«Қаржыландыру көздері нақтылана отырып, алдағы 3 жылда 1300 мектепті күрделі жөндеу жоспары 1 желтоқсанға дейін әзірленеді. Мемлекеттік қолдаудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін балаларды тәрбиелеу, оқыту және тамақтандыруға бөлінетін қаражат көлемі мобильді қосымшада немесе ата-аналардың «Әлеуметтік әмиянында» қызметті нақты алу фактісіне қарай көрсетіліп отыратын болады», — деді вице-премьер.
Премьер-Министрдің орынбасары сондай-ақ мектепке дейінгі білім беруге қатысты жоспарланып отырған шаралар туралы айтты. Оның айтуынша, балабақшалардың білім беру бағдарламаларын мектептердің бастауыш сыныптарымен синхрондау, Бірыңғай цифрлық кезек жобасын іске асыру жұмыстары жалғасады. Бұл жұмыс заңнамаға өзгерістер енгізуді талап етеді.
Дене шынықтыру және спорт саласында да жаңалықтар күтілуде. Атап айтқанда, спортты дамытудың үш сатылы жүйесі құрылатын болады. Сондай-ақ жоғары жетістіктер спорт түрлерінің тізбесі қайта қаралады. Осы салаға бөлінетін қаражатты тиімді және ұтымды пайдалану үшін жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативі енгізіледі, спорт түрлері бойынша кадрлар даярлау жүйесі қайта қаралады. Бұл өзгерістер Мәжіліс қабырғасында қаралатын заң жобасы шеңберінде енгізілетін болады.
Денсаулық сақтау саласында да реформалар көзделген. Кепілдендірілген базалық және сақтандыру пакеттерінен тұратын медициналық көмектің Бірыңғай пакетін қалыптастыру ұсынылады. Ашықтықты қамтамасыз ету үшін цифрландыру енгізілуде. Жыл соңына дейін медициналық сақтандыру қорын цифрландыру бойынша жұмыстарды аяқтау және келесі жылдың соңына қарай Бірыңғай ұлттық ақпараттық жүйені енгізу жоспарлануда.
Үкімет Отбасының цифрлық картасының деректеріне сәйкес дағдарыстық және шұғыл санаттарға жатқызылған отбасылар санын азайту жөніндегі жұмысты жалғастырады.
«Өздеріңіз білетіндей, бұл шара әр отбасымен жекелей жұмыс істеп, олардың мүмкіндігіне қарай мейілінше оңтайлы мемлекеттік қолдау түрлерін ұсынуға бағытталған. Келесі маңызды шара – «Әлеуметтік әмиянды» енгізу. Онда әр отбасыға әлеуметтік мәртебесіне қарай ұсынылатын барлық мемлекеттік қолдау түрлері болады. Сондай-ақ қолдаудың нақты берілу фактісі негізінде мемлекет тарапынан көрсетілген көмек сомасы да көрсетіледі», — деп түйіндеді Тамара Дүйсенова.