Өнеркәсіп мекемелері 2027 жылдың 10 маусымына дейін су пайдалану жоспарын ұсынуға міндетті

 

АСТАНА. KAZINFORM – Өндіріс және өнеркәсіп мекемелері 2027 жылдың 10 маусымына дейін суды қайта және айналмалы пайдалану жүйелеріне көшу жоспарын ұсынуы керек. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлады.

Жаңа Су кодексіне сәйкес, өнеркәсіптік және жылу энергетикасы саласындағы кәсіпорындар 2027 жылдың 10 маусымына дейін суды қайта және (немесе) айналмалы пайдалану жүйелеріне көшу жоспарын әзірлеуге міндетті. Бұл – арнайы су пайдалану рұқсатын алу үшін қажет талаптардың бірі.

Жоспар бекітілген күннен бастап бес жылдан кешіктірілмей нақты іске асырылуы тиіс. Бұл талаптан тек суды қайта және айналмалы пайдалану жүйесімен жұмыс істейтін және судың мақсатсыз ысырабын барынша қысқартқан мекемелер ғана босатылады. Егер су пайдаланушы кәсіпорын өнеркәсіптік тұтынушыларға су жеткізу қызметін көрсетсе, жасалатын келісімшарттарда су тұтыну мен су бұрудың меншікті нормаларын әзірлеу және ұсыну шарттары міндетті түрде қамтылуы тиіс.

Бұл нормалар бес жыл мерзімге есептеліп, судың артық шығынын азайту мен арнайы су пайдалану рұқсатын алуды жеңілдетуге бағытталады. Суды қайта және айналмалы пайдалану жүйесіне көшу жоспарларын әзірлемеген немесе жүзеге асырмаған жағдайда, Су ресурстары және ирригация министрлігінің бассейн инспекциялары арнайы су пайдалану рұқсатын беруден немесе ұзартудан бас тартуға құқылы.

    – Мұндай жоспарлардың болуы кәсіпорындардың су үнемдеу технологияларын енгізуге және елдің су ресурстарына түсетін жүктемені азайтуға дайын екендігін көрсетеді. Су кодексіндегі жаңа нормалар бұрынғыдай тек формалды талап емес, нақты міндет пен заңды күшке ие құралға айналды. Тарихта алғаш рет су үнемдеу технологияларын енгізуге және су қорын сарқылудан қорғауға бағытталған құқықтық ынталандырулар мен санкциялар жүйесі құрылды. Бұл мемлекетіміздің су саясатының стратегиялық мақсаттарына толық сәйкес келеді, – деді Су ресурстары және ирригация министрінің бірінші орынбасары Нұрлан Алдамжаров.

Айта кетейік, Қазақстанда Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген жаңа Су кодексі күшіне енді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT