Нарын таңына 50 адам қосылды

0 votes

2025 жылдың бірінші жартыжылдығына баспасөзге жазылу науқаны басталғаны баршаңызға белгілі. Оның ішінде аудандық газетке жазылушылар саны өткен жылы осы кезеңмен салыстырғанда едәуір артып келе жатқаны байқалды.

Бұл ауылдастарымыздың аудан айнасына деген көзқарастарының өзгергені, жанашырлықтарының артқаны, жүректерінде төл басылымға деген махаббаттың оянғаны деп түсіндік. Өңіріміздің аумағында мұнай-газ өндіруші  компаниялар тарапынан да жергілікті басылымға қолдау көрсетіп, өз қаржысына ауылдастарын газетке жаздырушылар да табылуда. 

Жанбай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзажан Балпановтың айтуынша, «Потенциал Ойл» ЖШС  жергілікті тұрғындарды тұрақты түрде баспасөзге жаздыруды жыл сайын дәстүрге айналдырып келеді. Биыл жоғарыда аталған серіктестік 50 адамды аудандық «Нарын таңы» мен  20 адамды «Атырау» газеттеріне жаздырды. Одан бұрын серіктестік 1 қазан – Қарттар күніне байланысты 200 мың теңге көмек қолын созса, баспасөзге жаздыруға 138-140 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсеткен. Газетке жазылғандар қатарында жағдайы төмен отбасылар, мүгедек жандар, еңбек ардагерлері бар. Бұл серіктестік ешқашан қайырымдылық жасаудан қашпайтындарын айтады.

- «Бұқаралық ақпарат құралдарының ішінде газеттің алатын орны қашанда ерекше. Жергілікті «Нарын таңында» ауданымыздың тыныс-тіршілігі жарияланады. Қоғамда болып жатқан жаңалықтарды, жетістіктерді газеттен оқып, қуанып қаламыз. Аудан айнасы – «Нарын таңы» газетіне жазылу жүріп жатқанын әлеуметтік желіден оқып білдім. Газет – қашанда елді бірлікке шақырып, рухани азық сыйлайтын тәрбие құралы. Оның үстіне, аудандық газет аудан көлеміндегі түйткілді мәселелерді көтеріп, бұқараның мұңы мен мұқтаждығын билікке жеткізіп, оның шешілу жолдарын іздеуімен оқырман көңілінен шығып келеді. Сондықтан біз де жазылу науқанына өз үлесімді қосқанды жөн көрдік,-дейді «Потенциал Ойл» ЖШС басшысы Ғабиден Қарамолдин.

 Жанбайлық «Потенциал Ойл» ЖШС-нің бұл ісі өзгелерге де үлгі болып, аудандық басылымның оқырманын көбейтуге үлесімді қосамын дейтін өндіріс, мекеме, кәсіпорын саны арта түседі деп сенеміз.

                                                                              

  Аяпберген САЛИХОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT