Мемлекет басшысы халыққа жолдауында "бір маңызды міндет – есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күрес. Бұл – ұлттың генетикалық қорын аман сақтап қалу мәселесі деген сөз. Біз осыған дейін қажетті заңнамалық шараларды қабылдадық. Бірақ, нақты нәтижеге қол жеткіздік деуге әлі ерте. Әрбір мемлекеттік құрылым, әсіресе, құқық қорғау органдары тиімді жұмыс істеп жатыр деп айта алмаймыз. Есірткі мәселесі ушығып барады" деп нашақорлық қарсы әділетті қоғам құуды баса назарға алған болатын.Міне, бүгінгі күні осы бағытта мектеп оқушыларына да сала мамандарымен жіті байланысып, алдын алу бағытында іс-шаралар көптеп ұйымдастырылып жүр.Бұл нашақорлық – әлемді алаңдатып отырған өзекті мәселенің бірі. Есті алатын есірткі заттарына тәуелділік талай жанның тағдырын талқан еткенін біліп жүрміз. Өкініштісі, нашаға әуестенген бір адамның зауалы бүкіл отбасына, жақындарына теріс әсер етеді. Осы орайда, өткен аптада Исатай аудандық прокуратурасы, аудандық полиция бөлімінің ұйымдастыруымен және де ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі мен аудандық білім бөлімінің бірлесуімен «Нашақорлыққа жол жоқ» атты акциясы өтті. Онда жасөспірімдерге есірткінің зияны, оның адам өміріне деген үлкен қауіп әкеліп, болашағына балта шабылатындығы жөнінде оқушыларға түсінік берілді.
Акцияның мақсаты – жастар арасында нашақорлықтың алдын алу және оларды салауатты өмір салтына баулу. Бұл аталмыш жиынға мектеп гимназия, Абай, Өркен, Аққыстау орта мектебі мен Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектебінің жоғары сынып оқушылары қатысты.
Аталмыш шарада аудан прокуроры Асылан Тұрғанов алғысөз сөйлеп, айтулы мерекемен құттықтап, есірткісіз қоғам құруды тілге тиек етті.
-Есірткісіз қоғам құру – әрбір қазақстандықтың үлкен міндеті болып табылады.Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасымен есірткімен қарсы күрес жөнінде жұмысты күшейту, кәмелетке толмағандар арасынан нашақорлықтың алдын алу бағытында тапсырмасы жолданды. Осыған орай, аудан прокуратурасы мен аудандық полиция бөлімімен бірлесіп «Нашақорлыққа жол жоқ!» акциясы өткізілуде.Әлеуметтік желілерде синтетикалық есірткілерді өткізу бағытында көптеген жарнамалар таралуда. Есірткі сатушылар - синтетикалық есірткіні арнайы орынға тас-тап, яғни мекен-жайды сатып алушыларға жібереді. Осы іспен айналысқан тұлғалар арасынан оқушыларда кездесуде.Қылмыстық кодексте есірткі-психотропты өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сақтау оларды жөнелту, өткізу үшін 5 жылдан өмір бойынан бас бостандығынан айырылу жазасы көзделген. Қазіргі таңда қазақстандық жас балалар колонориясындағы сотталғандардың үштен бірі - тасымалдаушы. Олардың барлығы аса ауыр қылмысқа қатысып, жазасын өтеп жатыр. -Сондықтан құрметті оқушылар, азаматтық тұрғыда сіздердің міндеттеріңіз – Қазақстан Республикасының заңдарын сақтау және құқық бұзушылық жасамау. Сондай-ақ, басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбау болып табылады. Егер де, заңсыз әрекеттерден зардап шексеңіздер немесе куәсі болсаңыздар құқық қорғау органдарына хабарлауды сұраймын,-деді ол өз сөзінде.
Келесі кезекте аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Данияр Бимуханов та өз баяндамасын мәлімдеп, бұл республикалық көлемде ұйымдастырылып жатқан акция екендігін айта өтті.
- Еліміздің ертеңі мен болашағы – мына отырған жасөспірімдер мен жастардың қолында. Нашақорлық – бүкіл қоғамның қасіреті.Болашағымызға қауіп төндіріп тұрған індет. Нашақорлыққа көбінесе жасөспірімдер шалдығуда. Нашақорлар – ауру адамдар, олар есірткі үшін ауыр қылмыстарға барады. Есірткі адамның бар ақыл-ойын билеп алады. Ал нашақор адам – есірткіні қайткен күнде де қолдану үшін алаяқтық, ұрлау, тонау, тіпті кісі өлтіру қылмыстарына дейін барады. Есірткі заттарды қолданатындардың басым көпшілігі мектеп жасындағы жасөспірімдер. Себебі, жасөспірімдер еліктегіш келеді. Жасөспірімдер мен жастардың есірткіге тәуелділігінің алдын алу, барлық мемлекеттік және құқық қорғау органдарымен салауатты өмір салтын сақтау қағидасын берік ұстану мақсатында тренингтер, марафондар, спорттық шаралар ұйымдастырылып, дәстүрлі түрде өткізіліп келеді,-деген ол ғасыр дертінен сақтанып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
Сонымен қатар, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Ерболат Насимуллин мен аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлайна Құрманғалиева жас ұрпаққа нашақорлық туралы қысқаша түсінік бере өтті.
Осылайша, шара соңында оқушылардың назарына нашақорлық туралы бейнеролик көрсетілді. Алайда, оның орыс тілде емес, мемлекеттік тілде баяндалғаны оқушылар ұшін әлдеқайда түсінікті болып, іс-шараның одан әрі жақсы өтуіне ықпалы зор болар еді.
Сағыныш ҚАЙЫР
Исатай ауданы