Бүгін Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов блокпосттардың жұмысын қарап шықты, деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
30 наурыздан бастап Атырау қаласында карантин жарияланып, облыс аумағында жүріп-тұруға шектеу шаралары енгізілген болатын. Қалаға апаратын жолдардың төрт кіреберісіне арнайы блокпост қойылған еді.
2 сәуірден бастап тосқауыл бекеттерінен тек рұқсаты бар автокөліктер ғана өтуде. Аймақ басшысы блокпосттардың жұмысымен танысып, мамандармен және транзиттік жүк көліктері жүргізушілерімен тілдесті. Мамандардың айтуынша, ешқандай проблема жоқ, блокпосттар тиісті режимде жұмыс істеп тұр. Ал тұрғындарымыз үшін ең маңызды — азық-түлік, дәрі-дәрмек сынды тауарлар бөгетсіз өткізілуде.
Естеріңізге сала кетейік, қалаға кіреберістердегі төрт блокпосттың жұмысын қамтамасыз ету үшін ішкі істер органдарының 48 қызметкері, Қорғаныс министрлігінің 56 қызметкері және 12 арнайы автокөлік жұмылдырылған. Сонымен қатар, денсаулық сақтау басқармасының мамандары да жұмыс істеуде.
Өңірлік коммуникациялар қызметі
Сурет:дереккөз