Өнерлі, білімді өрендер – елдік сындарда жүлдегер

Таяуда ауданымыздың өнерлі де білімді бір топ оқушысы республикамыздың әр түкпірінде өтетін түрлі бағыттағы республикалық сайыстарға қатынасуға жол жүріп кеткен болатын. 

Оның бірі – Алматы қаласында, Жазушылар үйінде өтетін «Абайдың асыл мұрасы» атты республикалық мектеп оқушылары арасында ақынның қара сөздерін айтудан мәнерлеп оқу сайысы болса, екіншісі – Ақтөбе қаласында өтетін ІІ-республикалық «Сөз ұлылығы» әдеби шығармашылық байқауы еді.

Міне, қазақ тілінің өркендеуіне өз үлесін қоса алатын, патриоттық сезімі, адамгершілігі зор талантты оқушыларға қолдау көрсету мақсатында өткізіліп отырған аталмыш байқауларға жолдама алған оқушылардан сүйінші хабар да келіп жетті.

Данышпан ақынның қара сөздерін бүгінгі ұрпақ жадына ұялатудың маңыздылығы зор десек, сол сөздерін кейінгі ұрпаққа насихаттау бағытында «Тәуелсіз ел жастары» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен 23-ақпан күні өткен І республикалық сайыста ауданымыздағы Өркен орта мектебінің 5 оқушысы киелі сахна төрінде өз бақтарын сынады. Бұл сынға белгілі абайтанушы, «Хакім Абай» ғылыми-зерттеу институтының директоры Жабал Шойынбет, «Қазақ» және «Шалқар» радиоларының Алматы студиясы жетекшісі, айтыскер ақын Бақыт Жағыпар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер Болат Әбділманов қазылық етсе, сол байқаудың құрметті қонақтары қатарында әйгілі абайтанушы Мекемтас Мырзахметов, жазушы Бейбіт Қойшыбай, актер Бекжан Тұрысов сынды белгілі тұлғалар да оқушылар арасындағы сайыстың куәсі болды.

Республикамыздың түкпір-түкпірінен келген 230 оқушы бақ сынаған байқау нәтижесінде Өркен орта мектебінің оқушысы Зарина Ерболатқызы Нұрғали Бас жүлдені қанжығасына байлап, ауданымыз бен облысымыздың абыройын асқақтатты. Сонымен бірге, осы мектеп оқушысы Айбибі Марксқызы ІІ дәрежелі дипломмен марапатталып, көрермен көңілінен шыға білді. Ал Дана Рүстембекқызы Ишанғали, Айдос Даниярұлы Жәнібек «Абайдың жас мұрагері», Рысгүл Арман-қызы Сәбит «Аталы сөздің балғын шебері» аталымдары бойынша марапатталып, өз мектебінің, ауданымыздың мақтанышына айналды.

Ұлттық құндылығымызды шәкірт жүрегіне сіңіріп, тәрбиелей білген жүлдегер оқушылардың жетекшілері Анаргүл Жұмажанқызы Салихова мен Ақбөбек Бауыржанқызы Исақұлова да елеусіз қалмай, шәкірт дайындаудағы еңбектері үшін Алғыс хаттармен марапатталды.

Сондай-ақ, «Сөз ұлылығы» атты ІІ-республикалық әдеби шығармашылық байқауға ауданымыз бойынша жалпы білім беретін Аққыстау орта мектебінің 12 оқушысы қатынасып, үлкен жетістіктермен оралды. Республикамыздың әр облысынан 320 шәкірт қатынасқан байқау үш аталым бойынша өткізілді:

1) Әдеби оқу – поэзия, проза,

2) Авторлық жұмыстар – поэзия, проза

3) Публицистика – эссе, мақала жазу.

Байқау қорытындысы бойынша «Әдеби оқу» аталымы бойынша Бас жүлдені Аққыстау орта мектебінің 9-сынып оқушысы Арсен Сағидуллин жеңіп алып, «Жыл жеңімпазы» төсбелгісімен марапатталды. Осы аталым бойынша жүлделі бірінші орынды 10-сынып оқушысы Анар Шұғыпан, 7-сынып оқушысы Ақерке Сүлеймен, 5-сынып оқушысы Құралай Мұрат алса, «Публицис-тика» аталымы бойынша 5-сынып оқушысы Мәлика Мұхамедрахим-қызы да жүлделі І орынды еншіледі.

«Әдеби оқу» бөлімі бойынша жүлделі ІІ орынды 11-сынып оқушысы Ақнұр Қалиматова, «Публицистика» бөлімі бойынша 5-сынып оқушысы Әсемай Жұмабекова иеленді.

Сонымен бірге «Публицистика» саласы бойынша жүлделі ІІІ орынды 10-сынып оқушысы Жандос Маху, 7-сынып оқушылары Айкен Асқарова, Дильназ Қапсих, 5-сынып оқушылары Мөлдір Аманбайқызы, Асылажар Ескендір еншіледі. Осынау шығармашылық бай-қауға оқушыларды дайындаған Аққыстау орта мектебі ұжымына, пән мұғалімдері Амина Бисенғали-қызы, Алтынай Серікқалиқызы сынды ұстаздарына және байқауға барып келуге қолдау көрсеткен ата-аналарға айтар алғысымыз шексіз. Дарынды да талантты шәкірттері-мізге әрдайым қолдау көрсеткенге не жетсін! Сөйтіп, ұлттық әдебиетіміздің мақтаныштары – Хамаң, Фариза, Нұралы туған қасиетті Нарын өлкесінің өнер қонған құдіреттілігін оқушыларымыз тағы бір дәлелдеп оралды десек болады.

Зияда ЗИНЕТҚЫЗЫ,

аудандық білім бөлімінің әдіскері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521