Бүгін аудан орталығында Қазақстан Республикасының мемлекеттік Рәміздерінің 30 жылдығына орай, «Рәміздерім- Тәуелсіздігімнің белгісі» атты мерекелік шара өтті.
Оған аудандық әкімдік, бөлім басшылары, әр мекеменің қызметкерлері қатысты. Салтанатты шара басталғаннан кейін, Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалып, Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туы көтерілді.
Аудан әкімі Полымбет Хасанов жиынға қатысушыларды атаулы мерекемен құттықтап, оның тарихына қысқаша тоқталып өтті.
- Құрметті, аудан тұрғындары! Сіздерді еліміздің мақтанышы, ұлттық құндылығымыздың символы болған мемлекеттік Рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын! 1992 жылдың 4-маусымы ел тарихында ерекше мәртебелі күн болды. Осы күні Қазақстан Республикасының Президенті мемлекеттік Ту, мемлекеттік Елтаңба және мемлекеттік Әнұранның музыкалық редакциясы туралы тарихи заңдарға қол қойды. Сол жұлдызды күннен бері 4-маусым Қазақстан Республикасының Рәміздер күні болып аталып келеді. Биыл осы тарихи сәтке 30 жыл толып отыр.
Мемлекеттік Рәміздер ел дамуының ажырамас бөлігі. Кез-келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін атрибуттардың бірі. Мемлекеттік Рәміздерсіз тәуелсіз ел болмайды. Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік Туы мәңгілік көкке желбіреп, Әнұранымыз жеңісті сәттерде шырқалып, Елтаңбамыз еліміздің еңсесін көтере берсін, - деді ол.
Мерекелік шара аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.
Берікбол ҚОНАРОВ