Көктем шыға ауданда жылқы малының ауруы тіркеліп, шаруагерлерді әуре-сарсаңға салған болатын.
Ауданымыз мал шаруашылығы дамыған өңір болғандықтан мал ауруы біз үшін бей-жай қарайтын мәселе емес. Білуімізше, аталған мәселеге байланысты жауапты сала мамандары және түрлі деңгейдегі жергілікті атқарушы органдар тиісті шаралар қабылдап, мал ауруын ауыздықтауға жұмыстануда. Қазіргі таңда шаруагерлерді «Мал ауруы жұқпалы ма?», «Өлген малға өтемақы төлене ме?», «Ауру малды емдеудің жолдары бар ма?» деген сауалдар мазалайды.
Жуырда облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев ветеринар мамандармен бірге ауданымызға арнайы келіп, шаруагерлермен кездесіп, жоғарыда аталған сауалдарға жауап берді.
- Наурыз айында Исатай, Құрманғазы аудандарында жылқы малынан ауру шығып, тиісті жұмыстар жүргізілді. Зерттеу сынамалары алынып, республикалық ветеринариялық лобороторияға жіберіліп, қорытындысы алынды. Қорытынды шыққаннан кейін арнайы брифинг өткізілді және шығарылған қорытынды «WhatsApp» желісі арқылы ауыл шаруашылығы чаттарында шаруагерлерге жіберілді. Сынамаға талдау жасаған ғылыми-зерттеу институтының профессоры Аида Макеновамен «Zoom» арқылы өткізілген конференцияда нақты түсінік берілді. Енді сол бойынша ауырған малдарды емдеу шараларын қолға алуымыз керек. Аурудың мәліметі, емдеу шаралары белгілі, - дейді облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев.
Оның айтуынша, зерттеу нәтижелері үш паразиттік ауруға қорытынды берген. Атап айтқанда, гастрофилез, деляфондиоз және параскаридоз. Бұл аурулар бұрыннан бар, зерттелген ауру болып табылады. Облыс бойынша 211 бас жылқы ауырып, оның 75-і өлген. Айта кету керек, паразитарлық аурулардан емдеу шаралары мал иелерінің өз есебінен жүргізіледі.
Кездесуде шаруагер Әспенбет Әбуғалиұлы бұл бұрыннан бар ауру болса, бұған дейін аталған аурудан неге мал өлімі тіркелмегенін және өлген малға өтемақы төлеу жөнінде сұрады.
Облыстық ауыл шауашылығы басқармасы басшысының ветеринария саласы бойынша орынбасары Азамат Айтқалиевтің мәлімдеуінше, ауруға қолайлы жағдай туған кезде ғана мал ауырады. Оған әртүрлі жағдайлар әсер етеді.
- Қыстың жылы болуы, жайылымның жағдайы, малды лас, дымқыл, яғни талапқа сай келмейтін қорада ұстау да ауруға қолайлы жағдай болып есептеледі, - дейді ол.
Өтемақы жөнінде бірден кесіп айту керек, өлген малға мемлекеттен ешқандай қаржы төленбейді. Бұл жөнінде ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Атырау облыстық аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Мадияр Ахметов нақты жауап берді. Оның түсіндіруінше, мал ауруы аса қауіпті және паразиттік аурулар болып екіге бөлінеді. Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 30 қазандағы №7-1/559 бұйрығына сәйкес, аса қауіпті аурулардың тізімі бекітілген. Сол тізімдегі аурулар болған жағдайда өтемақысы өтеледі. Ал, паразиттік аурулар аса қауіпті ауруларға жатпайды, сондықтан өтемақы қарастырылмаған.
«Ауырған малдың еті жарамды ма?» деген сауалға жауап берген аудандық ветеринариялық стансасының басшысы Аманжол Рахметов:
- Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, аудандағы мал ауруы адамдар мен жануарларға ортақ аса қауіпті ауруларға жатпайды. Паразитарлық аурулар кезінде аурудың қоздырғыштары шоғырланған, малдың ішкі құрылыстарын пайдаланбаңыз, оны итке немесе басқа да жануарларға беруге болмайды, олар ауруды таратады. Заңдылыққа сәйкес, паразитарлық ауруларға шалдыққан малдың етін тұтынуға тыйым салынбағандықтан оның еті жарамды болып есептеледі. Бірақ малға дәрі-дәрмек арқылы емдік шаралар қолданылса, 28 күнге дейін малдың етін пайдалануға болмайды, - деді.
Жиыннан түсінгеніміз, жалпы ауру емделеді, қауіпті ауру болмағандықтан емдік шараларды шаруагерлер өздері жүргізулері керек. Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаевтың айтуынша, алдағы уақытта қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету жұмыстары ұйымдастырылмақ.
Нұрболат НҰҒМАН