Өнім қауіпсіздігі - саулық негізі

Құрметті тұтынушылар!

Сіз тұтынатын өнім денсаулығыңызға зиян келтірмеуі үшін дүкеннен кез келген өнімді сатып аларда, оның сыртқы қорабына, дайындалған күні мен жарамдылық мерзіміне, сақталу жағдайына және  құрамына аса назар аударып, оның қауіпсіздігіне көз жеткізгеніңіз дұрыс.

Халық тұтынатын өнімдердің қауіпсіздігі – қазіргі таңда  дүниежүзілік экономикалық саясаттың күнделікті талқысына айналып отырған мәселелердің бірі. Күнделікті өмірде өзіміз тұтынып жүрген азық-түлік, басқа да тауарлардың түріне, жалпы сипатына көпшілігіміздің мән бермейтініміз анық. Нәтижесінде, әртүрлі келеңсіз жағдайлар орын алып жатады.

Осы орайда, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы халықты қауіпсіз және сапалы тағаммен қамтамасыз ету мақсатында, өнімдердің қауіпсіздігіне ай сайын мониторингілеу жұмыстарын жүргізеді. Мониторинг кезінде тамақ өнімдерінің барлық түрлерінің қауіпсіздігі бақылауға алынады. Осы бағытта 2021 жылы тамақ өнімдерінен 68 сынама зерттелді. Нәтижесінде6 15 сынама немес 22% сынама ЕАЭО ТР талаптарына сәйкес келмейтіні анықталған, оның 60 пайызы – импорттық, 26,6 пайызы – отандық, 13,3 пайызы – өзге елден келген өнімдер. Сонымен қатар 30 пайыздан 70 пайызға дейін тағам өндірушілер таңбалау қағидаларын бұзады, нақтырақ айтқанда, өндіруші туралы ақпарат, дайындалған күні, жарамдылық мерзімі, сақтау уақыты және т.б. деректері болмайды. Микробиологиялық көрсеткіштер бойынша да қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін деректер бар. Мәселен, өнімдерде ішек таяқшасының бактериясы немесе патогенді флораның анықталуы, микроорганизмдердің рұқсат етілген санынан асып кетуі немесе жаппай өсуі және т.б. кемшіліктер кездеседі. Санитарлық-химиялық көрсеткіштер бойынша, белгілі бір химиялық заттардың анықталуы немесе рұқсат етілген концентрациядан артық болуы сияқты сәйкессіздіктер анықталады. Өкінішке қарай азық-түлік дүкендерінде жарамдылық мерзімі өткен тамақ өнімдерін сату өте жиі кездеседі.

Сауда нысандары жеткізушілерден тез бұзылатын кондитерлік, дайындау күні мен жарамдылық мерзімі көрсетілмеген, құжатсыз өнімдерді қабылдап, оларды одан әрі сатуды жалғастыруда. Мұның бәрі жұқпалы аурулар тарап, тамақтан улануға әкеліп соқтыратыны белгілі. Санитарлық ережелер талаптарына сәйкес сауда нысандарында белгіленген жарамдылық мерзімі жоқ немесе жарамдылық мерзімі өткен тамақ өнімдерін өткізуге, өнімдердің қауіпсіздігі мен сәйкестіктін растайтын бағалау құжаттарынсыз сатылуына, өнімнің таңбалануындағы ақпаратқа тексеру нәтижесі бойынша сәйкес келмейтін тамақ өнімдерін қабылдауға, сақтауға, тасымалдауға және өткізуге жол берілмейді. Осыған байланысты, Исатай аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тұтынушыларды өнімді таңдауда мұқият болуға - жапсырмадағы таңбалауды зерттеп қарауға шақырады.  Дайындаушысы, дайындалған күні, жарамдылық мерзімі және басқа да деректер туралы ақпараты жоқ, таңбалау көрсеткіштері бұзылған өнімдер жалған болып табылады және мұндай өнімдер сіздің, туған-туыстарыңыздың және сізге жақын адамдардың денсаулығы үшін қауіпті екендігін ескертеді.

Назерке ЖҰМИЕВА,

Исатай аудандық санитариялық-эпидемиологиялық

бақылау басқармасының статистигі 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT