Бүгін Исатай ауданының әкімі Полымбет Хасановтың тоқсандық халықпен кездесуі Нарын және Жанбай ауылдық округтерінде жалғасын тапты.
Кездесуде аудан әкімі ел Президентінің жарлығына сәйкес енді жергілікті тұрғындармен жиі-жиі кездесіп тұратынын айтты. Одан кейін ауылдағы атқарылған және атқарылуы тиіс жұмыстар жөнінде Нарын ауылдық округінің әкімі Рухолла Тәкенов баяндама жасады.
Ол биылғы жылы қолға алынған жұмыстар жөнінде баяндады.
- Жаңа Жанбай және Нарын ауылдарындағы өзекті мәселелердің бірі – құм көшкінін тоқтату үшін, шамамен алғанда 5 участоктен тұратын 8,124 гектар жердің кординаты белгіленіп, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына аудан әкімі арқылы хат жолданды.
Жаңа Жанбай ауылы орталығындағы балалар ойыны алаңына жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жабдықтандыру үшін «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша, жобалық сметалық құжаттамасы жасақталуда. Құжаттама дайын болғаннан кейін конкурсқа жіберіліп, жеңімпаз мердігер анықталғаннан кейін жұмысын бастайды.
Жаңа Жанбай ауылындағы Арай және Мұнайшы көшелеріне автокөлік жолдарын салу үшін аудандық әкімдікке хат жолданды. Әрі қарай да жұмыстар жалғасуда.
Нарын ауылындағы кіші аяқ доп алаңын жөндеуге аудандық әкімдік арқылы Исатай аудандық мәслихат сессиясымен қаржы бөлінді. Қазір оның жобалау сметалық құжаттамасы жасақталуда. Құжаттамалар біткеннен кейін, конкурсқа жіберіліп, ұтқан мердігер мекеме жәй жөндеу жұмыстарын жасауға кіріседі.
Буландыру алаңының айналасын қоршау, іргесін көтеру жұмыстары «Атырау су арнасы» қызметкерлерімен бірлесіп атқарылды, - деді.
Ауыл тұрғыны, зейнеткер Жұмабай Нұржанов: - Біз Ардагер көшесінде бар жоғы 14 үй тұрамыз. Сол көшеге жарық жүргізу қай уақытта жүзеге асады,-деді.
- Нарын және жаңа Жанбай ауылдарының бас жоспарына сәйкес тұрғын үй құрылысын салу үшін инженерлік инфрақұрылымдық сметалық құжаттама жасақталып, қазіргі уақытта сараптамадан өткізілуде. Аталған жобаның ішінде «Жаңа құрылыс», «Ардагер», «Шұғыла» көшелерінің тозығы жеткен ағаш соқаларын жаңа бетонды соқаларға ауыстыру жұмыстары да қарастырылған. Бірақ бұл аз уақыттың ішінде шешілетін жұмыс емес. Қазіргі уақытта жоба бітіп, мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Мемлекеттік сараптамадан шыққаннан кейін қаржы бөлу жөнінде өтініш беріледі. Қаржысы бөлінсе, жұмыс жасалады, Нарын және Жаңа Жанбай ауылдарына көше жарығын жүргізу үшін қазіргі уақытта жобалық сметалық құжаттамасы жасақталып жатыр, - деді аудан әкімі.
Жиын барысында тұрғындар бірауыздан ауылдағы интернет желісінің өте нашар екенін, қымбатшылық жөнінде айтты.
- Азық-түлік бағасының қамбаттап тұрғаны жасырын емес. Үкімет белгілеген 19 түрлі тағам бар, соларға шектік баға қойылған. Сол 19 түрлі тағамды бақылауда ұстаймыз. Ауданымызда олардың ішінен жетеуінің бағасы шектік мөлшерден асып тұр. Қазір әр облыста арнайы комиссия құрылды. Олардың құзырында бағаны негізсіз өсірген кәсіпкерлерді жауапкершілікке тарту көзделген. Әзірге қолымыздан келгенше жұма сайын аудан орталығында, сейсенбіде Тұщықұдықта, сәрсенбіде Х.Ерғалиев ауылдарында жәрмеңке ұйымдастырып отырамыз, - деді аудан әкімі Полымбет Хасанов.
