төмендеді. Сонымен қатар кеңейтілген тізбеге енгізілген күріш, шай, ет және балық өнімдерінің жекелеген түрлері бойынша да бағаның төмендеуі байқалады.
Отырыс барысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тізбесін кеңейту шарасы уақытша сипатқа ие екені және азық-түлік нарығындағы баға ауытқуларын жақсартуға бағытталғаны айтылды. Нарықтағы жағдай тұрақтанған сайын аталған тізбе кезең-кезеңімен негізгі 19 позицияға қайтарылады.
Сонымен бірге жекелеген азық-түлік өнімдері бойынша бағаның өсуі сақталуда. Олардың ішінде күнбағыс майы, сары май және сүзбе қымбаттаған. Бұл, негізінен, импорттық өнімдердің үлесіне, сондай-ақ сыртқы нарықтағы баға конъюнктурасына байланысты. ФАО деректеріне сәйкес, 2025 жылдың қорытындысы бойынша өсімдік майларының әлемдік орташа баға индексі 161,6 пунктті құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 17,1 %-ға өсті. Бұл көрсеткіш соңғы үш жылдағы ең жоғары деңгей болып отыр және әлемдік нарықтағы ұсыныстың шектеулі болуымен байланысты.
Ішкі нарықтағы бағаны ұстап тұру мақсатында Сауда және интеграция министрлігі майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығымен биылғы жылға өнімнің сату бағасын тұрақтандыруды көздейтін меморандум әзірлеуде. Сондай-ақ жұмыртқа, тауық еті, тұз және картоп өндірушілерімен де осындай келісімдер жасалмақ.
Түркістан облысындағы әлеуметтік нан бағасының өсу жағдайы да жеке қаралды. Өңірдегі үш наубайхананың бірінде өндірістік шығындардың артуы және арзандатылған ұн тапшылығына байланысты баға көтерілген. Қазіргі уақытта жағдай тұрақтандырылып, баға бұрынғы деңгейіне түсірілді. Осыған байланысты вице-премьер Азық-түлік корпорациясына «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен бірлесіп өңірлердің жеңілдетілген ұнмен қамтамасыз етілуіне жедел талдау жүргізуді және қажет болған жағдайда арзандатылған астықтың үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.
Көкөніс өнімдері мен алма бағасы жалпы алғанда тұрақты деңгейде сақталуда. Қаңтар айында картоптың сату бағасы бір килограмына 150–170 теңге аралығында болды. Бұл Сауда және интеграция министрлігі мен Картоп өсірушілер одағы арасындағы меморандумда белгіленген шекті деңгейлерге сәйкес келеді.
Сонымен қатар картоп пен сәбіз экспортының артуы ішкі нарыққа қосымша қысым түсіруде. Осыған байланысты өңірлердегі бағаны тұрақтандыру мақсатында тұрақтандыру қорларынан көкөніс өнімдерін сату жұмыстары басталды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, жалпы көлемі 247 мың тоннаны құрайтын қалыптастырылған қордан 35,8 мың тонна өнім сатылған. Бірқатар өңірде өнімді қолжетімді бағамен өткізу қарқыны жеткіліксіз. Осыған байланысты Серік Жұманғарин өңір әкімдіктеріне ақпан айының соңына дейін өткен жылғы өнім қорының негізгі бөлігін сатуды тапсырды.
Сондай-ақ Сауда және интеграция министрлігіне QazTrade компаниясымен бірлесіп наурыз айының басынан бастап көршілес елдерден ерте пісетін ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуді ұйымдастыру тапсырылды. Жыл соңына дейін республика бойынша шамамен 6 мың ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізу жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, вице-премьер жауапты мемлекеттік органдарға ағымдағы баға динамикасын ескере отырып, бағаны тұрақтандыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын қайта қарап, өзектендіруді тапсырды.


