Отан деп соқса жүрегің

Жастар – ел болашағы. Тәуелсіз еліміздің тұтастығы тұрақты болу үшін қорғанысымыз мықты болуға тиіс. Ол үшін ел қорғаны болатын жас ұрпақ саналы да сапалы білім алып, Отанға деген патриоттық сезімді бойына сіңіріп өсуі керек. Әрине, бірінші кезекте отбасындағы тәрбие зор рөл атқарады. Оны әрі қарай жетілдіру үшін жан-жақты білім алып, өмірдегі өз орныңды тауып, таңдаған мамандығыңмен ұштастыра білу шарт. Ел болашағына жанашыр патриот жастарға оны іс жүзінде дәлелдеуге мүмкіндіктер көп. Соның бірі – әскери мамандықты таңдау.

Қазіргі кезде мектеп және колледж бітірушілері үшін әскери мамандық алуға елімізде барлық жағдайы жасалған әскери оқу орындары көптеп саналады. Алматы қаласындағы радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институты – еліміздегі Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің зениттік ракеталық радиотехникалық әскерлері, Әуе Қорғанысы Күштері байланыс және авиацияны радиотехникамен қамтамасыз ету бөлімдері үшін білікті офицер кадрларын дайындайтын бірден-бір жоғары әскери оқу орны (оқу мерзімі – 5 жыл).

Осы қаладағы құрлық әскерлері әскери институты «Әскери іс және қауіпсіздік» бағыты бойынша әскери мамандандырылған жоғары білімді кадрлар (оқу мерзімі – 4 жыл) дайындайды. Ақтөбе қаласындағы Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Т.Бигелдинов атындағы әуе қорғанысы күштерінің әскери институты - тек еліміздегі әскери әуе күштеріне білікті мамандар даярлайтын беделді әскери жоғары оқу орны (оқу мерзімі – 4 жыл).

Щучинск қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы кадет корпусы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріне сержанттар құрамы ла-уазымдарында келісім-шарт бойынша әскери қызмет өткеру үшін командалық құрам кадрларын (оқу мерзімі - 2 жыл) әзірлейді. Әскери оқу орындарының басқа оқу орындарынан ерекшелігі – оқумен, жатақханамен тегін қамтамасыз етіледі, әлеуметтік көмек алуға, оқу орнын бітіргеннен кейін жүз пайыз жұмыс орнымен қамтамасыз етуге кепілдік берілген.

Аталмыш оқу орындарында оқып жүрген немесе оны бітіргесін елімізде әскери қызмет атқарып, ауданымыздың мақтанышына айналған жастарымыз да баршылық. Осы азаматтардың қатарын толықтыру үшін аудан жастарын оқуға шақырамыз. Жоғарыда атап көрсетілген жоғары әскери оқу орындарына құжаттар тапсыру, сонымен байланысты басқа да мағлұматтар алу үшін аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөліміне (Аққыстау ауылы, Ынтымақ көшесі, №23 үй) келуге не болмаса мына телефон нөмірлеріне 2-08-51, 2-07-53, 2-07-41 хабарласуға болады.

Ермек Джазбаев, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, майор

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT