Пітірді Kaspi Gold арқылы төлеуге болады

ХХІ-ғасыр технологияның қарқынды дамыған уақыт.

Бұрын аяқтай барып, қолдап жасайтын көптеген қызмет түрлерін, қаржы аударымдары мен әртүрлі төлемдерді электрондық жүйе алмастырып үлгерді. Бір жағынан игілігін көріп жатырмыз десе де болады.

Қазір қасиетті Рамазан айының соңғы күндері өтуде. Яғни, мұсылмандар пітір садақа беретін уақыт. «Қазіргі таңда ауысыммен жұмыс жасайтындар, басқа себептермен қарбалас тірлікте кез келген адамның мешітке келе беруге қолы тимеуі мүмкін. Ал, сондай кезде пітір садақа қалай беріледі?» деген сауалдың жауабын білмекке «Зинеден ата» мешітінің бас имамы Жеңіс Сисенбаевқа хабарластық. Оның айтуынша, пітір садақаны Kaspi Gold арқылы да төлеуге болады. Ұялы телефоныңыздан Kaspi Gold қосымшасына кіргеннен кейін «төлемдерді» таңдайсыз, оның ішінде ҚМДБ-ның әртүрлі қайырымдылық қорлары тұрады, содан «Мешітке садақа» батырмасын басып, Атырау облысындағы өзіңіз қалаған мешітті таңдап, «садақаның түріне» кіресіз де, «пітір садақаны» басып, адам басынан берілетін сумманы жазасыз. Биыл ҚМДБ-ның бекітуі бойынша, пітірдің құны адам басына 500 (бес жүз) теңге. Пітір – оразаның қате-кемшіліктерін толтыратын, Құдайға шүкіршілік ету үшін берілетін және кедейлерді қуантатын садақа. Хадистердің бірінде: «Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ораза ұстаған адамды ұнамсыз сөздер мен жағымсыз іс-әрекеттерден тазарту әрі кедейлерді тамақтандыру үшін пітір садақаны уәжіп етті. Кім оны (айт) намазынан бұрын берсе, пітір болып қабылданады, ал намаздан кейін берсе, жәй ғана садақа болып есептеледі» делінген. (Әбу Дәуіт, Ибн Мажә).

Берікбол ҚОНАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT