Несібесін еңбектен тапқан қарапайым жан

(0 Votes)

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев нағыз адал азамат дегеніміз кім екенін осылайша өз сөзінде пайымдаған еді:  «Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады», - деді Президент. Иә, бүгінде біздің түсінікте белгілі бір дәрежеге, мансапқа, байлыққа қолы жеткен адамдарды ғана еңбек адамы деп қарайтын секілдіміз. Ал шын мәнісінде қызметі көзге көрінбейтін, халық арасында қаншама өз ісіне адал жандар  қаншама. Олардың да істеп жүргені еңбек. Тек бір адамдарда ми еңбегі, ой еңбегі басым болса, енді біреулері керісінше физикалық тұрғыдан көп қимылдап, күннің ыстығы мен суығына қарамай еңбек етіп жүреді. 

«Еңбек бәрін де жеңбек» деген қазақта жақсы сөз бар. Расында адал еңбек етіп, ұрпағына адал ас ішкізген адамның қашанда айы оңынан туып, өмірі шаттықты, күні жарық болмақ. Бүгінгі күні арамызда белгілеп алған мамандығы болмаса да, ауыр еңбектен бел жазбай жұмыс істеп,  балаларын жетілдіріп, абыройы артып жүрген жандар жетерлік. Солардың бірі  кейіпкеріміз Меңдігүл Әленова қырық жылға жуық аудандық аурухананың тазалықшысы болып қызмет жасап келеді.Бұл жерде біздің айтпағымыз адал еңбек етіп, өз нәпақасын тауып жүрген адам қандай да құрметке лайықты. Сондай-ақ, қоғамда нағыз еңбекқор маман болу үрдісі кеңінен насихатталмақ. Біздің кейіпкеріміз қарапайым еңбек адамы ретінде ұжым арасында көпке сыйлы.Ұжымдастары да талай қиын күнді басынан өткеріп, оған талай рет куә болғанын жасырмады.Ал бізде ұжымдастары жарыса мақтаған  кейіпкерімізбен тілдесіп, сөзге тартқан едік.
-Сонау 1986 жылдан бастап осы аудандық ауруханада жұмыс жасап келемін. Ол кезде Ғалымжан Ғарифоллаұлы, Салтанат Каримоллаұлы, Сәуле Мұратқызы сынды білікті дәрігерлер бөлім меңгерушісі болған уақытта сол кісілердің қарауында қызмет еттік. Біз сөздің емес, істің адамымыз. Қыстың аязы мен жаздың ыстығына да қарамайтын, уақытпен өлшенбейтін жұмыс атқарамыз. Кез келген жұмысқа немқұрайлықпен қарау  табиғатыма жат дүние. Адал еңбектің арқасында үлкен жетістікке жетуге болатынын білемін.  Міне, талай жыл бойы аурухана табалдырында еңбек етіп,адал табысысды тауып келемін. Осылайша,тынбай тер төгудің арқасында біраз нәрсе үйренгендеймін. Алдымен адам баласы тазалықты өзінен бастау қажет.Содан соң айналаның тазалығын сақтаған жөн. Сонда ғана, айналаның айнадай жарқырап тұрғанын көргенде қиындықтардың барлығын ұмытып, бір марқайып қаласын.  Ұзақ жылдан бері бір мекемеде жұмыс істеу үшінде табандылықты қажет етеді. Өзім бұл жұмыс үшін ұялған емеспін.  Өз ісімен мақтанамын. Әрбір адам өз жұмысына адал болып,  соңына дейін жеткізу қажет. Қай жұмыстың да оңайы жоқ. Ол үшін төзімділік пен сабырлық қажет. Кейінгі жастарға да үнемі осыны айтып отырамын. Қиындық кез келген жұмыста болады. Барлығы төзімділік пен шыдамдылықты талап етеді. Бірақ ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруге де болмайды. Адам тұрақты болуы керек. Өзіме ыңғайлы, жалақым да көңілге қонымды. Басшылық тараптан еңбегіміз еленеді. Еңбек адамына бұдан артық не керек? Жалпы, жұмыс өте қиын және ол таң атқаннан кеш батқанша бір орнында тыным таппаймыз.Қанша дегенмен біздер халық көп шоғырланатын ғимарат ішінің тазалығын ұстау жіті назарымызда. Бізге қоятын басты талап - міндетті түрде санитариялық тазалықты сақтау, гигиена мен емхана айналасының  мұнтаздай таза болуын қадағалаймыз.Қай сала болмасын, әр жұмыстың өз қиыншылығы бар.Қазақта айтады ғой, «бәріне, уақыт емші» деп. Бұл сөздің жаны бар.Талай осы жасқа дейін ғұмырымызда түрлі қиындықтар кездескені де жасырын емес.Тек адам кез келген қиындыққа морт сынбай, оны жеңе білсе, тіпті жақсы. Жолдасым, ертеректе қайтыс болды. 3 баламен жүріп, осы қызметте табан аудармастан қырық  жылға жуық қызмет еттік. Тіпті, дәрігерлердің бел ортасында жүріп, укол салу, қан қысымын өлшеу, балтыры ауырып, буыны сыздағанда қандай дәрі ішу керектігін де үйреніп, игеріп алдық. Күндегісін неше түрлі дертіне шипа іздеген жандар мен ауыр жағдайдағы науқастарға кез боламыз. Медбикелермен біріге, оларға көмек көрсетуге бізде асығатын едік.Ал қазір мен 7 жылдан бері жұмысымды Томан медициналық пунктіне ауыстырдым.Себебі, осы жерде балам фельдшер болып қызмет атқарады, соның қасындамын.Құдайым ғұмыр берсе, бір жылдан соң зейнет жасына толып, зейнеткерлікке шығамын.Құдайым, абырой беріп, адал еңбекпен осы күнге жеткеніме шүкір етемін,- деген кейіпкеріміз ағынан жарылды.Сөйтсе, баласы да өз таңдауымен фельдшерлік мамандығын оқып, 2014 жылдан бері Томан елдімекенінде дәрігер боп еңбек етіп келеді екен. Айтпақшы, Меңдігүл апай жұмыс уақытынан тысқары кезде шығармашылық жұмыспен айналысады.Яғни қағаз бен қаламды серік етіп, жырдан өрнек құрайды.Бүгінгі күні кейіпкеріміздің екі авторлық екі кітабы жарыққа шыққан.Оның бір көрнісі аудандық орталық кітапханада өткен кітабының тұсаукесері еді.Сіздердің назарларыңызға ұсынған сурет соның бір айғағы десе де болады.  Иә, адам өз несібесін адал еңбектен ғана табады. Қолынан келгенін аянбайтын әр адамға әркез сый-құрмет көрсетілуі тиіс.  Президенттің: «Қарапайым еңбек адамына деген құрметті арттырып, ел сүйсініп қарайтындай жағдай жасау қажет» – деп атап өтуі өте орынды. Нәпақасын маңдай тер, адал еңбектен тауып жүрген кейіпкеріміздің ісі көпке үлгі. Ауыр еңбектің ыстығы мен суығына қатар төзетін еңбек адамы қашанда мақтанышымызға айнала бермек.

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT