Облыс әкімі халықтың сұрағына жауап бермейтін басшыларды сынады

Қазір бұрынғыдай емес, бұқара билік өкілдеріне ұсыныс-пікірлері мен сын-ескертпелерін оңай жеткізе алады.

Бетпе-бет жүздесудің сәті түспесе де әр деңгейдегі әкімдіктердің әлеужелі парақшалары халықтың ойларын ашық айтатын алаңына айналған. Бұның өзі заман талабына сай ашықтықты білдірсе керек.

Бұл басшылардың да желіде белсенді болуларын талап етеді. Түйткілді сауалдың тұшымды жауабы көп кешікпей, дер кезінде берілуі тиіс.

Бұл туралы Атырау облысының әкімі әкімдіктің фейсбук парақшасында пікір білдірді.

- Қазіргі таңда менің фейсбук және инстаграм әлеуметтік желілерінде жеке парақшам бар. Телеграмды да бір уақыт өзім жеке қарап, бақылап отырамын, - деген аймақ басшысы әлеуметтік желінің өте маңызды екендігін, сондықтан, басқарма басшылары тұрғындардың әрбір сұрағына жедел жауап берулері қажеттігін атады. - Әлеуметтік желіге әр басқармадан бір-бір жауапты адам қойған дұрыс. Фейсбукте жеке парақшасы жоқ басқарма басшылары мен аудан әкімдері жедел ашқаны абзал. Халықпен тікелей байланыс орнату өте маңызды. Жалпы әлеуметтік желідегі жұмыстарды жандандыру қажет. Бұл орайда, облыс әкімі баспасөз хатшысымен және Өңірлік коммуникациялар қызметімен (ӨКҚ) тығыз байланыста жұмыс істеуді тапсырамын,- деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов жазбада.

Сонымен қатар, аймақ басшысы әлеуметтік желілерде белсенділік танытып, тұрғындардың сұрағына дер кезінде жауап беретін бірқатар басқарма басшыларын атап өтті. Олардың қатарында Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен Денсаулық және Білім басқармасы бар.

Махамбет Досмұхамбетов полиция департаменті кейбір сұрақтарға апталап жауап бермейтінін де атап өтті. «Мәселен, тұрғындар құқықбұзушылыққа, жол ережесін бұзуға және рұқсат етілмеген жерге көлік қоюға қатысты өздері видео және суреттер жіберіп отыр. Алайда оларды тиісті департамент дер кезінде анықтай алмай жатады» дейді аймақ басшысы.

Айлап жауап бермейтіндердің қатарында «РЦКУ-Атырау» ЖШС (газға қатысты), «КТЖ» АҚ Атырау филиалы, «Қазақтелеком» АҚ, «Қазпошта» АҚ да бар екен.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521