Праймериз екінің бірі баратын жер ме?

Праймериз туралы ел аузындағы әңгіме көп. Олардың бірі «Екінің бірі ұсынылып жатқан бұл не сайлау?» десе, енді бірі жай әшейін партияға пиар жасау деп түсініп жүр.

Аталған саяси науқан туралы партия мүшелерінің де айтар пікірі бар. Бұл туралы Исатай аудандық «Жалын» мәдениет үйінде өткен праймеризді ұйымдастыру және өткізу бойынша дайындық жұмыстарын талқылау мақсатында өткен жиында ой толғағандар бар.

Солардың бірі Тұщықұдық ауылдық округінің әкімі Мәди Өтеғалиев кейбір кандидаттардың сапасына көңілі толмайтындығын жеткізді. – Бұнда әйел адамдар мен жастардың үлес пайызы белгіленген екен. Бұл тұрғыда біздің ауданда да үміткерлер іріктелді. Дегенмен, сол кандидаттардың осыған дейінгі жасаған жұмыстары мен танымалдылығы жағынан жетіспей жатқан тұстары бар деп ойлаймын. Халық ел алдында беделді, дұрыс сөз сөйлейтін, осы уақытқа дейін өзінің еңбегімен көрінген азаматтарды күтеді. Кандидаттар оған ренжи қоймас, үміткерлер қатарына жұмысын енді бастаған, әлі таныла қоймаған жастар қосылуда. Оларға да сәттілік тілейміз, дегенмен, алдағы уақытта ескеретін нәрселер көп секілді, - дейді ол.

Аққыстау ауылының әкімі Ғаділ Боранбаев та осы пікірде. – Сайлауға түсетін үміткерлер елді, жерді білетін, былайша айтқанда, топырағы бар адам болуы керек қой деп ойлаймын. Күні кеше жоғары оқу орнын бітіріп келіп немесе кәсіпкер болып жүріп депутат болып ауылдың экономикасына, бюджетіне араласып кету оңай шаруа емес, - дейді ауыл басшысы.

– Бізге алғаш енгізіліп жатқан праймериздің пайдалы жағы бар деп есептеймін. Дегенмен осы жоба сәл асығыстау өткізіліп жатқан сықылды. Өйткені, елдегі пандемия осы науқанға да кері әсерін тигізіп отырған сияқты. Тіпті кандидаттардың кездесуі де шектеулі адаммен өтті. Ауылдың үлкендері, басқа да адамдар толық интернетпен немесе құрылғылармен қамтылмағаны белгілі. Осы кездесулерді, сондай-ақ үміткерлердің сайлауалды бағдарламаларын тек қана партия мүшелері қарау міндетті болмас, жалпы халық та біліп отыруы керек қой. Осы кішкене қолбайлау болды-ау деген жеке ойым бар, - дейді Ғаділ Боранбаев.

Жас үміткерлер де өз ойларын ортаға салды. «Алтын тұғыр» қоғамдық қорының төрайымы Арай Қалиева бұл өзіне берілген мүмкіндік екендігін айта келе, жөн сілтейтін үлкендер болса, ізінен ілесуге дайын екендігін білдірді. Ал, жанбайлық мұғалім Данияр Сайпеденов ағаларының кей сөзімен келіспейтіндігін айтады. – Елбасымыз алдыңғы жылды Жастар жылы атаса, биыл Еріктілер жылы болып жарияланды. Ендеше, неге үлкендерді ғана емес, жастарды да көтермеске? Жастарымыздың да қоғамға үн қосып, қозғалатын уақыты келді деп есептеймін, - дейді Данияр.

Жастар дәл қазір танымал болмағанымен, олардың қай кезде де мүмкіндігі бар. Оның үстіне әлеуметтік желінің заманы, кез келген жас өзінің креативті ойымен әп-сәтте танымал болып шыға алады, - деді оның сөзін қостаған «Nur Otan» партиясы жақтастар лигасының бақылаушысы Бауыржан Серікбаев.

- Қолдан келгенше үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздім. Енді не де болса да бағымнан көремін. Өтпей қалсам, ешкімге өкпем жоқ, - дейді Данияр Сайпеденов.

Естеріңізге сала кетейік, 1-қазанан бастап үміткерлерге дауыс беру басталып кетті.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521