Өндірісі өрлеген өңірде өнегелі жұмыстар көп

Исатай ауданы – тоғыз жолдың торабында орналасқан қала іргесіндегі тарихи аймақ.

Лағыл құмы мен көкбурыл сағымы, Каспийдей теңізі, аста төк мұнайы Хамит Ерғалиев, Фариза Оңғарсынова, Нұралы Әжіғалиев, Күзембай Әміров сынды ақындардың жырына арқау болып, Айгүл Үлкенбаевадай күйшінің сағағында ойнаған, батыр аналары талай атақты марғасқаларды дүниеге әкелген қасиетті өлке. Бүгінде дамудың даңғыл жолына түскен осынау мекенде әлеуметтік-экономикалық мәселелер қалай шешілуде, бір кездері қара жерден мұнай айырып, теңіздің тайдай балығын талғажу еткен халық қазір немен күн көруде, келешек жоспары қандай деген сауалдармен өңір тізгінін қолға алғанына 1 жыл толған аудан әкімі Марат Бисенғалиұлы Мурзиевпен тілдескен едік.

– Марат Бисенғалиұлы, тәуелсіздік жылдары елді тығырықтан алып шыққан Елбасының «алдымен экономика, содан кейін саясат» деген ұстанымының нәтижесінде алға дамып, халық игілігі үшін оңтайлы жобалар жүзеге асырылды, ел еңсесі көтерілді. Қай кезде де мемлекеттің даму көрсеткіші халықтың әл-ауқаты деңгейімен өлшенеді. Ендеше, исатайлықтардың бүгінгі әлеуметтік өсу деңгейі қандай?

– Исатай ауданы халқының әлеуметтік даму деңгейі бірқалыпты деуге болады. Аудан аумағында орын тепкен бірнеше мұнай компаниялары, шаруашылық құрылымдары, мұнай құбырлары, теңіздегі балық өндірісі салалары бүгінде аудан бюджетін толықтырып, өнеркісіп көлемін арттырып, әлеуметтік деңгейді көтеруге сеп болып отыр. Атап айтқанда, өткен жылы өнеркәсіп саласында өндірілген өнім көлемі 150,2 млрд. теңгені, сондай-ақ аудандағы кәсіпорындармен 1 178,2 мың тонна мұнай, 32,8 млн.текше метр ілеспе газ өндірілсе, биылғы жылдың 3 айында да 40,6 млрд.теңгенің өнімі өндірілді. Ал ауылшаруашылығы саласында 5,1 млрд. теңгенің өнімі шығарылды, оның ішінде 5 675 тонна ет, 4546 тонна сүт, 126,7 мың дана жұмыртқа өнімі алынды. Биылғы 3 айда да ауылшаруашылығы көрсеткіштерінің өсімі сақталуда. Бүгінгі күні ауданда 1 968 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, оларда 2 116 адам жұмыс жасайды. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерімен шығарылған өнім көлемі 6,8 млрд.теңгеге жетіп, 2016 жылмен 3 есеге өскен. 2018 жылдың 3 айында кәсіпкерлік субъектісі 6,2 пайызға,оларда қызмет ететіндер 2,3 пайызға, түскен салықтар 1,5 есеге өсті. Негізгі қорға жұмсалған инвестиция көлемі былтыр 23,2 млрд.теңгені құраса, биылғы қаңтар-наурыздағы көлем – 1,7 млрд.теңге болып отыр.

– Мемлекет бүгінде әрбір қазақстандықтың баспаналы болуына барлық жағдайды жасап жатыр. Исатай ауданында тұрғын үй реформасы қалай жүзеге асуда?

– 2017 жылы пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 31,7 мың шаршы метрді құрап, 2016 жылмен салыстырғанда 42 пайызға өсті. Жеке секторда 147 тұрғын үй құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Аққыстауда 60 пәтерлік 1 үйдің құрылысы тұрғындар игілігіне берілді. Бұған қоса, бүгінде Аққыстаудан 60 пәтерлік 3 тұрғын үй салуға жобалау-сметалық құжаттама сараптамадан өтуде. Аудан бойынша жаңадан салынатын тұрғын үйлерді инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында Аққыстау, Тұщықұдық, Х.Ерғалиев, Жанбай, Зинеден ауылдары және Өркен, Томан, Аманкелді елді мекендеріне су және газ тарту, Исатай, Х.Ерғалиев, Томан, Зинеден ауылдарына электр желілерін тартуға жобалау-сметалық құжаттама жасақталуда.

– Сәбилерді балабақшамен қамту мәселесі – еліміздің көптеген аймақтары үшін «бас ауыртатын» үлкен проблема. Мектепке дейінгі ұйымдармен қамтамасыз ету бойынша Исатай ауданының көрсеткіші бүгінде неше пайыз?

– Ауданда 3-6 жаста барлығы 2 073 бала болса, оның балабақша, шағын орталықтар, мектепалды даярлық сыныптарымен 1 820-сы қамтылып, мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылу көрсеткіші 87,7 пайызды құрады. Қазіргі уақытта балабақша кезегінде 650 арыз тіркелген. 2-3 жыл көлемінде балабақшамен қамту сұранысы толығымен қанағаттандырылады деп күтілуде. Бұл бағытта былтыр «ҚазМұнайГаз» акционерлік қоғамының демеушілік қаражатымен Х.Ерғалиев ауылынан 100 орындық «Айжұлдыз» балабақшасы ашылып, іске қосылды. Бүгінгі күні демеушілік қаражат есебінен Аққыстау ауылының Өркен елді мекенінде (КТК) 290, Зинеден ауылынан (NCOC) 100 орындық балабақша құрылыстары басталып, қарқынмен жүріп жатыр. Сондай-ақ Исатай ауылынан 100 орындық, Нарын ауылынан 80, Томан елді мекенінде 80 орындық балабақша құрылыстарына жобалау-сметалық құжаттамалары жасақталуда. Осы жобаларымыз толығымен уақытылы жүзеге асқаннан кейін ауданда балабақша кезегі минимумға дейін қысқарып, тіпті жойылады деп күтілуде.

– Ал Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі мен білім саласын материалдық-техникалық қамсыздандыру деңгейі қалай?

– 2016-2017 оқу жылында 225 мектеп бітірушінің 152-сі ҰБТ-ға қатысып, орта балл 69,9 болды. 4 оқушы «Алтын белгі», 3 оқушы «Үздік аттестат» иегерлері атанды. Биылғы оқу жылындағы жетістіктерді уақыт көрсетеді. Ал, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасына келер болсақ, облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа Аққыстау, Новобогат, Исатай мектептеріне Газель, Абай, Нарын, Ж.Мырзағалиев мектептеріне автобус, Қызылүй негізгі мектебіне Уаз автокөліктері сатып алынды. Былтыр 9 мектепке информатика кабинеттері, 10 мультимедиа кабинеті,15 мектепке 62 интерактивті тақталар, проекторлар,171 компьютер сатып алынды. Биыл 9 мектепке физика кабинетін алу, 10 мектепке робо техникасы кабинетін алу жоспарлануда.

– Жұмыссыздықпен күрес, кедейшілік деңгейін азайту, аз қамтылған отбасылар санын кеміту бағытындағы жұмыстар туралы айтсаңыз.

– Аудандағы халықтың тұрмыс жағдайын, кедейшілік себебін және жұмыссыздар санын анықтау мақсатында 2017 жылы ауылдық округтерде жүргізілген зерделеу қорытындысына сәйкес аудандағы барлығы 5 023 отбасының (28070 адам)103-і (563 адам) күнкөріс деңгейінен төмен табыс алатыны анықталған. Бұл көрсеткіш жалпы аудан халқының 2,0 пайызын құрайды. Ал жұмыссыздық деңгейі өткен жылы 3,9 пайызды құрады. Аталған мәселені одан әрі ушықтырмау және көрсеткішті төмендету мақсатында ұдайы түрде әлеуметтік акциялар, еңбек жәрмеңкелері өткізіліп келеді. Атап айтар болсақ, былтыр жұмыс іздеуші ретінде 1 707 адам тіркеліп, 1 035 адам жұмысқа орналасты. Сондай-ақ 606 адам ақылы қоғамдық жұмысқа, 26 адам әлеуметтік жұмысқа, 79 адам жастар тәжірибесіне тартылды.150 адам аспаз, жүргізуші, дәнекерлеуші,есепші мамандықтары бойынша қайта даярлау, біліктілігін арттыру курстарында оқытылды.

– Ауданға инвестиция тарту мәселесі қалай жүріп жатыр? Жалпы жаңа технологияларды пайдалану, баламалы энергия көздері секілді Елбасы Жолдауында көрініс тапқан заманауи бастамалар төңірегінде не айтасыз?

