Оскар-2019» кинопремиясы кімдерге бұйырды?

2019 жылдың 24 ақпаны күні АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында, дәлірек айтсақ, «Долби» театрында жыл сайын атап өтілетін кино саласындағы ең үздік мерейтойлардың бірі «Оскар-2019» кинопремиясының марапаттау рәсімі өткен болатын. Өз тарихын сонау жиырмасыншы ғасырдың бас кезінен алатын кинопремияның биыл 91-ші мерейтойының тұсауы кесілді.

Көптеген «Голливуд» жұлдыздары бас қосатын кинопремия кино десе ішкен асын жерге қоятын қауымның назарынан тыс қалмады. Қазіргі күнге дейін өзіне деген қызығушылығын жоғалтпаған «Оскар» мерейтойы бұл жолы да қызыққа толы болды. «Қызыл кілеммен» келіп, жанкүйерлерімен тілдесіп, суретке түскен әртістер әдеттегіше театр ішіне аттанды. Әйгілі сыйлық бар салмағы 3 келідей статуэтка болғанымен, оны аңсайтын әртістер қаншама? Премияның мақсаты - өтіп кеткен 2018 жылдың «ең үздік» деген туындылары мен тұлғаларын анықтау. Қазіргі таңда «Оскар» сыйлығы 25 номинация арқылы табысталады. Ал, солардың ішінен ең қызықты дегенін атап өтпекшімін. Бұл мерейтойдағы барлық фильмдерге қазақ тілінде дубляж жасалмағандықтан, картиналарды орыс тіліндегі атауларымен атағанды жөн көрдім.

Кинопремияның «Үздік фильм» номинациясын «Зеленая книга» кинотуындысы алса, ал, «Үздік актёр» номинациясы бойынша «Богемская рапсодия» фильмі үшін Рами Малик «Оскар» сыйлығына ие болды. Ал, әйелдер қатарынан «Үздік актриса» атанған Оливия Коулман «сары статуэтка» арқылы өзінің сыйлықтар қорын тағы бір толтырса, «Үздік режиссура» марапаттауы сәтінде «Рома» картинасы үшін Альфонсо Куарон «Оскар» сыйлығын қанжығасына байлады. «Үздік екінші қатардағы актёр, актриса» санаты бойынша Махершала Али мен Реджина Кинг кино саласындағы ең үздік премияға қол жеткізді. «Үздік анимациялық фильм» ретінде «Человек-паук: Через вселенные» аталып, «Үздік шет тіліндегі фильм» (өзге тіл) номинациясында «Рома» фильмі жеңімпаздар қатарына енді. Осылайша киносүйер қауымның асыға күткен мерейтойы да мәреге жетті.

Айта кетейік, «Үздік шет тіліндегі фильм» номинациясында қазақстандық Самал Еслямова басты рөлін сомдаған «Айка» фильмі шорт-лист үміткерлері тізіміне енген болатын, алайда, іріктеу барысында «Оскар» сыйлығына номинанттар қатарында қала алмады. Десек те, алдағы уақыттарда қазақ кинолары да Голлуивудты бағындырып, осынау кереметтей кинопремияның жеңімпаздары сапында боларына сенеміз.

Нұртілек ЖОЛАМАНҰЛЫ,

Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521