Әлеуметтік желіде 15 жасар қыздың өліміне қатысты қайғылы оқиға қызу талқыға түсіп жатыр.
Солардың бірі Аяна Габдуллина есімді журналист желі арқылы мемлекет басшысына видеоүндеу жариялады. Ол оқушы қызды айуандықпен өлтірген қылмыскерді өлім жазасына кесуді сұрады.
«Әлгі қаскүнем 15 жасар қызды зорлап, онымен қоймай, қылмысын жасырам деп пышақтап өлтіріп, денесін өртеп жіберген және мәйітті ауылдың сыртына лақтырып тастаған. Өзі түк болмағандай, ауыл арасында такси болып қызмет көрсетіп жүріпті» дейді ол.
Осыған ұқсас оқиғалар көп болып бара жатқанын айтқан белсенді кішкентай күнінен, тіпті есейгенде де әке-шешелеріне айтпай, «ұят болады» деп қаншама қыздардың қайғысын ішіне жұтып өмір сүріп жатқанын, ал қылмыскерлердің еркіндікте жүргенін ашына айтты.
«Әуелі Құдайдан, сосын заңнан қорыққан ел қор болмайды. Сондықтан, заңды күшейту керек деп ойлаймын. Кәмелетке толмаған балаларды қорлаған хайуандар өлім жазасына кесілсін. Қоғамға түк пайдасы жоқ осындай адамдарды аясаңыздар, екі қолын шабыңыздар. Осы заңға өзгертулер енгізуді сұраймын. Оларға түрмеде тамақ беріледі. Біздің салығымыздан. Ал мен олар үшін салық төлегім келмейді. Тәртіпті болса, түрмеден ерте босатады екенсіздер. Сол мерзімнен бұрын босатқанның кесірі осындай оқиғаға себеп болды. Естір құлақ болса, айтар сөз табылар, шара қолдануыңызды сұраймыз» деді журналист.
ATPress.kz