– Баламалы электр энергиясын өндіру жобасы бойынша «ВетроЭнергоТехнология» ЖШС-і Нарын ауылдық округінің Манаш учаскесінде бүгінгі күні жалпы құны 12,3 млрд. теңгені құрайтын станция құрылысын жүргізіп жатыр. Жоба өз қуатына толық қосылған кезде облыста өндірілетін барлық электр қуатының 13-14 пайызын өндіреді деп күтілуде. Инвестиция мәселесіне келетін болсақ, балық өнеркәсібін дамыту бағытында Жанбай ауылдық округіне қарасты Қызтуған учаскесінде «Шағала – Атырау» ЖШС-нің балық өңдеу цехы жобасы қолға алынды. Жобаның құны 250 млн. теңге, ал қуаты тәулігіне 6 тонна балық өңдеу болмақ. Аталмыш цехтың филе, тартылған балық өнімін (фарш) шығару цехы іске қосылса, 43 адам жұмыспен қамтылады. Артынша өнімді қайта өңдейтін екінші цех қосылған кезде (ыстау, кептіру, уылдырық жасау, кулинарлық) қосымша 37 адам жұмыспен қамтылатын болады.

– Өңірлерді дамыту бойынша жасалып жатырған жұмыстарға тоқталып өтсеңіз.

– 2017 жылы негізгі қорға жұмсалған инвестиция көлемі 23,2 млрд. теңгені құрады. Былтыр әр деңгейдегі бюджеттерден 2 млрд. теңгеден астам қаражат бөлініп, жұмыстар жасалды, биыл бұл жұмыстар жалғасуда. Елді мекендерде ұзындығы 29 шақырым электр желісі, электр нысандары және 354 дана көше жарығымен бірге пайдалануға берілді. Аққыстауда халыққа қызмет көрсету орталығы, теміржол арқылы өтетін жаяу жүргінші өткелін салу жұмыстарының құрылыстары жалғасуда. Өркен елді мекенінен Аққыстау ауылындағы қосалқы стансасына дейін 5,5 шақырым болатын электр желісінің құрылыс жұмыстары басталды. Сондай-ақ Зинеден (6,0 шақырым), Жаңа Жанбай (4,4 шақырым) елді мекендеріне кіреберіс және ауылішілік жолдарын қайта жаңғырту, Томан (3,3 шақырым) ауылының кірме және ауылішілік жолдарын күрделі жөндеу жұмыстары басталды, биыл аяқталады деп күтілуде. Аққыстау, Нарын, Исатай, Х.Ерғалиев, Тұщықұдық, Жанбай, Зинеден ауылдарында ауылішілік жолдарын күрделі жөндеу жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттамалары жасақталуда. Қызыл үй, Жасқайрат елді мекендерінде су тазарту қондырғысы мен селоішілік су құбыры желілері, Аққыстау ауылында лас су тазарту қондырғысы және кәріз желілерінің құрылыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Қызыл үй, Жасқайрат елді мекендеріне газ желісін тартуға жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталуда.

– Марат Бисенғалиұлы, өзіңіз спорт шеберісіз. Ылғи да бұқаралық спортты насихаттап жүресіз. Осы орайда әрі спортшы, әрі әкім ретінде аудандағы дене шынықтыру және спорт саласының даму қарқынына қандай баға бересіз?

– Кез келген мемлекеттің қуатты болуы, еңбекке қабілетті, ой еңбегі мен дене еңбегін қатар алып жүретін тәні мықты, рухы биік жандары көп елде ғана жүзеге асады. Ал, спортты денсаулық кепілі дейтін болсақ, ел намысы сыналатын салада да біршама өзгерістер орын алып келеді. Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауларында дене шынықтыру саласына айрықша мән бергені белгілі. Осыған байланысты ел аумағында түрлі үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, спорттық жарыстар, фестивальдер ұйымдастырылуда. Біздің өңір де айтулы істерден қалыс қалып жатқан жоқ. Аудандағы 59 спорттық нысандар 3329 адамға дейін келуші қабылдауға қабілетті. Жаңадан ашылған «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубында спорттың 9 түрі бойынша, атап айтқанда баскетбол, волейбол, футбол, үстел теннисі, дзюдо, самбо, гандбол, кикбокс және қазақ күресімен 270 оқушы жаттығуда. Исатай балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 804 бала футбол, баскетбол, тоғызқұмалақ, дзюдо, самбо, джиу-джитсу, бокс, қазақ күресімен шұғылданып жүр. 2017 жылы аудан бойынша жалпы саны 52 спорттық бұқаралық шаралары ұйымдастырылып өткізілді, оған 2800-дей адам қатысты. Бүгінгі күні халықаралық дәрежеде өнер көрсетіп жүрген спортшыларымыз да бар. Мәселен, Қырғызстан мемлекетінде өткен ардагерлер арасындағы қол күресінен Қанатова Алмагүл Азия чемпионы, Мұханбетова Жанаргүл мен Жарылғасова Гүлнар күміс жүлдегер атанды. Былтырғы қарашада Колумбияда өткен джиу-джитсудан әлем чемпионатында жерлесіміз Айымгүл Махуова құрамында қатысқан еліміздің ұлттық құрама командасы командалық сайыста қола медаль жеңіп алды. Аз да болса мұның бәрі біз үшін мақтаныш.

«Мәдениет – адамзат әлемінің айнасы» деп Әл Фараби бабамыз айтқандай, мәдени әлемі дамыған, саясаты тұрақты елдің келешегі де сарабдал екені даусыз. Жасыратыны жоқ, негізі ол салаларға жан бітіріп қарыштататын – жастар қауымы. Осы жөнінде пікіріңізді білсек.

– Әрине, мәдениет саласының жалпы ауданда аяқ алысы жаман емес. Өздеріңіз білесіздер, талай дарындылар өмірге келген киелі жердің қазіргі жастары да ата дәстүрді жалғастырып, қасиетті өнерімізді биік сатыға көтеріп келе жатқаны қуантады. Ауылдық мәдениет үйлері мен клубтарда қызмет етіп, халыққа мәдени шараларды ұйымдастырып жүрген қызметкерлердің дені негізінен жастар өкілдері. Өткен жылы Астана қаласында өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің аясында ауданда көптеген шаралар ұйымдастырылды. Оның ішінде әр ауылдың өнерпаз жастары аудан орталығына келіп концерттік бағдарлама ұсынса, аққыстаулық жас өнерпаздар барлық елді мекендерде болып, мерекелік концерт қойып, ел ықыласына бөленді. Жеке өзім барлық ауылдарда және аудан орталығындағы шараларда болып, тамашаладым. Сонда бір байқағаным, тамылжыта ән салып, мың бұрала билеген, күмбірлете күй шерткен өнерлі жастарымыздың көптігі, бұрын үлкен сахнаға шықпай, алғаш өнер көрсеткен жас өрендердің де сәтті өнері болды. Бізде әлі де өнерлі, жан-жақты интеллектуалды дамыған жалындап тұрған жастарымыз аз емес екеніне көз жеткіздім. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, ендігі мақсат сол жастарымызға қолдау білдіру, ауданның мәдениеті мен өнерін дамытуға жастарды көбірек тарту, жағдай туғызу мәселесі болып тұр. Біз аға буын өкілдері, дара дарындарымыз Хамит Ерғалиев, Фариза Оңғарсынова, Қаршыға Ахмедияров, Айгүл Үлкенбаева секілді әдебиет пен өнер адамдарының ізін жалғар жаңа буын дайындауға ерекше назар аудару қажет деп ойлаймын. Әр аптаның бейсенбі күнін жастар күні деп белгілеп, барлық округтердегі мәдениет мекемелерінде арнайы жастардың қатысымен іс-шаралар өткізу өткен жылдан бері жоспарланып, биыл да жалғасуда. Сондықтан, мәдениет саласына жан бітіріп, рухани өрістеуімізде жастар қауымына артар сенім зор.

– Исатай ауданының құрылғанына биыл 90 жыл. Ғасырға таяу шежіресі бар аудан жылнамасы көптеген атаулы даталарға, тарихи шараларға, ауылшаруашылық, экономика салаларында қол жеткізген жетістіктерге толы екені белгілі. Әрине, мерейтой – ас ішіп, табақ босатып, тай жарыстыру емес. Ендеше, осынау мерейтой қарсаңында атқарылатын айтулы жұмыстарға тоқтала кетсек.

– Айтуыңыз орынды. Өз жылнамасында 3 рет тарап, төртінші рет қайта құрылған ауданымыз осынау уақыт ішінде көптеген айтулы жетістіктерге де жетті, тәуелсіздік жылдарында жаңаша даму үрдісін бастан өткерді. Ауылшаруашылығын өркендету мен дамытудағы қосқан үлесі үшін Ұлы Отан соғысы жылдарында 3 рет КСРО Қорғаныс Комитетінің ауыспалы Қызыл туын жеңіп алып, мәңгіге сақтап қалған сол кездегі Новобогат ауданының бүгінгі күндегі жарқын іздері 90 жылдық мерейтойды лайықты атап өтуді қажет ететіні сөзсіз. Бұл бағытта аудандық ұйымдастыру алқасы құрылып, негізгі іс-шаралар жоспары бекітілді. Қазіргі уақытта аудан тарихы мен жылнамасын, елдің қалыптасуында аянбай еңбек еткен азаматтарымызды түгендеп, бұрынғы шыққан ше-жіре кітаптарды толықтырып, жаңа кітап етіп шығару жұмысын қолға алдық. Сондай-ақ жоспарымызда аудан орталығы Аққыстау ауылын абаттандыру, экспозициялық сәулетті кешендер орнату, И.Тайманұлы атындағы аудандық музейде 90 жылдыққа орай арнайы бұрыш жасақтау, ауылдық округтерде «Ауыл күндерін» өткізу, «Туған жерім - Нарыным» атты ақындар айтысын ұйымдастыру және «Аламан» бәйге өткізу жұмыстары бар. Басты шарамыз қыркүйек айында орталық стадионда театрландырылған қойылыммен бастау алмақшы, соңы өнер адамдарының концерттік бағдарламасымен жалғасуы тиіс. Сонымен бірге мектеп оқушылары арасында «Ауданым – менің мақтанышым» тақырыбында жас ақындар мүшәйрасын, үздік шығармалар байқауын өткізу жұмыстары да қолға алынбақшы. «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай рухани құндылықтарымызды да кеңінен насихаттау ісі жалғасатын болады. Тамыз айына «Нарын – достық мекені» облыстық би фестивалін өткізу, қыркүйек айында облыстық «Театр фестивалін» ұйымдастыру жоспарда бар. Одан бөлек танымдық шаралар, түрлі деңгейдегі басқосулар, спорттық шаралар, концерттік бағдарламалар өз кезегімен өтіп, ауданның мәдени өмірін жаңа қырынан қалыптастырып отыратын болады.

– Марат Бисенғалиұлы, соңғы сұрағым – аудан аумағы қаншалықты ұлаңғайыр зор болса, халқының да көңілі баладай аңғал, даладай кең, атымтайдай жомарт, тура және шыншыл, әрі сыншыл екенін сырттан келген өзіңіз аз уақыттың ішінде байқап-білген шығарсыз. Сонымен бірге осынау киелі өңірде ән шығарып, жыр жазып, кейінгі келешек ұрпаққа өсиет болар талай мәнді жәдігерлер қалдырған данагөй ағалар мен апалар да баршылық. Сұрайын дегенім, руханият саласына деген көзқарасыңыз қалай? Болам, жанам деген жалынды жүректерге қандай қолдау білдіресіз?

– Дұрыс айтасыз. Осыдан бір жыл бұрын ауданға алғаш әкім болып тағайындалған кезімде өңірдің халқы қандай, мәдениеті мен өнері қай деңгейде, ел ағалары кімдер деген сұрақтардың көкейімде болғаны рас. Кейін бұл жерден есімдері бүкіл қазақ еліне мәшһүр ақын-жазушылар шыққанын, қоғам қайраткерлерінің өмірге келгенін, батыр-билердің өмір сүргенін, бір сөзбен айтқанда небір дүлдүлдердің кіндігі кесілген қасиетті өлке екенін білдім, қызығушылығым оянды. Осы жерде еңбек еткен ардагер аға-апаларды, ауданның «Құрметті азаматтарын» шақырып, әңгімесін тыңдадым. Біртіндеп аудан тарихымен жете таныса бастадым. Исатай ауданымен мәдени-іскерлік байланыс орнатқан Батыс Қазақстан облысының Бөкей Ордасы және Жаңақала аудандары, Ақтөбе облысының Қобда ауданы, Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданы мен өзіміздің көршілес Махамбет, Индер, Құрманғазы аудандарымен байланысты одан әрі нығайтуды көздедім. Сол себепті, алдымен өнер өлкесіне саяхаттап, «Нарын –достық мекені» атты аймақтық дәстүрлі әншілер мен күйшілердің басын қосып, фестиваль ұйымдастыруды ұсыныс етіп, былтырғы жылдың қазан айында өткіздік. Алған әсер шексіз. Өнерлі жастарымыз барда қазақ өнерінің өлмейтініне көз жеткіздім. Ал, болам, жанам дейтін алымды да қарымды, дарынды жастарға біздің тарапымыздан әрдайым қолдау болады. Қазір аудандағы жұмыс жасап жүрген мемлекеттік қызметшілердің 60 пайызы жастар. Алдағы уақытта туған елінің мәртебесі мен мерейі үшін еңбек еткісі келетін жастар қауымы болатын болса, абырой биігінен көрініп, бірге қызмет жасауға шақырамын. Өңір басшысы ретінде жалынды жастарға қол ұшын беріп, қолдауға әзірмін. – Әңгімеңізге рахмет. Қызметіңізге сәттілік, толағай табыстар тілейміз!

Сұхбаттасқан Аслан МҰРАТҰЛЫ

Суреттерді түсірген Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521