Рамазан - көптеген жақсылықтар жасауға мүмкіндік беретін және сауаптар әдеттегіден еселене түсетін ай.
Тіпті, ораза ұстаған адамдардың Алланың алдындағы кейбір күнәлары да кешірілетінін үлкендер айтып отыратын.
Байқауымызша, ораза ұстаушылардың дені жастар сықылды. Кеңестік идеология мен жат наным-сенімдерден саналары таза болған соң да шығар, өрімдей жастардың Алланың алдындағы парыздарын түгендеуге тырысып жатқандығы қуантады. Өйткені, тәуелсіз еліміздің ұрпақтары білімділігімен қатар, ақылды, иманды да болуы да керек қой.
Менің институт оқитын немерем де үшінші жыл қатарынан ораза ұстап келеді. «Жас болсам да, Құдайға құлшылық ету - парызым» дейді ол. Қуанып қалдым. Парыз демекші, осы айда тек ішіп-жемнен тыйылуды ораза тұту деп түсінетіндер де бар.
Үлкендерден естіп, молда, имамдардан түйгенімізше, бұл қасиетті кезеңде адамның барлық мүшесі де ораза ұстауы тиіс. Соның бірі – тіл. Күні бойы ас ішпей аш жүргеніңізбен, өсек, өтірік, ғайбат сөздерді қоймасаңыз, ол ораза бола ма? Рамазандағы ораза түгел болу үшін қазақ айтқан «Екі елі ауызға төрт елі қақпақ» жабатын кез осы болса керек.
Әрине, әлсіз пендеміз ғой, білмейтінімізді Алла кешірсін. Дегенмен, жасаған құлшылықтың бүтін болғаны дұрыс деп ойлаймын. Ділі берік қазақпыз. Бастысы – мұсылманбыз. Сол себепті де жастарға білгенімізді айтып, қасиетті ораза айында оймақтай ойымызды жеткізуді жөн деп таптым.
Мырзажан БАЛПАНОВ,
зейнеткер.
Жанбай ауылы