Полицейлерге арналған психологиялық тренинг сабағы өтті

Атырау облысы Полиция департаментінің инспектор-психолог мамандары Исатай ауданына іс-сапармен келді.

Сапар барысында мамандар аудандық полиция бөлімінде болып, жеке құраммен «Татулық – табылмас бақыт» тақырыбында психологиялық тренинг сабағын өткізді. Мамандардың айтуынша, тренингтің негізгі мақсаты адам бойындағы шаршау мен күйзеліс белгілерінің, эмоционалдық жанудың алдын алу және топтық жаттығулар арқылы ұжымдағы қарым-қатынасты нығайту, қолайлы психологиялық ахуал қалыптастыру болып табылады. Тренинг сабағы кезінде мамандар тарапынан белсенді жұмыстар жүргізіліп, қызықты ойындар ұйымдастырылды. Әсіресе жағымсыз энергиядан арылуға, сергек және ұжымдық қолдауды сезінуге арналған психологиялық жаттығулар полицейлерге ерекше әсер қалдырды. Сабаққа қатысып, оң әсер алғандардың қатарында аудандық полиция бөлімі кадр-саясат тобының инспекторы, полиция капитаны Әйгерім Жолымбетова да бар.

- Сабақ қызықты өтті, сондай керемет жақсы әсер алдым, өткізілген тренинг адам бойындағы шаршау мен күйзелістен арылуға зор мүмкіндік бергендей, - дейді нәзікжанды полицей.

Айта кетейік, полицейлер арасында мұндай тренинг сабағы жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келеді.

Әділбек СЫРЫМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT