Несиесін қайтара алмай жүргендер нені білуі керек?

Бүгінгі мәліметтерге сай республика бойынша 5 миллион отандасымыз несие алған екен. Соның ішінде 1 миллиондай адам қарыздарын уақытылы төлей алмауда.

Алайда, банктер несиені қалай да қайтарып алуға ұмтылатыны белгілі. Олай болмаған жағдайда бұл іспен коллекторлар айланысады. ҚР Ұлттық банкі Атырау облыстық филиалының бөлім басшысы Асланбек Кабесовтың мәліметінше, аталмыш саланы реттейтін Заңдағы өзгерістерге сәйкес, коллекторлық мекемелер енді борышкерлерге таңғы 08.00-ден 21.00-ге дейін күніне үш рет қана хабарласа алады. Оларға апта ішінде үш кездесу өткізуге ғана рұқсат етілген және таңғы сағат 08.00 мен 21.00 аралығында бір реттен артық кездесуге тыйым салынған.

Сондай-ақ, кездесудің уақытын борышкер белгілейді және мұның барлығы жұмыс күндері ғана жүргізілуі тиіс. Мереке, демалыс күндері кез келген байланысқа рұқсат етілмейді. Әрине, біреуге қарыз болған жақсы емес, алайда өз құқығыңды білген де дұрыс. Мәселен, осыған дейін, несиесін төлей алмай жүргендерге коллекторлық агенттіктенбіз деп хабарласып, аузына келгенді айтып, қорқытып, бопсалау оқиғаларының болғаны жасырын емес. Тіпті, баласының қарызы үшін үйіне хабарласқан агенттік мүшелері қарызгердің ата-анасына бар жайды жайып салып, артынша қарияның жүрек талмасына ұшырағанын да БАҚ беттері жазудай жазды.

Енді ондай арандатушы жайттарға үзілді-кесілді тыйым салынды. Коллекторлық агенттіктерге борышкерді өз міндеттерін орындауға мәжбүрлеудің кез келген тәсілін қолдануға заң жүзінде тыйым салынады. Атап айтқанда, жалған ақпарат таратуға, өміріне қауіп төндіруге, бопсалауға, алаяқтық жасауға, қарызын өтеу үшін борышкерден ақша немесе мүлік алуға, несие алушының құпиясын ашуға болмайды.

Аслан Мұратұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521