Қоршаған орта қорғауға зәру

Өткен аптада «Облыс аумағындағы қатты тұрмыстық қалдықтарды және төгінді суларды реттеу» мәселелері бойынша ауданымызда көшпелі жиналыс өткен болатын.

Оған облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қ.Арыстан, Атырау облысы бойынша экология департаментінің басшысы Қ.Қапанов, аталған департаменттің мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің басшысы А.Теміров пен мамандары Ә.Тоғайбай, Г.Жұмағазиева, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының табиғат қорғау бағдарламалары бөлімінің басшысы Г.Телеубаева және Индер, Құрманғазы, Махамбет аудандарының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшылары, әкім орынбасарлары, құрылыс бөлімдерінің басшылары мен жергілікті билік өкілдері де қатысты. Аталған аудандар арасындағы басқосуда өндірістік және тұтыну қалдықтарын басқару жүйесі, осы мәселені шешудің жолдары жөнінде облыстық экология департаментінің басшысы Қ.Қапанов және табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы А.Қадыржан облыстағы, аудан орталықтары мен ірі елді мекендер бойынша кәріздік айдау стансалары және ақаба сулар жіберілетін буландыру алаңдарының жай-күйі туралы түсінік берді. Онда әлемдік мәселеге айналған осы қоқыс қалдықтары мен төгінді суларды реттеу жайының көңілді көншітпейтініне тоқталды. Жұмыс жасалып жатқанымен, оның мардымсыз екенін де жасырмады. «Ashina group» қоғамдық ұйымының өкілі Н.Қайырбаев «Қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу» тақырыбында әңгіме өрбітіп, өз жоспарларымен бөлісті. Ол сөзінде, қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу, бөлек жинақтау бағытында халық арасында үгіт-насихат жүргізу жұмыстарын жүргізу, шағын және орта бизнеспен айналысатындарды тарту және олар-ға қолдау көрсететін ұйым екенін жеткізді. Осындай бастамаға қолдау болса, еріктілердің жұмысы күше-йер еді. Өз кезегінде сөз алған аудан әкімінің орынбасары Е.Әбілхасимов аудан бойынша қатты тұрмыстық қалдықтардың шығарылуы және полигондар жөнінде ақпарат берді. Оның айтуынша, аудан бойынша 6 қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару алаңы және 1 қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару полигоны бар. Аудан орталығында орналас-қан көлемі 2,3 гектарды құрайтын полигонды «ТехСервис» ШҚ сенімгерлікке алған және қоршаған ортаға эмиссияның рұқсаты бар. Бұдан басқа 6 ауылдық округте орналас-қан қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару алаңдарының жер көлемі 0,64 гектардан бөлінгенімен, оларда қоршаған ортаға эмиссияның рұқсаты алынбаған.

Қазіргі уақытта аудан көлемінде қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруға арналған 10 дана арнайы техника сенімгерлік басқаруға берілген. Айту керек, күні бүгін ауданда қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеу және жою қызметтерін жүзеге асыратын мекемелер жоқ. Аудан бойынша қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, әкету жұмыстарына тарифтер бекітілмеген, дегенмен тиісті жұмыстар атқарылуда. Қалдық шығару тарифін бекіту мақсатында Исатай аудандық мәслихатының 2016 жылғы 4 қарашадағы №56-VI “Исатай ауданы бойынша коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормаларын бекіту туралы” шешімі қабылданып, оған сай бекітілген нормалармен тариф бекіту жұмыстары жүргізілуде екен. Жылда қалдықтарды бөлу, жинау барысына 10 миллионға жуық қаржы бөлінеді екен. Ал, еліміз бойынша бір жылда 5 млн. тонна қоқыс шығарылатын болса, соның тек 5 пайызы қайта өңделеді, ал шетелдерде олай емес. Біздің ауданымызда да алдыңғы әзірде пластикалық бөтелкелерді бөлек жинауға бөлек контейнер қойылғанымен, сол іс жал-ғасын таппады. Жергілікті жерден шағын және орта бизнеспен айналысатындардың бірі қоқысты бөліп жинауға арналған жоба ұсынып жатса, керекті техникалық құралдар сатып алса, алдымен пластикке арналған торлы контейнер қойып, оған жергілікті халық үйренген соң, басқа да қағаз қоқыс, шыны қалдықтарын бөлек жинап сұрыптауды қолға алса, оларды кәдеге асырудың жолын қарастырса деген ой туындайды осындайда. Шынымен де ойланатын мәселе, жан бар жерде қандай болмасын қалдықтың шығатыны анық қой. Қоқысты қайта өңдеу арқылы мемлекет шығындарын азайта аламыз ба? Даламызды күл қоқыс қоймасы қып жібермедік пе, осы жағдайды бір жүйеге келтіретін уақыт болған сияқты.

Анаргүл ҚҰСАЙЫНОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521