Жанбай ауылдық округінде жалғасын тапқан жиында да, аудан әкімі ең бірінші Президенттің жарлығы бойынша әкімдер ендігі жерде жергілікті халықпен тоқсан сайын кездесетінін түсіндіріп өтті. Ол атқарылған жұмыстарға жеке-жеке тоқталмай, бірден алда жасалуы тиіс жұмыс жоспарлары туралы баяндады.
- Көптен бері көпшіліктің көтеріп жүрген мәселесі, Нарын каналына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалау сметалық құжаттамасы жасақталуда. Ол «ҚазСуШар» ЖШС мекемесінің балансында тұрған канал. Егер мемлекеттік сараптамадан өтсе, аталған мекеме тарапынан күрделі жөндеу жұмыстарын жасауға қаржы бөлінеді деп отырмыз.
Ауылға алдыңғы жылы 4,5 шақырым, өткен жылы да 4,5 шақырым асфалт жолдың астыңғы қабаттары түгелдей төселді, биыл сол ұзындығы 9 шақырым болатын асфалттың ең жоғарғы қабатын төсеп бітіруіміз керек деп жоспарлап отырмыз – деді ол.
Сонымен қоса, көптен бері шешімін таппай жүрген ток желісін өткен жылдың 31 желтоқсан күні қосып, 100 жарықшамды жақтық. Спорт кешеніне жөндеу жұмыстарын жүргізуге және палигонды қоршауға жобалау сметалық құжаттамасын жасақтап жатырмыз. Біткеннен кейін мемлекеттік сатып алу жариялаймыз, - деді.
Бұдан кейін Жанбай ауылдық округі әкімі Дидар Есмұханов былтырғы жылдың қорытындысы бойынша жыл басындағы есеп беру жиынында әкімдердің назарына берілген маңызды ұсыныс пікірлердің орындалу барысы туралы айтты. Соның бірінде тұрғындар, Жанбай ауылына жоғары білімді дәрігерлер мен жаңа жедел жәрдем көлігі қажет деген.
- Ауылдық емханада бүгінде 11 орта буын медициналық қызметкерлер жұмыс жасайды. 2015 жылы пайдалануға берілген 1 жедел жәрдем көлігімен қамтылған. Бұл ұсыныс туралы аудандық емхана басшысына хат жолданды. Енді келген жас мамандарға қызметтік пәтер де дайын тұр, - дейді округ әкімі.
Бұған қоса, мемлекеттік субсидия алушы азаматтарға талаптарға сай түсіндірме жұмыстардың жүргізілгені, ауыл ішіне жазғы су құбырын тарту жобасының құжаттамаларын жасақтау туралы жақсы жаңалықтардың шет жағасын баяндады.
- Жанбай орталығындағы монумент ескерткішке жөндеу жұмыстарын жүргізіп, ауылдағы көшелерге жаяу жүргіншілер жолын салу керек деген ұсыныстарын жеткізді ауыл ақсақалдары. Әйтпесе, ескірген ескерткіштің қасына сырттан келген қонақтарды апару ұят, - дейді ауданның Құрметті азаматы Мырзажан Балпанов.
- Мен облыстық мәдениет басқармасына хат жолдадым, сонымен қатар, қазіргі басқарма басшысының міндетін атқарушыға да қоңырау шалып айттым. Солардың тарапынан жөнделеді. Ал, жаяу жүргіншілер жолын салуға келсек, оған әзірге мүмкіндік жоқ. Себебі, ауданымызда ішкі және сыртқы тас жолдарды қажет ететін елді мекендер бар, соларды аяқтамай басқа жұмысқа мойын бұра алмаймыз6 - деп жауап берді аудан әкімі оған.
Жиын барысында бұдан бөлек тұрғындар тарапынан ауылішілік жолдарға жол белгілерін орнату, қала мен ауданнан қатынайтын такси бағасын тұрақтандыру, жаңадан салынып жатқан көшелерге Атырау өңіріне белгілі тұлғалардың есімін беру туралы ұсыныстар айтылып, заң аясында тиісті жауаптар берілді.
Берікбол ҚОНАРОВ